Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Кекілбайұлы кеңістігіне бастайтын қадам

653 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Кекілбайұлы кеңістігіне бастайтын қадам

Жиынға Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­ха­медиұлы, мемлекет және қоғам қай­раткері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Жұ­ма­бай­қызы, зиялы қауым өкілдері, ақын-жа­зушылар қатысты.

Айтулы шарада алғашқы болып сөз алған Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Әбіш Кекілбайұлының есімі қандай құрметке де лайық екенін айтты. «Көсемсөз ше­берінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу – келешек буын ғалымдарының алдындағы ма­ңызды міндет болуы тиіс. Себебі Әбіш Кекілбайұлының ойлары, философиясы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең. Әбіш Кекілбайұлының әдеби әле­мі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұл­ға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі ең­бек сіңірген көрнекті мемлекет қай­рат­кері. Бұл – ұлы жазушылардың арасын­да өте сирек кездесетін құбылыс», – деді. 

Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында Елбасының сенімді серігі болған Әбіш Кекілбайұлының туындыларының идеялары «Рухани жаңғыру» фило­со­фиясының негіздерімен үндесіп жат­қанына ерекше назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиясы – түптің түбінде қазақ зиялы қауымының, жалпы халқымыздың асыл арманының көрінісі. Бүгінде бүтін халқымыз ұлттық идеяны жаңғырту жолына бет бұрды. Осылайша, Әбіш ағамыздың арманы іске асуда. Маржан сөздің шебері, гуманист-ғалым, ұлтжанды саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс. Осы бағытта кекілбаевтану әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы қажет. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауға алуымыз керек» деп сөзін түйіндеді. 

Тәуелсіздікті нығайту ісіне Әбіш Ке­кіл­байұлымен қатар жү­ріп үлес қосқан Мәжіліс депутаты Қуа­ныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жазу­шы туралы естеліктерін айтып, Әбіш әлемінің ерекше жарқыраған қыр­ларына тоқталды. «Шын мәнінде кекіл­баев­тану ғылымы қалыптасуы керек. Әбіш Кекілбайұлы есімі болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Әбіш туралы әлі талай фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылады. «Менің басымнан бақ тайса да, елімнің басынан бақ таймасын» деген кемеңгердің өмірі әр қазаққа үлгі», деді Мырзатай Жолдасбеков. 

Іс-шара аясында Ә.Кекілбайұлы тұр­ған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта ор­натылып, жазушы атындағы жаңа оқу залы таныстырылды.

Ә.Кекілбайұлы кітапханасы ең бай кітапханалардың бірі болып саналады. Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залының қоры жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген жеке кітап­ханасының каталогы бойынша мына­дай әдебиеттерді ұсынады: бұл – адам­зат тарихына арналған мәдениет және өнер тарихы туралы басылымдар, әлем­нің ұлы тұлғалары туралы кітаптар, Қа­зақ­станның ақындары мен жазушыларының кітаптары, альбомдар мен атластар, Қа­зақстанның географиясы мен тарихы және Маңғыстау альманахтары мен көптеген қызықты басылымдар.

Коллекцияда барлығы 6019 жәдігер ұсынылған. Оның ішінде 5 883-і кітап, CD және DVD дискілеріндегі бейнефильм­дер мен аудио кітаптар 134 дана және 

2 библиографиялық брошюра бар.

Қазіргі таңда оқырмандардың сұра­нысы бойынша жазушының «Аңыздың ақыры» шығармасы француз және қытай тілдеріне аударылып жатыр.

Әбіш Кекілбайұлының алапасы зор есімі қазақ халқының тарихында айтулы орынға ие. Оның қажыр-қайраты, парасат пайымы, қалдырған шығармашылық мұрасы әлі талай ұрпақтың рухани азығы болады. 

Келер жылы туғанына сексен жыл толатын жазушының мерейтойы осы ша­рамен-ақ басталып кеткендей. Бір жағы Жастар жылымен де тұспа-тұс келе­тіні ғанибет болып тұр. Кекілбайұлы мұрасынан алар тағылым мол.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»