27 Наурыз, 2010

СОТ ӘДІЛДІКТІҢ АЙНАСЫ БОЛУЫ ТИІС

1780 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Елімізде сот-құқықтық реформа қарқынды жүруде. Бұл Мемлекет басшысының тиімді сот жүйесін құру, кадр саясатын жетілдіру бағытындағы жыл сайынғы Жолдауында берілген басым тапсырмалар негізінде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы іс-шараларды толыққанды орындау әр судья мен заңгер маманның жеке жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігіне байланысты. Президенттің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында да құқық қорғау саласын реформалау қажеттігі алға қойылды. Осы орайда Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденовке жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік. – Мейрамбек Таймерденұлы, сот төрелігінің жүзеге асырылуы мен қаралған істердегі заңдылықтың сақталуы, соттардың санкция беру тәжірибесінің тиімділігі жайлы әңгімелесеңіз. – Сот жүйесіне жаңашылдық енгізу Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында нақты көрсетілсе, бүгінде осы бағыт кеңінен басшылыққа алынып отыр. Сот жүйесін одан әрі тиімді ете түсу мүм­кін­діктерін талқылау мақсатымен өткен жыл­дың қараша айында Қазақстан Судьялар ода­ғы­ның кезекті V съезі өтті. Құрылтайға Ел­ба­сы қатысып, сот реформасын дамытуға бағыт­талған ұсыныс-пікірлері мен түйткілді мәсе­ле­лерді атап көрсетті. Онда құқықтық рефор­ма­ның жалпы мәселелері аясында сот жүйесінің ай­қындығын, ашықтығын қамтамасыз ету, аза­мат­­тардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сот төрелігін сапалы атқару және азаматтардың заңды құқығын қорғаудағы соттар мен судья­лар­ды мамандандыруды қолға алу, сөзбұй­да­лықтың алдын алатын сот өндірісін жетілдіру міндеттері қойылды. Түйткілді мәселелер бой­ын­ша іс-шара бекітіліп, оның нақты орындалуы бақылауға алынған. Еліміздегі жүргізілген реформа – адам құ­қықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот істе­рінің өз сатыларында қарау мерзімін қыс­қар­тумен өлшенеді. Құрылтайда бұл мәселеге ай­рықша мән беріліп, қамқорлық танытылғаны да белгілі. Саладағы реформа шеңберінде бүгінгі күні сот жүйесінде техникалық құралдардың озық үлгілері қолданылып, халықаралық стан­дарттарға сай жабдықталуда. Халықаралық су­дья­лар қауымдастығының президенті Хосе Мария Бенто Компаниидің судьялардың съе­зінде “Сот жүйесін жетілдіру бойынша Қазақ­станда атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі маған таныс. Судьяларға қолдау Мемлекет бас­шысы деңгейінде көрсетіліп отыр. Бұл да Қазақстанның бір артықшылығы”, дегені алда­ғы кезеңде жауапкершілікпен жұмыс жасауға үндегені дер едім. Сот жүйесін реформалаудағы елеулі жаңа­лық –  жүйеге үш буынды құрылымдық өзге­ріс­тің енгізілуі. “Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Респуб­ликасының Заңы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуіне байланысты еліміздегі аудан­дық және оған теңестірілген соттар – бірінші сатыдағы соттар, облыстық және оған теңес­тірілген соттар апелляциялық және кассациялық тәртіпте істерді қарауға құзырлы, ал Жоғарғы Сот – қадағалау сатысындағы істерді қарайтын болып құрылғанын айтқан ләзім. Облыста үш буынды құрылым негізінде соттар қызметтеріне кірісті. “Қазақстан Республикасы Жоғарғы Со­ты­ның 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, бүгінгі күні сот жүйесін ұй­ымдастыру, материалдық-техникалық жағынан одан әрі жетілдіру, оның ішінде сот ғимарат­та­рының бүгінгі күн талаптарына сай болуы да кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы қарасты­рыл­ған. Сонымен қатар, облыста қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылып, қызметіне кірісті. Бұл, сот