Қоғам • 18 Қыркүйек, 2017

Тоқсан бес жылдан кейін қалпына келген әділеттілік

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейкі батырдың бас сүйегі туған жер топырағына табыс етілді

 

Тоқсан бес жылдан кейін қалпына келген әділеттілік

1916 жылғы отаршылыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілісі бас­шы­ларының бірі, заманында ноқтаға басы сыймаған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының жер үшін, елдің бостандығы үшін күресте басы кесілген еді. Империялық қызыл саясат әділетсіздікпен оны баскесер етіп көрсетті, кейінгіге атын ататпады. Бірақ өктемдік жеңісінің баянды болмайтынын уақыт көрсетті. Тоқсан бес жылдан кейін Кейкінің Тәуелсіз елінде әділеттілік пен ақиқат қалпына келтірілді. Өзге жұртта жатқан батырдың бас сүйегі елге қайтарылды. Сөйтіп, туған елі Кейкісін құшағына қысты, туған жердің топырағы батырдың алтын басын бауырына алды.

Арқалық-Торғай тас жолының бойында тұрғызылған кесенеге халқы Кейкі атап кеткен Нұр­ма­ғамбет Көкембайұлының бас сүйегін жерлеуді рәсімдеу шарасына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әб­ді­қалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлы, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ан­драш Барани, Республикалық есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов, белгілі жазушы Сәбит Досанов, батырдың ұрпағы, мемлекет қайраткері Серік Ақылбай, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай келді. Сонымен қатар, шараға Парламент депутаттары, облыс басшылары, Кейкінің аруағын сыйлаған жұртшылық және батырдың ұрпақтары қатысты. 

Кейкі батырдың бас сүйегін ке­сенеге жерлеп, Құран бағыш­тал­ғаннан соң оған қарулы құрмет көрсетілді. Батыр сүйегін туған жер қойнына тапсыруды рәсімдеуге арналған митингіде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқа­­сын­да былтыр баһадүр бабаның бас сүйегін қайтару туралы келісімге қол жеткені белгілі. Бұл Мемлекет бас­шы­сының халықаралық биік беделін тағы бір айшықтады. ХХ ғасырда бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырған, сайыпқыран мерген Кейкі батыр тұлғасының ерекшелігі – ол өз заманында егескен екі жүйеге емес, ел-жұртына қызмет еткендігі, есесі кеткеннің жоғын жоқтап, зорлық көрген жандарды жақтап өткен әділеттіліктің жаршысы бола білуінде еді. Тәуелсіз мемлекет тарихында осындай ерлердің ерен істерінің ізі жатыр,–деді Гүлшара Наушақызы. 

Архитектор Бек Ыбыраев жоба­лаған кесенені арқалықтық «Алю­минстрой» компаниясы үш айда салып бітірді, оған мемлекеттен 70 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалды. Кесененің биіктігі 15 метр, отқа төзімді кірпіштен қаланған. Кірпіш қалауға айранның сары суына шыланған цемент пайдаланылды. Күмбездің үшкір төбесіне бірнеше жерден кішкентай терезе көздері қалдырылған. Ұшар басына мұсылмандық Ай белгісі қадалған. 
Арқалық қаласында өткен «Кей­кі батыр (Нұрмағамбет) Көкем­байұлы өмірі мен өлімінің тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік кон­ференция жұмысына қатысып сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан істерді де атап өтті. Мемлекеттік хатшы осы конференция Кейкінің өмірі мен ерлік істерін тереңірек қазып, ғылыми-зерттеуге мүмкіндік тудыратынына сенім білдіретінін айта келіп, алдағы уақытта кейбір өзекті мәселелердің атқарылуына көпшілік назарын аудара кетті.

– Алдымен Қазақстанның ұлттық тарихындағы ақтаңдақ тұстардың орнын толтыруды көздейтін «Жол картасын» әзірлеген жөн болар еді. Маңызды тарихи ұлттық мұраны зерттеу мәселесін жүйелі түрде тарихи өлкетанумен байланыстыруды сұраймын. Тарихи арналымға енгізілген келіссөздер нәтижелері орта, кәсіби, жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізілсе, оның үзіліп қалмай, үздіксіз жүзеге асуына ықпалы болар еді. Халық батырларының ерлігі мен қайраткерлігін ұлттың рәміздік капиталы ретінде зерттеп, жастарға таныстырып, көрсетіп отыру керек, – деді Гүлшара Наушақызы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кейкі батырдың бас сүйегін елге алып келуге атсалысқан, бүгінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің жеделхатын көпшілікке оқып берді.

Конференцияда Мәжіліс депутаты, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов баяндама жасады. Онда батырдың бас сүйегін туған жер топырағына та­быстаған оқиға еш жерде кездес­пеген, біздің елдегі өзгелер өнеге алар­дай тамаша тарихи іс екенін айт­ты. Венгрияның Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ан­драш Барани, Алматыдағы Орта­лық мемлекеттік музей директо­ры Нұрсан Әлімбай, Кейкінің аға­сы Қосжанның ұрпағы Сейтқали Қос­жанов, ақын Серік Тұрғынбеков сөз алды. Конференцияда облыс әкі­­мі Архимед Мұхамбетов Кей­кі ба­тыр­дың кесенесін салу мен бас сүйек­ті жерлеу рәсімін дайын­дау­ға ар­налған жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақала­сында ай­тылған ұлттық сананы жаң­­ғыр­тудың нақты мысалы болға­нына тоқ­талып, осы іске атсалыс­қан аза­маттарға алғысын білдірді. Олар­­ға Мемлекеттік хатшы Гүл­ша­­ра Әбдіқалықованың қолынан «Кей­­кі батыр» төсбелгісін табыс етті. 

 Кейкінің бас сүйегін жерлеу рәсіміне арналған шараға жиналған қарақұрым жұртта есеп болған жоқ. Батыр кесенесінің жанына 35 ақшаңқан киіз үй тігіліп, Кейкі аруағына арнап ас берілді. Облыс өнерпаздары әннен шашу шашты. Қазақша күрестен жарыста арқалықтық Ғабит Балғымбаев түйе балуан атанып, темір тұлпар мінді. Батыр бабамыз атының тұяғы дүбірлеткен далада жиналған жұрт аламан, топ бәйгелерді тамашалады. Аламан бәйгеде торғайлық Марат Әбеуовтің Бұйражал, топ бәйгеде алматылық Жеңіс Смайыловтың Триумар атты тұлпарлары мәрені алдымен қиып, иелері машина мініп қайтты. Арқалық қаласындағы театр­да «Кейкі батыр» спектаклі қо­йылды. Арқалықта өткен респуб­ликалық айтыста бас жүлдені иеленген Маржан Есжанова темір тұлпар мінді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы