Теннис • Бүгін, 08:15

«Australian Open» қызған шақ

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мельбурнде өтіп жат­қан Аустралияның ашық біріншілігі нағыз қызған шағына жетті. Жарысқа шыққан тен­нисшілеріміздің арасынан тек Елена Рыбакина мен Анна Данилина ғана ширек финалда күш сынасу құрметіне ие болды.

«Australian Open» қызған шақ

Жасыл құрлықтағы жарыстың же­ке­леген сайысында сынға түс­кен бес жерлесіміздің үшеуі төр­тін­ші кезеңге дейін сүрінбей жет­ті. Алғашқы айналымдарда Юлия Путинцева Беатрис Хаддад-Майя (Бразилия), Эльзе Жакемо (Фран­ция), Зейнеп Сенмезге (Түркия) сан соқтырса, Александр Бублик Дженсон Бруксби (АҚШ), Мартон Фучович (Мажарстан), Томас Мартин Этчеверриді  (Аргентина) еңсерді. Бір айта кетер­лігі, жоғарыда есімдері аталған қос жерлесіміз бұған дейінгі Australian Open додасында бірде-бір рет дәл осы межеге жеткен емес. Бірақ Путинцева одан әріге бара алмады. Төртінші кезеңде Ива Йовичтен (АҚШ) 0:6, 1:6 есебімен ойсырай ұтылды. 

Бастапқы бәсекелерде Кайя Юван (Словения) мен Варвара Грачеваны (Франция) еш қиналмай ұтқан Елена Рыбакина үшінші кездесуінде Тереза Валетованы (Чехия) оп-оңай жолынан ығыс­тырды. 1 сағат 22 минутке созылған бәсеке 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. Төртінші айналымда Е.Рыбакина бельгиялық Элизе Мертенске бас көтертпеді – 6:1, 6:3. Дәл осы межеде Александр Бублик Алекс Де Минаурмен (Аустралия) күш сынасты. Әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған корт қожайынына еліміздің бірінші ракеткасына адым аштырмады – 6:4, 6:1, 6:1.

Сербиялық Александра Круничпен жұптасып өнер көр­сеткен Анна Данилина алғашқы кездесулерінде Куинн Глисон (АҚШ)/Елена Приданкинаны (Ресей), Дарья Касаткина/Арина Родионованы (Аустралия) ұтты. 1/8 финалда Анна Сторм Хантер/Майя Джойнтты (Аустралия) жеңген олар енді Катерина Синякова (Чехия)/Тейлор Таунсендпен (АҚШ) кездеседі. А.Данилина микс­те де жеңіске жетті. Америкалық Джеймс Трэйсимен бірге ол 1/16 финалда Оливия Николлс/Анри Паттен (Ұлыбритания) тандемін, содан соң Лейла Фернандес (Канада)/Ник Кирьос (Аустралия) жұбын жеңді.

Ал жастар арасындағы жарыс­тың тұсаукесер кездесуінде Заң­­ғар Нұрланұлы таиландтық Кунанан Пантараторнды ойсырата ұтты – 6:2, 6:1.  Командалық әріптесі­нің жеңісті жолын Дамир Жалғас­бай жалғастырды. Ол польшалық Александр Блуштен басым түсті – 7:6, 7:5. Даниэль Тазабеков швейцариялық Флин Томастан ұтылды – 4:6, 4:6.

Соңғы жаңалықтар

Өлең құрастыратын кітап

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50