реформа­сын­дағы соңғы жаңалық деуге болады. Ол сот саласының жұмысына игі өзгеріс әкеліп, жұ­мысты ширата түсуге ықпалын тигізетіні анық. Алда мамандандырылған жасөспірімдер істері жөнінде, кедендік, салық соттарын құру мақ­саты тұр. Мұның бәрі сот жүйесін жетілдіру үшін оңтайлы жүргізіліп жатқан реформалық өзгерістер ретінде қабылданып, алдағы уақытта өз шешімін табатын болады. Өңірде өткен жылы сот төрелігін жүзеге асыру мен  Елбасының сот жүйесінің алдына қой­ған тапсырмалары мен міндеттеріне сәйкес, құқықтық реформаның жалпы мәселелері аясында сот корпусы қызметінің  тиімділігін, айқындығын және ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың жүйеге деген сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс­тар­дың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыс нәтижелі деуге болады. Соттар қарауына 2009 жылы барлығы 60022 іс келіп түссе, ол 2008  жылмен  салыстырғанда 17 358-ге немесе 22,4 пайызға азайған. Жалпы, түскен азаматтық істер мен арыздардың саны – 36144 (2008 ж. – 35325), қылмыстық істердің саны – 4266, (2008 ж. – 4452), ал 19612-сы әкімшілік істерді құ­рай­ды (2008ж. – 37603). Өткен мерзіммен салыстырғанда түскен істердің  көп мөлшерде тө­мендеуін  әкімшілік істердің азайғанымен бай­ланыстыруға болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енген көліктегі құқық бұзушылыққа байланысты өзгерістер нәтижесінде 2009 жылы өткен жылмен салыстырғанда 17991 іске азайғанын көреміз. Керісінше азаматтық істер 819-ге іске көбейіп отыр. Қазіргідей әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде азаматтық істерге қатысты даулар өсу үстінде.  Онда жер, үлескерлер дау­ла­рын қарау барысында, екі жақтың арыздарын оңтайлы етіп, татулықты сақтап, ақ пен қа­ра­ның ара жігін ашу соттардан әділдік пен  бі­лік­тілікті қажет ететіні анық. Демек, азаматтық істерді қарауда облыстағы судьялармен істердің жеке категориялары бойынша талдау жүргізіп, тың тәжірибелерді пайдалану оң нәтиже беретінін аңғарамыз. Қылмыстық істерді қарау барысында бірегей тәжірибе жасау мақсатында қылмыстық істер жө­ніндегі алқаның ұйымдастыруымен іс қарау­да көп сауалдар туындап, кейбір мәселелер бойынша облыстың судьяларымен талдау жасау тәжірибеге ен­гізілді. Апелляциялық және қадағалау тәр­тібімен бұзылған және өзгертілген сот актілерінің саны 126-ға немесе 17 пайызға төмендеді. Алқа билердің қатысуымен өткен жылы 14 адамға қатысты 8 қылмыстық іс қаралса, ал 2008 жылы 12 адамға қатысты 5 үкім  шығарылған. Сауалыңызға байланысты соттардың санкция беруі жөнінде сөз өрбітсек, жүргізілген конституциялық реформалардың арқасында азаматтардың құқықтарының қорғалуы жаңа сатыға көтерілді деуге толық негіз бар. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларының соттарға берілуі қылмыстық іс жүргізу заңының да­муын­дағы заңды кезең деуге болады. Қамауға алуға рұқсат соттың құзырына өткелі азаматтардың құ­қықтары мен еркіндіктерінің  заңмен қорғалуына кепілдік берілді. Өйткені, сот тәуелсіз орган, оның қызметі тергеу қызметімен ұштаспайды. Облыстың аудандық соттарымен 2009 жылы барлығы 2285 қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау туралы бұлтартпау шараларын ұзарту, өз­герту туралы ұсыныстар түскен. Оның ішінде бұлтартпау шарасымен қамауға алу туралы 1811 ұсыныс қаралды. – Кадр қашан­да басты тұлға. Облыстық соттың, аудандардағы соттардың сапалық құ­рамы мен сот төрелігін толық әрі ашық, тәуелсіз жүзеге асырудың мүмкіндігі жайлы не айтар едіңіз? – Құқықтық мемлекетіміздің басты кейіп­кері соттар болуын қарапайым халықтың сана­сына енгізу қажеттігін Елбасы атап өткен. Сондықтан қазіргі кезде судьяларға қойылатын талап