30 Наурыз, 2010

КЕДЕНДІК ОДАҚ – КЕМЕЛДЕНУ КЕПІЛІ

1919 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Алматыда Премьер-Министрдің тапсырмасымен және Алматы қаласы әкімінің бастамасымен Қазақстанның Кедендік одаққа енуіне байланысты туындаған мәселелерге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиын жұмысына Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов қатысты. “ Дөңгелек үстел жұмысын кіріс­пе сөз сөйлеп ашқан Алматы қала­сы­ның әкімі Ахметжан Есімов би­ылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одаққа мүше болған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің алдағы уақытта бірлесе атқаратын іс-шараларының маңыздылығына тоқталды. Жиында алғаш сөз алған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова үш жақты Кеден одағын құрудағы ең басты мақсат және оның келе­шектегі тыныс-тіршілігі мен ауқым­ды жобалары жөнінде жан-жақты баяндап берді. Жаңа­дан құрылған Кеден одағы қа­зақ­стандық өндірісшілерге келешекте Ресей мен Беларусь мемлекеттері рыногына жол ашып, олардың мүмкіндіктерін молайтуға игі ықпал етпек. Кедендік одақ жұмысындағы атап айтарлық ең басты мәселе – Қазақстан, Ресей және Беларусь республикаларының қатысуымен құрылған Кедендік одақ аясын­дағы шешімдер алдағы уақытта үш мем­лекет арасындағы консенсус жолы­мен ғана қабылданады. Егер де одаққа мүше бір мемлекет кейбір мәселе бойынша өз келісімін біл­дірмесе, онда шешім мүлде шы­ғарыл­майды. Министр Жанар Айтжанованың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық экспорттың 80 пайызы шикізаттан тұрады. Соған орай шетелдік инвестицияның 80 пайызының шикізат секторының қайта өңдеу өндірісіне жіберілуі көп нәрседен хабар берсе керек. Со­нымен қатар Кедендік одақ қыз­ме­тіне қатысуда Қазақстанның не­гізгі әрі басты мүдделері де еске­ріліп отыр. Кедендік одақты құру процесінің маңыздылығы – осы одаққа мүше мемлекеттердің эко­но­микасына инвестициялар тартуға жағымды жағдай жасау, мемлекет­тердің экономикалық әлеуетін ес­ке­ре отырып, бірлескен кәсіп­орын­дар құру болып табылатындығында. Инвесторлар біздің рынокқа келу-келмеу туралы шешім қабылдау кезінде, тек жекелеген Қазақстан ры­ногын ғана емес, осы жалпы Кеден­дік одаққа кіретін мемле­кет­тер мүдделерін де ескеретін болады деп есептейді сала басшысы. Қа­зақстан экономикасын әртараптан­дыру ең маңызды мақсат болып табылады. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Ресейде сапа жөніндегі нормалар қатаңдатылған. Қазақ­стан­дық ет өнімдері бұл мемлекет­тер рыногына әлі жол таба алмай отыр. Оның басты себебі Ресей ветеринарлық талаптарының біздің ет өнімдеріне сәйкес келмеуінен деп ұғыну қажет. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, со­ны­мен қатар отандық өнімнің сапа­сын одан әрі жетілдіру бағытын­дағы қомақты іс-шараларға да кеңі­нен тоқталды. Мәселен, Ресей жыл сайын, анығырақ айтқанда, 560 мың тонна сиыр етін, 780 мың тонна тауық етін квота тетігі ретінде шетелдерден – АҚШ-тан, Арген­ти­на, Бразилия және де басқа мем­лекеттерден алып келіп отыр. Егер­де “біздің еліміздегі ветеринарлық-санитарлық талаптар бір деңгейге келтірілсе, онда Ресей рыногына емін-еркін баруға болатындығын тү­сіндіріп жатудың қажеті жоқ сияқ­ты”, дейді ол. Әлемде қа­зіргі күні 12 кедендік одақ құрыл­ған. Олардың барлығы Бүкіләлем­дік сау­да ұйымында жұмыс жасап жатыр. Министр сондай-ақ, Қазақстан­ның экспортқа бағытталған кәсіп­орындары үшін отандық тауарлар­дың Еуропа елдеріне шығарылуы үшін Ресейдің көліктік-инфра­құ­рылымдық әлеуетінің қолданылу мүм­кіндігі төңірегінде де сөз қоз­ғады. Соған орай ол бүгінгі таңда Ресейдің темір жол өкілдіктерімен және мұнай-газ құбырлары өкілдік­тері­мен екі жақты келісімдер жүр­гізіліп жатқандығынан да көпші­лікті хабардар еттті. Сонымен, осы келісімдердің барысында біздің еліміздің экспортқа бағытталып өн­дірілген өнімдеріне қатысты та­риф­тер төмендетілмек. Техникалық талаптардың, мәселен, ветеринар­лық талаптардың бір деңгейге кел­ті­рілуі Қазақстан тауарларының жақын арада Ресей мен Беларусь рыногына шығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сыртқы ел­дермен сауда саясатын бір деңгейде жүргізу және осы үш мемлекеттің арасындағы сауда-саясатын емін-ер­кін жүргізу үшін барлық жағдай жасау қажеттігі де министр назары­нан тыс қалмады. – Сондықтан да біздің сыртқы саясат және Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірлесе отырып шешкен барлық іс-шаралары­мыз­дың түйіні – ең алдымен мұның біздің еліміздің тәуелсіздігіне еш­қандай қауіп төндірмейтіндігінде. Қазіргі кезде Кедендік одақ комис­сиясының барлық шешімдері осы үш мемлекеттің өзара ортақ келісі­мі нәтижесінде ғана қабылданады. Кон­сенсустық келісім арқылы жү­зе­ге асырылатын шешімдердің қате­лікке жол бермейтіндігі айтпаса да тү­сінікті. Егер Қазақстан мем­ле­кеті қандай да бір шешіммен келіс­пейтін болса, онда ол шешім мүл­дем қа­был­данбайды және іске асы­рыл­майды да, – дейді Экономика­лық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өз ойын ортаға салып. Жасыратыны жоқ, соңғы уа­қыт­та еліміздегі кейбір баспасөз бет­терінде, Кедендік одаққа қатыс­ты әртүрлі әңгімелер де айтылуда. Мәселен, олардың арасында Қазақ­стан өзінің барлық дауысын Ресей мен Беларуське беріп қойып, өзіне ыңғайлы экономикалық саясаты­ның мүддесіне қайшы келетін ше­шімдерді қабылдауы мүмкін деген сияқты пікірлер де орын алуда. Министр бұл мәселе төңі­регінде де өз пікірін ашық айтып, мұның бәрі бос әңгіме деген түйін­ге келді. Кедендік одақтың келі­сім­дік базасы бүгінде 51 халықаралық келісім­дерден, оның ішінде Кеден­дік одақ комиссиясы шешімдерінен тұрады. Егер де осы 51 келісімді жан-жақты түрде қарайтын болсақ, олардың ішіндегі маңызына қарай оны үш топқа бөлуге болады. Ең бірінші топ – жаңағы сыртқы сау­да шаралары мәселелерін қарайтын топ болып табылады. Үшінші ел­дер­ден келетін тауарларға кедендік баж  қай деңгейде қолданылмақ? Сондай-ақ, үшінші елдерден келе­тін тауарларға қандай шектеу қойылады деген сауалдар көп­ші­лік­ті мазалауда. Бұл шешімдерді ко­мис­сия жоғарыда атап өткен кон­сенсустық механизм арқылы іске асырмақ. Екінші топ, ол техника­лық реттеу, санитарлық-ветери­нарлық шараларды бір деңгейге келтіру болып табылады. – Өздеріңіз білесіздер, – дейді әңгімесін одан әрі жалғастырған министр, – 1995 жылдан бастап осы ТМД-ға мүше 12 мемлекет арасында емін-еркін сауда айна­лымы жұмыс істеп жатыр. Жаңағы заң түрінде қабылданған, сол