Сайлау • 04 Маусым, 2019

Бұқаралық іс-шаралар сайлаушыларды біріктіреді

1352 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аясында жер-жерде түрлі форумдар, мәдени-спорттық іс-шаралар мен флешмобтар ұйымдастырылып жатыр. Олар кандидаттар мен сенім білдірілген адамдардың халықпен кездесуін қызықты етіп өткізуге, жұртты көп жинауға септігін тигізуде.

Бұқаралық іс-шаралар сайлаушыларды біріктіреді

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаеваны қолдау мақсатында Алматы қаласында веложарыс өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға «Вело-халық Алматы» велоқауымдастығы және №73 жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебі мұрындық болды. Жастар жылы аясында өткен жарыстың ашылуында «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының басшысы Н.Жазылбеков президенттіктен үміткер Д.Еспаеваның сайлауалды тұғырнамасын жан-жақты таныстырды. Дода Әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент паркінен басталып, Торайғыров-Каблуков-Тимирязев-Байтұрсынов-Шевченко-Қо­наев-Гоголь көшелері арқылы өтіп, Мәдениет паркінде мәреге жетті. Діттеген жеріне жеткен велошабандоздарды қала тұрғындары, партия белсенділері «Атамекен» әнін шырқап қарсы алды. Шара соңында филиал жетекшісі веложарыстың барлық қатысушыларын құттықтап, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар үгіт-насихат жұмыстарының аясында саламатты өмір салтын насихаттауға арналған тағы бір жарыс өтті. Орал қаласында Д.Еспаеваның аймақтық қоғамдық штабы байдарка мен каноэ есуден біріншілік ұйымдастырды. Іс-шараға кандидаттың сенім білдірілген адамдары, партияның Батыс Қазақстан облысындағы белсенді жастары қатысты. Турнирде Түркістан, Алматы, Шымкент, Теміртау, Атырау, Орал қалаларынан, яғни Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120-дан аса спортшы бақ сынады. Жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылардың барлығы диплом мен медальдар иеленді. Марапаттау рәсімінде «Ақ жол» партиясы облыстық кеңесінің мүшесі, Батыс Қазақстан облысындағы байдарка мен каноэ федерациясының президенті Ю.Казанин мен Орал қалалық мәслихатының депутаты В.Власов жеңімпаздарды құттықтап, еліміздегі саяси науқанның маңыздылығына тоқталды.


* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің Түркістан облыстық қоғамдық штабы поэзия кешін өткізді. Үгіт-насихат жұмыс­тарының аясында өткен байқауға аудан белсен­ділері, ақындар, термеші-әншілер – барлығы 148 адам қатысты. Іс-шара қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, әлеуметтік-экономикалық үдеріс­тер­ді суреттеуге ынталандыру мақсатында ұйым­дастырылды.

Кеш барысында сайлауға қатысудың, дұрыс таңдау жасаудың маңызы сөз болып, кандидат туралы жиналған қауымға кеңінен мағлұмат берілді, сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Ал конкурстың қазылар алқасының құрамын облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Е.Дуанаев, №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Д.Айтілеуова мен ақын С.Жоланов толықтырды. Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Кентау қаласының тұрғыны Ж.Бекшораева иеленсе, 2-орын Отырар ауданынан келген Ж.Шарханға бұйырды. Ал 3-орынға бәйдібектік А.Қылышбек лайық деп танылды. Бұған қоса, Түркістан қаласынан «Ауылым әдемі» атты өлеңімен Д.Кейкі «Үздік дип­лом» иегері атанды. Соңында ұйымдастырушылар ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныс, ауылдың ахуалын көтеруге атсалысып жүрген азамат, өзінің сайлауалды бағдарламасында да ауыл мәселесін ұмыт қалдырмаған Т.Рақымбековтің кандидатурасын қолдауға шақырды.

Сонымен қатар Алматы облысында сайлауалды науқан шеңберінде концерт өтіп, оған жақын аудандардың тұрғындары шақырылды. Концерттік бағдарламада туған жер, ауыл туралы әндер көптеп шырқалды. Ақындар қауымы да қалыс қалмай, жырдан шашу шашты. «Ауыл» партиясының ардагері Б.Жетпісбаев, аймақтық қоғамдық штаб өкілдері Қ.Бекиев пен Қ.Исаева жиналғандарды 9 мау­сым күні өтетін сайлауға белсенді қатысуға үндеді.