жоғары. Әр судья­дан сот жүйесінің абыройын көтеру, сот процестерінің ашықтығына қол жеткізу, судья әрекетіне арыз-шағымдарды болдырмау талап етілуде. Сот корпусына кездейсоқ жандардың еніп кетуі, кей­бір судьялардың адамгершілік, әдеп кел­бетінің және кәсіптік деңгейінің жеткіліксіздігі, сот төрелігін атқару кезінде сөзбұйдаға салуы, қателік жіберуі, сот өндірісінің жеткіліксіздігі, сот  шешімдерінің сапалы деңгейде орындалу барысы судьялардың V сьезінде ашық айтылды. Облыстық сотта кәсіби деңгейі жоғары, білікті судьялар аз емес. 25-30 жылдан астам уақыт сот саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан терең білімді, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай іскерлігімен танылған Нұрива Бейсенова, Тілеуқабыл Ғалиев, Евгений Базалеев, Серік Қарымсақов, Надежда Чупрынова, Игорь Лим сынды судьялар қызмет етеді. Олардың кәсіби біліктілігі жастарға өнеге. Облыстың аудандық және оған теңестірілген соттарында да білікті судьялар қатары жет­кі­лікті. Тәуелсіздік күніне орай Іле аудан­дық сотының судьясы Галина Добро­сер­дова­ның Елбасы Жарлығымен мемлекет пен қоғамға, сот жүйесіне сіңірген елеулі еңбегі ба­ғаланып, “Ерен еңбегі үшін” медалімен мара­патталғанын да мақтанышпен айтуға болады. Судьялардың кәсіптік деңгейін көтеру көкейтесті мәселе. Жоғарғы Соттың 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында судья кадрларын дайындау, қайта дайындау, сапасын арттыру мақсатында сот оқуына аса көңіл бөлінген. Онда судьяларды ұдайы оқыту, сөйтіп, біліктілік деңгейін арттыру арқылы білі­мін тереңдетуге басымдық беріліп, судьялардың жан-жақты біліктілігін арттыратын арнайы бағдарлама жасалды. Бағдарламаға сәйкес қо­ғамдағы болып жатқан түрлі оқиғалар мен өз­герістердің бағыт-бағдарын, әсіресе, құқықтық саладағы әлемдік маңызы бар мәселелерді, еліміздегі сот реформасын дамытуға қатысты белгіленген міндеттер түсіндіріліп, үздіксіз дәріс берілуде. Қазір Жоғарғы Сотпен бекітілген жоспарға сәйкес облыс пен аудандардағы және оларға теңестірілген жергілікті соттардағы су­дья­ларды кезең-кезеңмен оқытып, тәжірибеден өткізу дәстүрі қалыптасқанын және оның берері мол екенін көрудеміз. Кестеге сай Президент жанындағы Мемле­кет­тік басқару академиясының Сот әділдігі инс­титутында облыстық соттан 5 судья білімдерін жетілдіріп қайтса, Жоғарғы Сотқа судьялар біліктілігін көтеру курстарына жіберілуде. Өткен жылы облыстық соттан 6 судья, облыстың аудандық және оған теңестірілген соттардан 20 судья, 2 кеңсе меңгерушісі біліктіліктерін жетілдіру бағдарламалық курстарынан өтті. Сотта судьялардың тек білімдерін жетіл­ді­ру­мен ғана емес олардың кәсіби деңгейіне қа­тысты талап та күшейтілуде. Жоғарғы Сот төр­ағасының өткен жылғы кеңейтілген отырыста берген тап­сырмасы мен міндеттеріне сәйкес судьялардың өз қызметтеріне лайықтылығын анықтау сот төрелігі сапасына мониторинг жа­сау арқылы жүзеге асырылуда. Әр соттағы судьялардың ішінен жұмыс көрсеткіші ең төмен, яғни күші жойылған немесе өзгертілген шешімі ең көп судья облыстық соттың жалпы отырысының ше­шімі негізінде сот жюриінің қарауына жіберіледі. Онда қаралатын басты мәселе – қызметін әрі қарай жалғастыруға судьяның кәсіби жарам­дылығын анықтау. Егер кәсіби жарамдылығы жеткіліксіз деп танылған жағдайда судьяны қызметінен босату туралы күн тәртібіне мәселе қойылады. Былтыр судья­лардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасына жүргізілген мониторинг қорытындылары об­лыс­тық сот судьяларының жалпы отырыс­тарын­да талқыланып, Сот жюриіне материалдар жолданып, нәтижесінде 1 судья жұмысынан босатылды. Енді сауалыңыздағы сот жұмысының ашық­тығына келетін болсақ, қазір сот жүйесінің ал­дында