же­ңілдетілген сауда келісімдеріне қа­рамастан, біздің тауарларымыз, мы­салы, көрші елдерге емін-еркін бара алмай отыр. Өйткені, онда кедендік баж деңгейі “нөл” пайыз болса да, онда тарифтік емес әкімшілік ша­ра­лар қолданылып жатыр. Сол ша­ра­ларды қысқарту үшін, яғни бір дең­гейге келтіру үшін екінші топ­та­ғы келісімдер қабылданған болатын. Министрдің хабарлауынша, Кедендік одаққа мүше мемлекеттер ара­сында бірқатар келіссөздер жүр­гізілген. Сол келіссөздердің нәти­жесінде, Қазақстан Ресей Федера­ция­сындағы кедендік баждың дең­гейі неғұрлым жоғары болғандық­тан 400-ден аса тауарларды өткізу үшін өтпелі кезең туралы келісім жасалды. Мәселен, дәрі-дәрмек біздің елімізде көбінесе сырттан алы­натыны жасырын емес, ал өзі­мізде шығарылатын дәрі-дәрмектер жеткілікті емес. Сондықтан бес жыл­дық өтпелі кезең туралы келі­сім жасалып, химиялық өнімдер, полимер өнімдері туралы төрт жылдық өтпелі кезең туралы келі­сімге қол қойылды. Ал целлюлоза, темір жол, медициналық құрал-жабдықтар және басқа да мемле­ке­тімізде маңызды өнімдер де назар­дан тыс қалмады. “Сыртқы елдің импортына тәуелді болғандықтан, біз осы 400-ден астам тауарларға өтпелі кезең туралы келісімге келдік”, деді министр өз сөзінде. Соған орай келешекте өндірісті ұлғайту мәселесі де қолға алынбақ. Мәселен, Семей қаласындағы ме­дициналық өнімдер зауытын қайта құру жобалары қазір талқыланып жатыр. Ал бұл жобаларды іске асырып, өзіміздің рыноктың жаңа­ғы қажетті дәрі-дәрмектермен толығуына қол жеткізудің, яғни отандық өндірістің өркендеуіне жол ашудың қажеттілігі зор. Бұл орайда жиында алюминий өнімдері бойынша, Павлодар алюминий зауытын одан әрі да­мыту, Астанада локомотивтер зауы­тын салу жоспарланып отырған­дығы да жарияланды. Мұнай-хи­мия салалары бойынша да бірнеше жобалар дайындалуда. Атап айт­қанда, Атырауда мұнай-химия, газ ке­шенін, Астанада металл-пласти­калық құбыр өндіру зауыттары және шыны-пластикалық өнімде­рін өндіру зауыттарын салу бүгінгі таңдағы басты жобалар. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жинал­ған­дарға кейбір заңнамаларға өзге­рістер енгізудің қажеттілігі туралы да хабарлады. Министрдің айтуын­ша, еліміздегі инвестициялар тура­лы заң жобасына бірнеше өзгеріс­тер енгізу туралы шешім бар. Рес­публикаға шетелдерден, Германия, Жапония және өзге де дамыған мемлекеттерден технологияларды им­порттай алу үшін инвестиция­лық механизм туралы келісімге келу қажет. Бір құптарлығы, осын­дай инвестициялық келісімдерді Қазақстан және де Ресей мен Бе­ларусь мемлекеттері бір деңгейде қолдана алатындығы туралы келісім де жасалған. Тағы бір атап айтатын мәселе, Кедендік одаққа мүше осы үш мемлекеттің арасындағы тауар­лар емін-еркін жүруі үшін олардың арасында барлығына бірдей бәсекелестік жағдай жасалуы тиіс. Сала жетекшісінің пікірінше, үш мем­лекетте жұмыс істейтін компа­ния­ларға бәсекелестік реттеу прин­циптері бір жағдайға, бір деңгейге келтірілетін болады. “Соның нә­тижесінде біздің қазақстандық тауарлар мен біздің қызмет көрсету компанияларымыздың осы Кеден­дік одақ құрып отырған мем­ле­кет­тердің рыногына емін-еркін ба­руы­на жағдай жасау – ең басты мақ­сат”, деп түйіндеді өз сөзін министр. Үш жақты Кедендік одақтың құрылуы