Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Биыл 21 қазанда Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің кездесуі өтіп, онда Ереван бағытына жүк транзитіне қойылған барлық шектеулердің алынғаны айтылды.
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерді қолдау мақсатында Қазақстан жаңа теміржол бағытымен азық-түліктік бидайдың пилоттық партиясын жөнелтті.
Бүгін 15 вагоннан тұратын пойыз Әзербайжан шекарасынан өтті. Бірнеше күннен кейін отандық бидай Армениядағы Даларик станциясына жетеді.
Бакуге жұмыс сапары барысында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басшылығы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі өкілдерімен кездесті. Тараптар транзиттік жүктің сәтті өтуін және оны армяндық серіктестеріне жеткізуді бірлесіп бақылап отыр.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, жаңа транзиттік бағыттың ашылуы отандық астық экспортының аумағын кеңейтумен қатар, Кавказ өңірі елдері арасындағы логистикалық байланыстарды дамытуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етеді.