тұрған мақсат – сот жұмысын барынша ашық, халыққа ұғынықты ету. Осыған орай облыстық сотта “ашық есік” күндері белгіленіп, әр айдың соңында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Онда жеке және заңды тұлғалар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, көкейлерінде жүрген сауалдарымен еркін пікір бөлісуге мүмкіндік жасалған. Жоғарғы Соттың ресми сайтында ор­на­ластырылған сот актілерінің бірыңғай элек­тронды базасын одан әрі дамыту барысында соттардың қызметін ақпараттандырудың тиімді жүйесі құрылды. Халыққа қолжетімді болу үшін осы жүйе арқылы сот актілерін жариялауға мүмкіндік туғызылған. Сондай-ақ, облыстық соттың жеке сайты жұмыс істейді және сот ғимаратында сот процестеріне қатысушыларға арналған анық­тамалық-ақпараттық киоскі өз қызметін атқаруда. Процеске қатысушылар киоскіден барлық сұрақтарға, сонымен қатар заңнама өзгерістеріне байланысты сұрақтарға жауап таба алады. – Судья қатарын толықтыратын жастардың кәсіби деңгейі бүгінгі талапты қанағаттандыра ма? – Ойымды айтпас бұрын тағы да Елбасының судьялардың V сьезінде “Алғашқы деңгейдегі судьялар үшін 25 жас аздық қылады, сондықтан тәжірибелі адамдарды тартқан жөн”-дей келе, “Судьялардың риясыздығына ешкімнің де күмәні болмауы керек. Ал, бұл судьялардың өздеріне байланысты. Тек осындай жағдайда ғана қазақстандық сот қоғамдағы әділдіктің басты көзіне айналып, халықтың алғысын иеленеді”, деген сөзін жеткізгім келеді. Тарихта тоғыз жасынан дауға, билік айтуға араласқан дана билер бар екені белгілі. Дегенмен, қазіргі кезде заң қолдану тәжірибесін қалыптастыру уақытты қажет етеді. Судьялыққа қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша 25 жастан тағайындалу мектепті бітіре салып, одан университетті тәмамдап, әлі оң мен солын ажыратып үлгермеген маман адам тағдыры шешілетін сәтпен кездескенде қиын соғуы әбден мүмкін. Сондықтан, ақыл тоқтатып, пайым-парасаты мен білім-білігі жетілген, көзқарасы мен ұстанымы қалыптасқан жастарды іріктеген дұрыс дер едім. Судья болу үшін 30-35 жас та кеш емес деп есептеймін. Әрі судьялыққа үміткердің міндетті түрде құқық қорғау салаларында қызмет жасағаны тиімді болатынын да айтқым келеді. Президент Жарлығымен судьялыққа үміткердің кәсіби мамандануы жөнінде бекітілген Ережеге сай үміткерлерді іріктеу, біліктілігін арттыру бағытында бағдарлама жасалған. Біз судьялыққа үміткерге қорытынды бермес бұрын оның келешегінен үміт күттіретін мамандардың жан-жақты тиянақты дайындығын қадағалаймыз. – Қоғамды жемқорлардан тазарту мәселесіне барынша назар аударылғаны белгілі. Осы орайда, сыбайлас жемқор­лыққа байланысты нақты сот үкімі шыға­рыл­ған істерге тоқталсаңыз. Жалпы мұндай  деректер көп пе? – Орынды сұрақ. Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес басым бағыт­тар­дың бірі болып отыр. Жыл өткен сайын жемқорлыққа, алаяқтыққа барушы­лар­дың саны артпаса азайған емес. Елімізде ТМД-да алғашқы болып 1998 жылы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңның қабылдануы дерттің алдын алудағы жасалған батыл қадам деуге келеді. Заң аясында сыбайлас жем­қорлықпен күресті тек сот, прокуратура, құқық қорғау органдары ғана емес, белгіленген заң негізінде бүкіл халық болып, әр азаматтың жауапкершілікті сезінуі арқылы күрескенде ғана нәтижелі болмақ. Алматы облысының соттарына сыбайлас жемқорлыққа байланысты 2009 жылы 125 адамға қатысты 104 қылмыстық іс түсті. Соттардың жаза тағайындау тәжірибесіне қара­ған­да сыбайлас жемқорлыққа байланысты жаса­ған қылмыстары үшін 79 адамға жаза тағайын­далып сотталған. Сыбайлас жемқорлыққа бай­ла­нысты қылмыстық істердің жылдан жылға көбейгенін де айтуға болады. Статистикалық мә­ліметтерге