«Шынайы өнерде шекара жоқ» атты шығармашылық кешті ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов ашып, өз ісінің нағыз маманы Мамыржан Ботабековтің фотоөнер саласындағы ерен еңбегін айрықша атап өтті.
Бала кезден әкесінің ізін жалғап, әуесқойлықпен басталған бойындағы суретке түсіру өнері 1984 жылы Германияда әскери борышын атқарып жүрген кезеңінде ұштала түсіп, арнайы «Фотография» курсын оқуға жетеледі. Әскерде жүріп қатысқан фотографтар байқауында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, жүлделі орыннан көрінді. Әскери борышын өтегеннен кейін, сол елде арнайы тапсырмамен тағы да сегіз жыл қызмет етті. Сол кезеңдерде өзі секілді қарапайым қазақ баласының арасынан шығып, шетелдік фотоқұрылғыларды жетік меңгеріп, мықты неміс фотографтарымен иық тіресе жұмыс істеуі бір жағынан, үлкен мақтаныш болса, екінші жағынан, сирек кездесетін жағдай.
Германияда әскери қызметте жүріп фотосурет өнеріндегі жинақтаған мол тәжірибесін елге келгеннен соң Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, республикалық қоғамдық-саяси «Парасат», «Бәйтерек» журналдарында, «Алматы ақшамы» газеттерінде сәтті жалғастырды. Осы кезеңдерде қалың жұртшылыққа, баспасөзді қалт жібермейтін талғампаз оқырман алдында жаны бар фотосуреттерімен танылды. Мерзімді басылымдар мен альбом-кітаптарда «Суретті түсірген Мамыржан Ботабеков» деген жазумен таңбаланған суреттер көптеп жариялана бастады.
Кәсіби фотограф ретінде бірнеше шығармашылық көрмесі де табыспен өтіп, лайықты бағасын алды. Өнер иесінің «Әлемді сұлулықпен сезіну», «Менің сүйікті университетім», «Туған жердің табиғаты», «Менің Қазақстаным», «Олжас өнегесі» тақырыптарындағы фотосурет көрмелері жұртшылық көңілінен шықты.
Кәсіби саладағы елеулі еңбегі және табысты қызметі үшін әр жылдары «Жылдың үздік фотографы» атты О.Сүлейменов атындағы диплом, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 70 жылдығы және ҚазҰАУ-дың 80 жылдығына орай Құрмет грамоталары, «Айрықша еңбегі үшін» медалі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне байланысты Nur Otan париясының Алғыс хаты, ҚазҰАУ-дың 85 жылдығына орай «Аграрлық білім, ғылым және өндіріске қосқан үлесі үшін» медалімен, «ҚазҰАУ-85 жыл!» Алтын медалімен марапатталды.
Кездесу кешінде «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, академик Хангелді Әбжанов, ақын, журналист Алмат Исәділ, Теле-радиостудия меңгерушісі Саниязбек Нұғыман сынды әріптестері мен әр факультеттің студенттері, «Назарбаев білім-ғылым орталығының» белсенді жастары жылы лебіздерін білдірді.