* * *

Кәсіподақтар федерациясы атынан сайлауға түсіп жатқан кандидат Амангелді Таспиховтың Қызылорда облысындағы қоғамдық штабы қарқын­ды жұмыс жүргізіп жатыр. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары Арал аудандық аурухана ұжымына барып, сайлауалды тұғырнаманы егжей-тегжейлі таныстырды. Бағдарламадағы медицина саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, сапалы тегін білім алу, қажетті мамандар даярлау мәселелері еңбек ұжымының ерекше қолдауына ие болды. Аурухана ұжымы әрбір маманның әлеуметтік мүдделерінің қорғалуы, салада маман тапшылығының жойылуы еңбек өнімділігін арттырып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге оң әсерін тигізеді дейді.

А.Таспиховтың сенім білдірілген адамы Қ.Беке­нов Қазалы ауданындағы №70 мектепте Әйтеке би кентінің тұрғындарына кандидаттың негізгі ұстанымдарын түсіндірді. Жиын барысында сайлаушылардың сұрақтарына да жауап беріп, қоғамның өзекті мәселелері туралы пікірлерін ортаға салды. Әсіресе жұмыссыздық, жастардың тегін білім алуы, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелері көп талқыланды.

Сонымен қатар Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Р.Байназарова Жосалы кентінің жұрты­мен кездесті. Кент орталығында орналасқан Таңсықбай базарында және «Салтанат» наубайханасында өткен жиындар барысында сайлаушыларға кандидат тұғырнамасының басым бағыттары түсіндірді. Осындай жұмыс орындарында нәпақа­сын тауып жүрген ағайын өз құқығының қалай қорғалуы керектігі туралы біраз жайға қанықты.

Бұған қоса, қызылордалық белсенді топ қаланың халық көп шоғырланған тұстарында үгіт жұмыстарын қызу жүргізуде. Олар демалыс күндері кешке серуенге шыққан тұрғындарға үгіт-насихат парақшаларын үлестіріп, алдағы сайлау туралы мәлімет беріп жатыр.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков Семей қаласында партия белсенділерімен және қала тұрғындарымен кездесті. Мәдениет үйінде өткен басқосуда кандидат еңбекші халық мүддесін қорғау бойынша табанды жұмыс атқарып келе жатқанын айтты. Ол сайлауалды бағдарламасының негізгі аспектілеріне тоқталып, әсіресе кедейлікпен күрес туралы бағытқа баса назар аударды.

Жиналғандар президенттіктен үміткердің үндеуіне қолдау білдіріп, мемлекеттік саясат еңбек ада­мына деген әділетті қарым-қатынасқа басымдық беру керектігін атап өтті. Көпшілік көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Олардың қатарында жалақы көлемін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметпен қамту және баспана мәселесі болды.

Сонымен қатар Қарағанды қаласындағы облыс­тық сайлауалды қоғамдық штабы «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін» деген ұранмен флешмоб өткізді. Іс-шара барысында аспанға Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ұрандары жазылған шар ұшырылып, үгіт парақтары таратылды.

Қарағанды облыстық сайлауалды штаб жетек­шісі А.Зевахин коммунистік идеология сынға көп ұшырайтынын, алайда қазіргі коммунистер бұрынғы ізашарларының қателігін қайталамай, заман талабына сай әрекет етіп жатқанын баяндады. Ол партия халықтың сенімі мен құрметіне ие болып отырғанын атап өтіп, саяси құрылым тұрмысы төмен адамдардың жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп, еңбек адамының құқығын қорғайтынын айтты. Бүгінгі таңда партия Парламент Мәжілісінде қарапайым халықтың мүддесін қорғап, билік пен халық арасына алтын көпір болып отыр. А.Зевахин партияның сайлауалды тұғырнамасы кедейлікпен күреске, сонымен қатар батыстың жалған құндылықтарынан бас тартуға үндейтінін жеткізді.


* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы жер жәннаты Жетісу өңіріне барды. Алғашқы кездесу Талдықорған қаласындағы Бекен Римова атындағы драма театрында бюджет саласы қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Жиынға 500-ге жуық адам қатысты.

Делегация құрамында Сенат депутаттары Б.Жұмағұлов, М.Құл-Мұхаммед, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Ахметов болды. Насихатшылар тобы жиналғандарға кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтардың барлығы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын жеткізді.

