27 Наурыз, 2010

ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ НАУРЫЗ

668 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қай ғасырда қай шайырдың аузынан айтылғаны белгісіз, қазақпен бірге жасап келе жатқан әфсана “Қазығұрттың басында кеме қалған” деп сыр толғайды. Аспанмен амандасқан ақ бас Алатау, найзадай шыңдары көк тіреген қарт Қаратаудың қасында жатаған төбедей көрінетін Қазығұрт осылайша халық аңызының негізіне айналған. Қалай дегенде де, Қазығұртта бір киенің бары анық, халық соған сенеді. Бір қызығы, Нұқ пайғамбардың кемесі топан суда қайырлады деген Арарат және Синай таулары жөнінде халық аузында сақталған, ғасырды ғасырға жалғаған мұндай жауһар жыр жоқ. Қазығұрттың етегінде әз Наурыз мерекесіне ыңғайластырып “Ырыс алды – ынтымақ” жиынын өткізгенде Қазығұрт ауданының іскер әкімі Тұманбек Әлиев Қазы­ғұртқа байланысты халықаралық сертификат алғанын айтып, жұртты қуантты. Наурыз – жыл басы. Адам­дар­дың бір-біріне ит жылғы өкпесін кешіріп, бауыр болатын, Самарқан­ның көк тасының жібіген күні. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл күнді тек думанмен, аста-төк дас­тарқан жасаумен өткізбей, бе­ре­ке-бірлікті насихаттайтын, олқы тұс­тарды түзейтін, төрт құбыласы түгел ұлт болып ұйысудың жолын із­дей­тін елге керек істерге арнап келеді. Қазығұртта өткен жиын жастар проблемасына арналды. Оған атқарушы және өкілетті органдар, зиялы қауым, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы және басқа да саяси партия өкілдері, түрлі қоғамдық бірлестіктер, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуды белгілі жазушы, “Еге­мен Қазақстан” газетінің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша арнаулы тілшісі Мархабат Байғұт жүргізсе, облыс әкімі Асқар Мыр­захметов “Жас ұрпақ тәрбиесі —жарқын болашақ кепілі” тақырыбы бойынша баяндама жасады. – Өткен жылғы Наурызда “Ырыс алды – ынтымақ” атты ал­ғаш­қы жиынымызды Түркістанда өт­кізгенбіз. Түркістан – айнымас ант­тың, бәтуалы батаның бастау алар текті төрі екеніне айрықша на­зар аударып, алдағы күндерге аманат айтқанбыз, – деді облыс басшысы. Ортаға салынған ойлар бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіріп отырған, өзіміздің қолдан жасап отырған кемшіліктеріміз төңіре­гінде болды. Мәртөбеде өткен жиында бабалар өсиетін еске алып, ынтымақ-бірлігімізді тағы да сөз еттік. Қасиетті құрбан айтымызды да ел болып, бірге атап өткеніміз – осы тақырыптың тағы да бір жал­ғасы еді. “Ырыс алды – ынты­мақ” жиыны биыл киелі Қазығұрт тауының баурайында өтіп отыр. Осылай деп сөз сабақтаған Асқар Исабекұлы жастар саясатына байланысты атқарылған жұмыс­тарды өрбітті. Ауылға барған маманға 90 мың теңге көлемінде бір жолғы көтерме- ақы төленуде. Сонымен бірге тұрғын үй сатып алу үшін несие беріледі. 25 пайыздан кем емес мөлшерде көтеріңкі лауазымдық жалақы тағайындалады. Өткен жылы 318 маманға 30 млн. теңге қаржы бөлінді. 