сәйкес соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар үшін сотталғандардың саны 29-ға көбейген. Сот­тал­ғандар санының өсуі соңғы жылы айрықша көрініп отыр. Мәселен, 2008 жылы 54 адам сот­талса, ал өткен жылы 79 адам сотталыпты. Қыл­мыстық істердің 90 пайызы сеніп тапсы­рыл­ған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысы­рап ету, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, пара алуға байланысты қылмыстар. Жеке басы­ның қамын ғана күйттеп, құлқынның құлы бо­лып, адамгершілік қасиеттерді аяқасты ететін­дердің көпшілігі лауазым иелері қатарынан орын алуда. Сыбайлас жемқорлыққа барған лауазым ие­лерінің  қылмыстық істері өткен жылы облыс­тық соттың апелляциялық сатысында қаралып, Қапшағай қалалық сотының үкімі күшінде қалдырылып, соңғы нүкте қойылды.  Алматы облысы Іле ауданының Жауғашты ауылында ЛА 155/4 түзеу мекемесінде емдеу-профи­лак­ти­ка жұмыстары жөніндегі бастықтың орын­ба­сары лауазымын атқарып жүрген Г.Әділғалиева және аталмыш мекеменің жедел бөлім бастығы А.Базылбаева  қызмет бабын пайдаланып,  Жамбыл облыстық сотының  үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын осы түзеу колониясында өтеп жатқан Х.Мансурова деген сотталушыдан ұйымдасқан топ болып, ірі мөлшерде пара талап етіп, оны түзеу колония­сынан босату туралы ұсыныс тастаған. Бұл ұсынысқа Х.Мансурова да келіседі. Х.Ман­сурова рак ауруымен ауырады деген оңды-солды жалған құжаттар жасалып, дәрігерлік комиссияның сараптамасы дайындалады. Бұл қылмысқа ЛА-155/4 түзеу мекемесі бастығының орынбасары лауазымын атқарып жүрген әділет полковнигі В.Крестильников қызмет өкілеттігін теріс пайдалану арқылы соттың атынан мін­детінен босату туралы Қылмыстық  кодекстің 73-бабына сәйкес ауруға шалдығуына бай­ла­нысты жазадан босату туралы қаулысын жазып, жалған құжат дайындайды. Бұл жедел жұмыс 4 айдың ішінде тындырылады. Тіпті, жалған қаулыға шағымдануға және наразылық келтіру­ге немесе күшіне енуге берілетін 10 күн мер­зімді де күттірместен, қаулы дайындалысымен Х.Мансурованы келесі күні жазасын өтеуден  босатып жіберген. Темір тордан шығысымен Х.Мансурова Қытай Халық Республикасына қоныс тебеді. Сол жақтан қызы арқылы “өлді” деген анықтама алып, аталған түзеу мекемесінде оны “о дүниеге” аттандырып та үлгереді. Бірақ 2007 жылы қарашада Қазақстанға келген Х.Мансурова ҚР ҰҚК қызметкерлерімен құ­рықталып, жасалған қылмыстың беті ашылды. Осылайша үш қылмыскер де заң алдында жауап беріп, айып орындығына отырды. – Сот төрелігін жүргізуде судьяның жеке басында қандай басты шарттардың болғанын қалар едіңіз? – Судьялар этикасы кодексінің 4-бабында “Судья жұмыстан тыс уақытта өзін ешкім де оның бейтараптығы мен адалдығына күмән келтірмейтіндей, судьяның мәртебелі атағына және сот билігіне дақ түсірмейтіндей жағдайда ұстауға тиіс” деп жазылған. Осыны есінде ұстаған әр судья өзінің қызметінде лауазымына дақ түсіретін кез келген әрекеттерден аулақ болуға және өз беделін құрметтей білуі тиіс. Кодексте әрбір судьяның өз қызметінде басшылыққа алатын заң екендігін айтудың өзі артық. Тек оның осы заң арқылы судья ретіндегі ғана емес, адам ретіндегі келбетін қалыптастыруға тиістігін түсіну керек. Көрнекті ғалым Салық Зимановтың “Би – дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші, үлгілі жол-жоралғыларды түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр”, деп айтқанындай, судья даулы мәселелерді түйінді шеше білетін, әділдікті ту еткен, жеке басында адами жақсы қасиеттерді жинақтай білуі керек. Жалпы, әріптестерімнің әр кезде “Аққа қара жоқ, қараға шара жоқ” деген тәмсілді есте ұстағандарын қалар едім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.