Қаржы • 15 Қыркүйек, 2017

Бюджеттің үкіметтік жобасы таныстырылды

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Мәжілісте елі­міз­дің басты қаржылық құжаты­ның жобасы таныстырылды. 2018-2020 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет, осы жыл­дарға Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт және бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобалары бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. 

 

Бюджеттің үкіметтік жобасы таныстырылды

Қаржы министрі бюджет түсімдері құрылымының сапалы өзгеруі; мұнай түсімдерінің 1902,3 млрд теңгеге азаюы; мұнайлық емес түсімдердің 852 млрд теңгеге өсуі көзделгенін жет­кізді. Ұлттық қордың қара­жатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұжы­рым­дамасына сәйкес кепілден­дірілген трансферт мөлшері 2018 жылғы 2,6 трлн теңгеден 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейтін болады.

Республикалық бюджет шы­ғыстары 2018 жылға 9 217,9 млрд теңге, 2019 жылға 9798,2 млрд теңге, 2020 жылға 10219,7 млрд теңге көлемінде жоспарла­нып отыр. Бюджет жобасы әлеуметтік бағытты сақтайды. Әлеуметтік блоктың шығыстары 2018 жылы 4101,3 млрд теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 44,5 %-ын құрайды. 

Үш жылдық кезеңде эко­но­микалық өсудің жаңа моделін құру бойынша міндеттерді іске асыру – экономиканы тех­но­логиялық жаңғырту және цифр­ландыру, кәсіпкерлікті жаппай қолдау, сондай-ақ дәстүрлі база­лық салаларды – аграрлық сек­торды, көлік және логистика ин­фрақұрылымын дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Бюджет тапшылығы 2019 жылы ішкі жалпы өнімнің 1 %-на дейін біртіндеп төмендейтін болады.

Қаржы министрінің айтуынша ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2022 жылы 4,2%-ға, 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжануда. 2018 жылы номиналды жал­пы ішкі өнім 55 906,2 млрд  теңгеден 2022 жылы 75 875,4 млрд теңгеге дейін өседі. Жан ба­сына шаққандағы ішкі жалпы өнім 2018 жылы 9,0 мың АҚШ дол­ларын құрап, 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды. 

Мұнай өндіру көлемі 2018 жылғы 86 млн тоннадан 2022 жылы 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Экспорт 2018 жылғы 47,5 млрд доллардан 2022 жылы 60,6 млрд-қа дейін, ал импорт 2018 жыл­ғы 34,0 млрд АҚШ дол­лары­нан 2022 жылы 45,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі. 
 Ұлттық банк инфляцияның жылдық мақсатты дәлізін 2018 жылғы 5,0-7,0%-дан 2019 жылы 4,0-6,0%, ал 2020-2022 жылдары 3,0-4,0%-ға дейін төмендеу болжанған. 

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұ­жырымдамасына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген транс­ферт 2018 жылы – 2 трлн 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 трлн 300 млрд теңге, 2020 жы­лы – 2 трлн теңге көлемінде ай­қын­далғанын айтты.

«Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған ке­піл­дендірілген трансферт туралы» заң жобасы енгізілді. Ол орталық және жергілікті дең­гейлерде 1,5 мыңнан астам құ­жат­ты қыс­қартуды, орталық және жер­гілікті деңгейлерде бюд­жеттік бағдарламаларды іске асыруда дербестікті кеңейтуді көздейді. 

Мәжілістегі таныстырылым Қаржы және бюджет комитетінің отырысы шеңберінде өтті. Бюджеттік заң жобаларының одан арғы талқылаулары осы комитеттің мүшелері Сергей Симонов пен Омархан Өксікбаев бастайтын жұмыс топтарында өтетін болады. 

«Егемен-ақпарат»