Абай театрының Сингапурдегі гастролі – мәдениеттер тоғысындағы маңызды оқиға. Бұл шығармашылық сапар ғана емес, Қазақстан мәдениетінің әлемдік кеңістікке нық енуінің айқын көрінісі. Географиялық тұрғыдан да, мәдени жағынан да алыс саналатын Сингапур сахнасында өнер көрсету – Абай театры үшін жаңа көрермен, тың талғам һәм айшықты мәдени диалог деген сөз. Ал Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең беделді мәдени әрі білім орталықтарының бірі NUS алаңында қазақ балетінің ұсынылуы ұлттық өнердің халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін аңғартады.
Гастрольдік бағдарламаның мазмұны бай, көркемдік шешімі жағынан салмақты. Театр сингапурлық көрерменге екі түрлі бағыттағы қойылымды ұсынып, классикалық балет пен заманауи хореографияның үздік үлгілерін тоғыстырды.
Атап айтсақ, алғашқы бағдарлама — «Классикалық балет жауһарлары» атты гала-кеш. Өнер мерекесі әлемдік балет өнерінің алтын қорына енген таңдаулы шығармалардан құралған. Петр Чайковскийдің «Аққу көлінен» орындалған адажио – тазалық пен махаббаттың рәмізіне айналған мәңгілік лирика болса, романтикалық балеттің шыңы саналатын «Сильфида» қойылымы арқылы көрермен нәзік сезім мен қиялға толы поэтикалық әлемге енді. Ал «Дон Кихот» балетінен ұсынылған үзінділер сахнаға шаттық пен жарқын әсер сыйлап, классикалық балеттің темпераментке толы қырын әйгіледі.
Айтулы гала-кеш – тек әсем би ғана емес, орындаушылардың кәсіби деңгейін, сахналық мәдениетін, қазақ балет мектебінің қалыптасқан дәстүрін айқын көрсеткен көркем қойылым. Әрбір қимыл мен пластикалық шешім арқылы ұлттық сахнаның жоғары талғамы сезілді.
Гастроль аясындағы екінші бағдарлама – бір актілі «Кармен-сюита» балеті. Аталған туынды әлемдік хореография өнерінде ерекше орын алады. Қойылымды әйгілі кубалық хореограф Альберто Алонсо сахналап, музыкасын ХХ ғасырдың көрнекті композиторы Родион Щедрин жазған. «Кармен-сюита» – классикалық балет канондарын бұзған, жаңашыл көркем тілімен ерекшеленетін шығарма. Кармен бейнесі арқылы сахнада еркіндікке ұмтылған рух, құмарлық пен тағдырдың тайталасы, махаббат пен құрбандық тақырыптары терең философиялық деңгейде ашылды. Қойылымдағы өткір драматургия, мінезді пластика, эмоциялық қарқын көрерменді бейжай қалдырмайды. Бұл балет – тек көркем туынды емес, адам болмысының күрделі табиғатын сахналық тілмен бейнелейтін ойлы шығарма.
Тарихы терең, дәстүрі берік Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры бүгінгі таңда ұлттық мәдениеттің басты тіректерінің бірі саналады. Оның Сингапур сахнасындағы өнері – қазақ өнерінің әлемдік кеңістікке батыл қадам басқанының айғағы. Айтулы гастроль ұлттық мәдениетіміздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, елімізді классикалық өнер картасында айқын таныта түсті.