Ақиқатында Almaty Museum of Arts – еліміздегі ең маңызды мәдени жобалардың бірі. Таяу күндері оның тарихын баяндайтын «Қиылыстағы мұражай» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Көрермен онда ХХ ғасырдағы қазақ өнеріне тиесілі жеке коллекцияның қалай мұражай мазмұнына айналып, турист қабылдайтын орта ретінде қалыптасқанына куә болады.
Картинаны дүниеге әкелген журналист әрі продюсер Андрей Лошак музей іргетасы қаланғаннан бастап, 2025 жылы 12 қыркүйектегі ашылуына дейінгі кезеңді іштей бақылап, таспаға түсіріп отырған.
«Бұл мұражай жылдар бойғы арманымның ғана емес, қоғам мен ел алдындағы белгілі бір борышымның өтеуі іспетті. Әлемді аралап, ірі мұражайларды көрген сайын Алматы дәл осындай кеңістікке, бағасы биік өнер қолжетімді болатын, адамдар бас қосып, мәдениет туралы әңгіме құратын орынға лайық деп ойлайтынмын», – дейді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Фильм тек архитектуралық шешімдер мен Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысындағы ғимарат құрылысы туралы ғана емес, идеяның тууы, ізденістерден бастап, көпсатылы логистика мен шебер кураторлық шешімдерге дейінгі үдерісті, яғни, өнер туындыларының күрделі әрі көбіне көзге көрінбейтін жолынан хабардар етеді. Кадрларда Яёи Кусама, Билл Виола, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Жауме Пленса, Йинка Шонибаре, Алисия Кваде сынды есімі күллі әлемге мәшһүр шеберлер еңбектерінің қазақ еліне қандай кедергілермен жеткізілгені қызықты әрі тартымды баяндалады.
Алматылықтармен қауышқан алғашқы «Қиылыстағы мұражай» – аталған музей туралы қос деректі фильмнің алғашқысы. Көктем айларында 60-жылдардағы отандық қылқалам шеберлерінің туындыларын әспеттейтін екінші фильмнің премьерасы өтпек. Екінші бөлімі – кеңес заманында қазақ өнерінің қайталанбас стилін қалыптастырған талантты буын өкілдеріне арналмақ.
АЛМАТЫ