Кандидаттың республикалық штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидалары туралы толыққанды ақпарат берді. «Қ.Тоқаев Елбасының стратегиялық баста­маларының барлығын әрі қарай жүргізуді негізгі мақсаты етіп отыр. Бағдарламада айтылған сабақ­тастық қағидасы осыған саяды. Барша қазақ­стандықтардың заң алдындағы теңдігі, әркімнің лайықты жұмысы және еңбегіне сай адал жала­қысы болуы – әділдік қағидасының негізі. Ал өрлеу қағидасында әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды мәсе­ле­лердің барлығы қамтылған», деді штаб жетекшісі.

Сондай-ақ ол сайлауалды бағдарламада көрсетіл­ген тұрғындардың баспана мәселесін шешуге қатысты басымдыққа ерекше тоқталды. 650 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі және басқа да мұқтаж жандарға арнап 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтер салу көзделгенін жеткізді. Бұл бас­тамалар өз кезегінде талдықорғандық тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапты.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат болып тіркелген Әміржан Қосановтың Қостанай қаласындағы облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар өтті. Іс-шараның модераторы және тренері Дос Көшім болды. Ол бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Қатысушылар қызығушылық танытқан тақырыптарын көтеріп, барлық өзекті сұрақтарына жауап алды.

Белгілі саясаттанушы еліміз бойынша өзінің семинарларын өткізуді жалғастырып жатыр. Д.Көшім бастаған топтың келесі жиыны Қарағанды облысының орталығында және аудандарында өтті. Болашақ байқаушылар еліміздің барлық өңірінде шынайы қызығушылық танытуда.

Ал кандидат Ә.Қосановтың өзі үгіт-насихат жұмыстарының аясында әлеуметтік желілердің әлеуетін тиімді пайдаланып жатыр. Ол Facebook, Instagramm, Youtube желілерінде тікелей эфирге шығып, өз ұстанымдарын кеңінен түсіндірді және көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде жақында өткен теледебат жөніндегі ойын айтып берді. Сондай-ақ Ә.Қосанов өз сөзінде көз­қарастары шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан қолдау тауып жатқанын айтып, бағдарламасындағы «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» бағытына тоқталды. Онда «Басым бағытта даму, өмір сүру деңгейінің жақсаруы, рухани өркендеу бірді-екілі ірі қаланың ғана еншісінде болмауы тиіс. Елдің барлық аймағын тиісінше тең қаржыландыру, олардың дамуына жағдай жасау, даму деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп жою керек. Шынайы белсенді әрі тең құқықты жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл аудан, қала әкімдерін халықтың тікелей сайлауына көшу қажет» деп жазылған.


* * *

 «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабан­бай батыр ауылындағы №41 мектепте ауыл тұрғын­дарымен кездесті.

«Бұл ауыл маған өте ыстық. Мұнда Қабанбай батыр кесенесін салуға, ауылдың атын беруге қатысты көптеген игі істің басы-қасында жүрдім. Бүгін барлығыңыз жиналып отырсыздар. Ауылдағы он мыңға жуық тұрғынның барлығымен кездесе алмасақ та, сіздер арқылы менің сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттары жетеді деп сенемін. Алдымен, осы кездесуге қатысып отырған ұстаздар, болашағымыздың тұтқасы саналатын жас ұрпақ тәрбиесі сіздердің қолдарыңызда. Менің бағдарламамның өзегі – тіл, діл, жер және ар-намыс мәселесі. Бұл төрт тұғырды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ана тіліміздің мәртебесін биіктету үшін әр кездесуімді мемлекеттік тілде жүргізіп келемін. Сайлауалды бағдарламамның ең басында да осы мәселе басты орында тұр», деді С.Түгел.

Сонымен қатар кандидат жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, ауылды көркейтуге, жұмыссыздықты болдырмауға қатысты бағдарла­масында атап көрсетілген міндеттерге тоқталды. Бұған қоса, сенім білдірілген адамдар Б.Үмбетова, Б.Мұхамедрахимова, К.Молдахметова сөз сөйлеп, «Ұлы дала қырандары» еліміз бойынша ұлттық құндылықтар мен ұлттық спорт түрлерін насихаттап отырған ұйым екендігін, халықаралық спорт бәсекелерінде ел намысын қорғап, қазақтың атын әлемге танытқан ұлттық ат спорты түрлерінің бас­тауында ұлт жанашыры С.Түгелдің тұрғандығын жеткізді.

Кездесуден соң насихатшылар тобы Қабанбай батыр кесенесінде және оның жанында орналасқан пантеонда болып, ел қорғаған батыр мен тәуелсіз­діктің тұғырын биіктетуге атсалысқан тұлғаларға дұға бағыштады.


Дайындаған

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»