және бұл одақтың келе­шектегі жобалары жөнінде Қаржы министрі Болат Жәмішев өз пікірімен бөлісіп, жиналғандардың сауалдарына да жауап берді. “Ме­нің өзім кедендік әкімшілік жос­парлау жөніндегі мәселелерге қатыс­ты сауалдарға жауап беремін деп ойлап едім”, деп бастады өз сөзін Болат Жәмішев. Сонымен, Кедендік одақтың өзегінде не бар деген сауалға келсем, менің ойым­ша, бұл өте орынды шешім деп есептеймін. Дегенмен, бұл мәселеде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері ұтады. Көпшілікке жағымды тағы бір жаңалық, шекарада ең бастысы құжаттарды кедендік ресімдеу және кедендік төлемдер төлеу жүргізіл­мейді. Келесі 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік бақылау жұмысы мүлдем тоқтатылады. Ал мұның барлығы бизнесті жүргізу жұмысын айтарлықтай жеңілде­тетіндігі сөзсіз. Қазақстаннан 200 шақырым жерде 6 миллион тұрғыны бар Ресейдің ірі қалалары орналасқан. Ал мұның өзі Қазақстан бизнесіне қолайлы жағдай тудырып отырған­дығы айдай анық. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің пікірінше, Кедендік одақты құру, ең алдымен ауқымды мүмкіндіктерге кеңінен жол ашу болып табылады. Қаржы министрі Болат Жә­мішев өз кезегінде жиналғандарға валюталық реттеу мәселелері қазір­де талқыланып жатқандығын, сон­дай-ақ кәсіпкерлер үшін өзара сау­дада қосымша құн салығын төлеу­дің кейінге шегерілгендігін де айтты. Сонымен қатар, Кедендік одақта жанама салықтарды жинау кеден органдарынан салық ұйым­да­рына өтеді. Мұның өзі ішкі сау­дада, қосымша құн салығын (НДС) жинау, ішкі саудада акциздерді жи­нау салық органдарына өтеді де­генді білдіреді. Сонда “бұл жағ­дайда кәсіпкерлер мен бизнес өкіл­дері не ұтады” деген орынды сауал туатындығы сөзсіз. Ең бастысы, өзара саудадағы ережелер қолайлы­лы­ғымен ерекшеленуде, яғни қо­сымша құн салығын төлеу мерзімін 50 күнге дейін шегеру жобалануда. Тағы бір ескеретін жәйт, Қазақ­стан, Ресей және  Беларусьте тауарларды экспорттауда қосымша құн салығы бойынша нөлдік ставкамен, үстеме бекітілген. Ал, мұның өзі экспорттаушыларға ҚҚС қайтарылады дегенді аңғартады. Болат Жәмішевтің тұжырымы бойынша, “Кедендік кодекстің қа­был­дануына орай қазақстандық кә­сіпкерлер қосымша пайда табатын­дығы сөзсіз. Оның негізгі мәнісі – Қазақстанда салық көлемі Ресейге қарағанда айтарлықтай төмен. Міне, осыған орай ресейлік биз­нестегі шарттар қазақстандық биз­неске қарағанда нашарлау болады дегендей қауіп те бар. Әрине, бә­секелестікті ешкім де өзгерте алмай­ды. Сала басшысы Қазақ­станның төменгі мөлшердегі салық үстемелері ставкасы саясатын ұстайтынын және келешекте де сол бағыттан айнымайтындығын ашық айтады. Мәселен, бұл Беларусьте – 20 пайыз, Ресейде – 18 пайыз және Қазақстанда 12 пайыз кө­лемінде қалып отыр. Қаржы министрі, сонымен қатар биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап шекарада кедендік ресімдеу, кедендік барлық төлемдерді төлеу, декларациялау жүргізілмейтіндігін де мәлімдеді. Сондай-ақ, келесі жылдың бірінші шілдесінен бастап шекараларда кедендік бақылау мүлдем болмайды. Қаржы министрі Қазақстанның Кеден одағына енуі нәтижесінде келешекте кедендік алымнан, жинақтан бюджетке түсім көлемі екі есеге дейін көбейетіндігі туралы да хабарлады. “Біздер