2009 жылы студент жастардың “Жасыл ел” еңбек отрядтарына және студенттік құрылыс отряд­та­ры­на 4 мыңға жуық жастар тар­тыл­ды. Биыл олардың санын 5 мыңға дейін көбейту жоспарлануда. Жастар атқарып жатқан оң істер баршылық. Елбасымыз “ХХІ ғасыр — білімді де талантты жастардың ғасыры” деп атап көрсетті. Облы­сымыздағы “Дарын” мектептерінде 6700-ге жуық оқушы білім алуда. Халықаралық жарыстарда, бай­қау­лар мен конкурстарда озып жүрген спортшыларымыз, өнерпаздары­мыз, студент жастарымыз бен оқушыларымыз да аз емес. Жақында талантты жастар өкілдерімен арнайы кездесу өтті. Ашық әңгіме болды. Жастар тара­пынан көптеген пікірлер мен ұсы­ныстар айтылды. Кездесу қоры­тындысында жалынды жастары­мыз бар екендігі бір жағынан қуант­са, екінші жағынан ойландырды. Себебі, бар мәселені мемлекетке жүктеу көрініп тұрды. Сондықтан да, “Жастар орта­лығы” атына сай қызмет ететін орынға айналуы тиіс. Ол үшін ғи­ма­рат жағынан да, материалдық-тех­никалық жағынан да, ең басты­сы, әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс атқару үшін тиісті жағдай жасалатын болады. Бұның бәрі алдымыздағы бір-екі айда шешіледі. “Болашақ” бағдарламасы бойынша жөнді жұмыс көрінбей отыр. Осы бағдарламаға сәйкес білім алған 39 жастардың біреуінің ғана облысқа оралғанын қалай түсіндіруге болады? “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанатының белсен­ділігі, нақтылы жұмыспен айналысу деңгейі де сын көтермейді. Көптеген жастар ұйымдары туралы да осыны айтуға болады. Облыс басшысы “ауруын жа­сырған өледі” деген қазақтың қанатты сөзін негізге алып, бой­күйезденіп бара жатқан жастарға бірталай сын айтты. Жұмыстан қашқақтайды. Уақы­тын думанмен, ішкілік ішумен өл­ті­ріп жүр. Жастар арасында ажы­расудың көбейіп келе жатқандығы, жас қыздардың жөзекшелікпен айналысуы қоғамдық дерт. Қазақтың әдет-ғұрпында, бой­ын­да болмаған осындай азғын­дықты ауыздықтауда аға буын неге салғырт?! Рас, қол жеткен жетістік­терді ешкім тартып алмайды. Ал, болашағымыз деп әспеттеп жүрген жастарымыз әлгіндей ұйыққа түссе соңы не болмақ? Облыс басшысының жанай­қайы орынды. Жалындаған жаста­рымыз көп, оларға сенеміз деп жауырды жаба тоқысақ оларға көмектескеніміз емес, ұйыққа өз қолымызбен итергеніміз. Осындай сырқаттар дендемес үшін ойласып атқарылатын жұмыстар жүлгелену керек қой. Жиында осы мәселеге байла­нысты Мақтаарал аудандық арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Т.Досанов, Қазығұрт ауданының қадірменді ақсақалы Т.Мақұлбаев, Созақ аудандық мәслихаттың депутаты Б.Тұрғанбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы­ның облыс бойынша өкілдігінен С.Анарбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ІІІ курс студенті, “Ақиқат” пікір-сайыс клубының төрағасы Ж.Есенәлиев сөз сөйледі. Қазығұрт ауданындағы Жаңа базар ауылының ақсақалдары жи­налып, мектептерге барып, оқу­шылармен тәрбие хақында әңгіме өткізеді екен. Үйренетін үрдіс. “Ырыс алды-ынтымақ” жиынында сөз болған, көтерілген проблемалар бойынша Созақ ауданында тұрақты жұмыс кестесі бар. Оқу орындары, жастар ұйымымен байланыс жақсы. Өнеге алуға болар. Жастар өкілі сөз сөйледі. Тәуелсіздігіміздің нығаюы­на, Отанымыздың гүлденуіне терімізбен, қанымызбен қызмет етеміз деді. Жиында “Егемен Қазақстан” рес­публикалық газеті” АҚ прези­денті Сауытбек Абдрахманов сөз сөйледі. Осы жиын кезінде Қазығұрт ауданының құрметті азаматы атағы берілген газетіміздің басшысы ұлыстың ұйытқысына айнал­ған Оңтүстіктің қандай қиын уа­қытта да тілін, дінін, ділін сақ­тағанын айта келіп, елдігімізді еңселенте түсуге күш-жігері жететін­дігіне сенім білдірді. Ұлттық қасиетімізді, ұлттық қауіпсіздігімізді, ұлтаралық келісім мен татулықты сақтап, нығайта түсуге айрықша мән берейік. Қазығұрттың баурайында өткен алқалы жиында осындай бәтуа айтылды. Бақтияр Тайжан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы.