16 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫ ҮЛКЕН ҮМІТТЕР ТУДЫРУДА

678 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жас мемлекет – Қазақстанның ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етуі және оның осы қызметтегі алғашқы қадамдары қазір барлық әлемдік ақпарат құралдарының назарында. Біз төменде олардың бірқатарын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. “Нью-Йорк Таймс” газетінің бетінде белгілі дипломат, саланың бі­лікті маманы, АҚШ-тың Қазақ­стандағы алғашқы елшісі Уильям Кортни қазақстандық төрағалық жөнінде өзінің пікірін айтып, ой бөлісіпті. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан – тәуелсіздік алған сә­тінен бастап өзінің даму бағытында көптеген сәтті қадамдар жасаған мем­лекет. “Ал енді Қазақстан бас­қар­ған жылы ЕҚЫҰ-ның жемісті қызмет атқаруы – беделді мем­ле­кеттердің оның бастамаларын қол­дауына тікелей байланысты”, дейді дипломат. Одан әрі Тәуелсіз Қазақ­стан­ның тарихына қысқаша шолу жа­саған ол еліміздің сәтті қадамда­рының сапына ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын және оның инфрақұрылымдарын жоюда АҚШ-пен ынтымақтаса іс-қимыл та­нытқанын баса айтыпты. Соны­мен қатар, жоғары деңгейде дамы­ған Еуропа елдерінен және АҚШ-тан инвестиция тартудағы қадам­да­рын сәтті істердің қатарына жат­қы­зады. “Қазақстанның біз қызығушы­лық тудыратын жарқын істерінің қатарына мен ондағы этностар мен діндердің өзара татулық пен бей­біт­шілікте өмір сүріп, төзімділікке қол жеткізіп отырғанын да үлкен табыс ретінде қосар едім”, дейді У.Корт­ни. Қазақстанның бағалы ресурс­тарының қатарына сондай-ақ оның Ресей және Қытай секілді алып елдермен жақсы қарым-қатынаста екендігін және өзінің жақын көр­шілері – Орталық Азия елдерімен де тығыз ынтымақтық орната оты­рып, олардың арасында көш­бас­шылыққа қол жеткізіп отырғанын қосып, осының өзі ЕҚЫҰ-ның Қа­зақстан арқылы Азия кеңістігіндегі беделін арттыра береріне ықпал етері сөзсіз екендігін атап өтіпті. Айтулы саясаткер әлемдік қау­іпсіздік пен экономикалық ынт­ы­мақтастық саласына да Қазақстан өзіндік үлес қоса алатынын тілге тиек етеді. Өйткені, дейді ол, бұл салаларда Қазақстан – жас та болса айтарлықтай табысқа жетіп отырған мемлекет. “Батыс Ауған­стан, Орталық Азия және Кавказ елдерінде бейбіт өмір болғанын қалайды. Өкінішке қарай, осы аймақтардағы қауіпсіздік бұлты сейілмей тұр. Сондықтан да Батыс ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық еткенін пайдаланып, осы қиын түйіндерді шешуге тырысуы керек. Ал Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізіп, осы мәселелерді талқылау қажеттігін алға ұсынып отырғаны – қолдауға лайықты бастама. Ұлыбританиялық “Туркиш Уикли” журналы да Лондон қаласындағы Әлемдік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық кеңестің британиялық сарапшысы Алек­сандр Джексонның ЕҚЫҰ-ға Қа­зақстанның төрағалығы жөніндегі пікірін жариялапты. Оның ай­туынша, Орталық Азиядағы б­ұ­рынғы КСРО республикаларының бірі болған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қол жеткізуі – үлкен мәртебе. Мұндай мәртебеге Қазақстан өзінің дербес мемлекет ретіндегі сындарлы сыртқы сая­са­тымен, салиқалы қадамдарымен қол жеткізіп отыр. Әлем жұрт­шылығы ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси және экономика-экологиялық се­беттерінің мәселелерін шешуде Қазақстанның әлеуетін молынан пайдаланғандары жөн. Осы қатарда ол Президент Н.Назарбаевтың бастамаларының орынды екенін көлденең тартады. Сонымен бірге, Астананың Ресей мемлекетінің Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім-шарт жасау туралы ұсынысын кеңінен талқылауға мүдделі екендігін атап өтеді. Ауғанстан мәселесіне тоқтал­ғанда ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен өзге мемлекеттерге қарағанда бұл проблемаға біршама жақын екендігін айтады. Егер Ауғанстандағы проблемалар ол елдің аумағынан асып, Тәжікстан мен Қырғызстанға тарайтын болса, Қазақстанға да тура қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да, алыстағы еуропалық елдерге қарағанда, Қазақстан мұндағы проблемаларды шешуге аса мүдделі төраға деп ай­туға болады, дейді ол. Қазақ­станның Ауғанстан шекарасының бойындағы елдермен жақсы қарым-қатынаста болуы оның осы аймақта ислам экстремизміне қарсы шеп құруына және осы істе басқалармен тығыз ынтымақтастық орнатуына мол мүмкіншілік бере алады деген пікірді де көлденең тартады сарап­шы. Қазақстанның Батыс Еуропа үшін энергия ресурстарының тұрақты көзі болуға ұмтылысы, сол үшін Түркия-Грузия-Әзірбайжан дәлізіне енуге тырысуы да құптарлық қадам, дейді ол. Кавказ елдері мәселелері ту­ралы айтқанда ол жаңа төрағаның осындағы ұзаққа созылған ки­кіл­жіңдерді реттеуге жасаған қадам­дарына оң баға бере келіп, пост­кеңестік ел ретінде Қазақстан мұндағы проблемаларды шешуге басқалардан гөрі әлдеқайда жақын екенін алға тартады. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ.