Халықаралық сахнада ұсынылған концерттік бағдарлама көрерменді ұлттық өнердің тереңіне жетеледі. Белгілі хореограф, сахна мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы бар Әнел Марабаева орындаған «Аққу» биі нәзіктік пен сұлулықтың рәмізіндей әсер қалдырды. Қозғалыс пен сезімнің үйлесімі арқылы көрермен жүрегіне жол тапқан туынды қазақ би өнерінің биік деңгейін танытты.
Ал опера әншісі Әйгерім Алтынбектің орындауындағы «Алқоңыр» әні залды тербеп, даланың кең тынысын, ұлттық болмыстың сырлы әуезін кәрі кұрлық төрінде әуелетті. Әннің әсем иірімдері мен орындаушының кәсіби шеберлігі шетелдік тыңдарманды бейжай қалдырмай, қазақ вокал өнеріне деген зор қызығушылық туғызды. Сонымен қатар «Temirlan & Yernat» тобы орындаған «Alem» күйі дәстүрлі күй өнерін заманауи стильмен сабақтастырып, концертке ерекше серпін берді.
«Түркі апталығы» Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бастамасымен өткізіліп, ұйымға мүше елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын тереңдете түсті. Апта бойы ұйымдастырылған концерттер мен мәдени бағдарламалар арқылы түркі халықтарының ортақ тарихы, бай музыкалық мұрасы мен би өнері кеңінен насихатталды. Апталық шеңберінде өткен гала-концертке Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің шығармашылық ұжымдары қатысып, әр халықтың өзіндік болмысын, өнердегі ерекшелігін көрсетті. Ортақ сахнада тоғысқан бұл өнер мерекесі түркі жұртының бірлігі мен мәдени жақындығын айқын аңғартып, Вена жұртшылығы мен қала қонақтарына ұмытылмас рухани әсер сыйлады.