Фото: gov.kz
«Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды. Атап айтқанда, президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары қарастырылды.
«Бөлімге Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілді», деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалды. Атап айтқанда, екі палаталы Парламент және оның осындай жүйедегі қызметі туралы ережелер алынып тасталды.
«Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық бап жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдерін реттейтін ережелер қайта қаралды», деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, салалық конституциялық заңда көрсетілген Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі туралы ережелер де Конституция жобасына енгізілді.
«Конституциялық қадағалауды жүзеге асыратын және бүкіл ел бойынша Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін бекітеді», деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.