Фото: ашық дереккөз
Беделді халықаралық додада жастар мен жасөспірімдер арасында 900-ге жуық спортшы бақ сынайды. Бұл сында Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ, Қазақстанның 15 өңірінен келген үздік каратэшілер өзара айқасады. «Shymkent Open» жас спортшылар үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды спорттық жарыс деуге болады. Сондай-ақ халықаралық турнир өңірде каратэ спортын дамытуға, жас спортшыларды қолдауға бағытталып отыр.
Қарағандылық каратэшілер әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, шаһарда каратэ спорты өркендеп келе жатқанын ерекше атап өтті. Токио Олимпиадасында қала спортшылары екі қола жүлдеге ие болғанын, өткен жылы Софья Берульцева әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралғанын тілге тиек етті. Осылай деген қала әкімінің орынбасары бұл жеңістер әлі де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов жастардың қадамына сәттілік тілеп, деңгейі жоғары сайыс дәстүрлі түрде өтуі тиіс екенін айтты.
Қаладағы жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтіп жатқан маңызы жоғары сайыс ертең мәресіне жетеді.