қазіргі кезде қандай да бір фис­кал­дық бюджеттік шығындар туралы сөз қозғағанымызда, менің оған айтарым төмендегідей. Егер үшінші елдерден импорт алынса, онда бұл импорттағы Қазақстан­ның үлесі 3,5 пайызды ғана құ­райды. Бірақ, үшінші елдерден им­порттық бажды бөлу туралы ке­лі­сімге сәйкес Қазақстанның үлесі 7,33 пайызды құрайды”, дейді Болат Жәмішев. Оның сөзі бойынша мұ­ның өзі бюд­жетке түсімді екі есеге жуық көбей­туге мүмкіндік береді. Сала жетек­шілерінің есептеуінше, Кедендік одақтың құрылуы түптеп келгенде – оның құрамындағы үш мемлекет түгелдей дерлік пай­далануға ұмтылатын ауқымды мүмкіндік. Қазіргі кезеңде әлемде 230 ел және жүзге жуық мемлекетаралық одақтар бар. Жалпылай алғанда бірлесу қағидасы әлемдік эконо­ми­каға тән екендігін, әйтпесе кеден­дік одаққа ұқсас соншама бірлес­тік­тің болуы неғайбыл екендігін атап көрсеткен Қаржы министрі Кедендік одақ құру бағытындағы жұмыстың әлі аяқталмағандығын да айтты. Сөйтіп, бұл жұмыс уақыт талабына орай одан әрі жетіл­дірілмек, бірақ ең бастысы, ол халықаралық стандарт­тар­дан ауытқымайды. Кедендік одақ құру туралы идея өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында пайда болғандығы, сондықтан да осы уақыт ішінде саясаткерлер, эконо­мистер мен сарапшылардың одақ туралы бірқатар тұжырымдар да жасағандығы мәлім. Үш жақты Кедендік одаққа Қазақстанның енуі мәселелеріне арналған жиын соңында Экономи­калық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова және Қаржы министрі Болат Жәмішев қоғамдық ұйымдар, бизнес ассоциация өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар сауалдары­на жан-жақты жауап берді. Соны­мен қатар, дөңгелек үстелге қаты­сушылар Қазақстанның Кедендік одаққа енуіне орай өз пікірлерін, ұсыныс­тарын да ортаға салды. ҚР ҰҒА академигі Рахымжан Елешовтің Кедендік одақ, еліміздің аграрлық секторы төңірегіндегі пікірлері көпшілік назарын аударды. – Мемлекетіміздің саясаты тұ­тастай алғанда экономиканы көте­ріп, халықтың әл-ауқатын жақсар­туға, экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталып отыр. Атап айту қажет, мұның өзі ең басты мақ­сат, сондықтан да, Кедендік одақ­қа ену, менің ойымша, орынды шешім. Мәселен, біздер аграрлық сала ғалымдары ТМД елдері ға­лым­дарымен бірлесіп, биыл төртінші жыл жұмыс істеудеміз, өз одағы­мыз­ды құрдық. Ресей және Бела­русь елдері ғалымдарымен жыл сайын кездесіп, көптеген ғылыми күрделі мәселелерді бірге шешу­де­міз. Атап айтарлығы, бүгінде ең алдымен өндірілетін өнімнің, азық-түліктің сапасына назар аудару қажет. Экологиялық таза өнім өндіру, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, сертификаттау және стандарт­тау мәселелеріндегі көп түйткілді шешу – бүгінгі күннің басты талабы. Біздің мүмкіндіктеріміз мол, сондықтан да тауар өндіру­ші­лерімізге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Әрине, жасыратыны жоқ, Үкімет деңгейінде қарастыратын ішкі мәселелер де бар. Қорыта айтқанда, өнімді еңбек етсек, Үкі­мет бізді қолдаса, көздеген биік мақ­сатқа қол жеткіземіз. Сондық­тан, мен ғалым ретінде, азамат ре­тінде айтарым, одақты қолдаймын, – дейді Рақымжан Елешов. Дөңгелек үстел жұмысын қоры­тын­дылаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақ­стан­ның Кеден одағына енуіндегі ең басты мақсат – тауар өткізу рыно­гын кеңейту, ал мұның өзі, ең алды­мен бизнеске қатысты екендігін атап көрсетті. Сонымен, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкін­дік­тердің пайда болуы, жаңа рынок­тарға шығу және бәсекелестік артықшылықтарды дамыту бағы­тындағы жобалар жалғаспақ. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.  Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР. АЛЫС-БЕРІС МОЛАЯДЫ Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы. Қазақстанның көптеген облысы Ре­сеймен шекаралас болғандықтан, Ке­ден­дік одақтың біздің кәсіпкерлеріміз үшін пайдалы тұстары жетерлік. Себе­бі, ел мен ел қоңсы отырғаннан кейін ара­дағы алыс-беріспен, барыс-келіспен іскерлік қарым-қатынас жасайтын кә­сіпкерлеріміз көп. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері басшыларының ортақ ке­лісімінен соң кедендік одақтың құры­луы шекарадағы түрлі кедергілерге шек қойып отыр. Бұл, әсіресе, Ресейде, Бе­лорус­сияда өндірілген өнімдерді Қазақ­станға тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін тиімді болғаны даусыз. Еларалық шека­ра­дан тауар тасымалдаудың, әсіресе, Ре­сеймен шекаралас отырған облыстардағы кәсіпкерлердің ісін алға бастырар болса, қазақстандық кәсіпкерлерімізге де өздері өндірген өнімдерін көрші елдерге кедергісіз өткізуіне мүмкіндік ашылды. Енді біз отандық өнім өндіруші кә­сіпкерлер көршілес елдерге сапалы тауар шығарудың қамын қарастыруы қажет деп ойлаймын. Өйткені, Ресейде, не Бело­рус­сияда сұранысқа ие болатындай бәсе­кеге қабілетті өнімдер өндіруге бет бұ­руы­мыз керек. Ол қандай өнімдер болуы мүмкін? Бұл үшін алдымен, әрине, көрші елдер нарығына мониторинг жүргізілуі қажет шығар. Қалай болғанда да, қазақ­стандық брендті танытатын өтімді тауар болғаны дұрыс. Сонымен бірге, Кедендік одақ Ресейде, Белоруссияда шығарыла­тын түрлі техника, өзге де жабдықтарды Қазақстанда құрастыратындай бірлескен кәсіпорындар құрудың орайын келтіріп отыр. Өйткені, осы елдерден қажетті жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді шекарадан өткізуге кедергі жоқ. Демек, Ресей, Беларусь елдеріндегі өзіміздің ры­нок­қа қажетті өнімдерді Қазақстанда шы­ғарудың мүмкіндігі келіп тұрған сыңай­лы. Міне, Кедендік одақтың еліміз үшін маңыздылығы осындай тиімді тұстарымен байқалады. Ел мен ел арасындағы кәсіпкерлердің алыс-берісі молайып, барыс-келісі көбейе түскелі отыр. Атырау облысы. ҰТАРЫМЫЗ КӨП Сергей ТИМОФЕЕВ, “Основание” құрылыс компаниясының жетекшісі. Биыл 1 қаңтардан бастап Ресей, Беларусь және Қазақстан арасында Кедендік одақ құрылып, күшіне енуін қуаттай қарсы алғандардың бірімін. Неге дейсіз ғой? Түсіндірейін. Мен жетекшілік ететін “Основа­ние” ЖШС құрылыс жұмыстарымен көп­тен бері айналысып келеді. Бүгінде ұжымда төрт жүздей адам еңбек етеді. Негізінен баспана тұрғызу ісімен айналысамыз. Елбасының жаңа тұрғын үй саясаты бағдарламасына орай құры­лыс индустриясын жандандыру мүм­кін­діктерін жан-жақты қарастырып ке­ле­міз. Озық технологияларды игере оты­рып құрылысқа зәру материал­дар­ды өзіміз шығаратын дәрежеге жеттік. Мәселен, пластикалық есіктер мен терезелер, бетон құймалар жасау біз үшін пәлендей қиындық тудырмайды. Десек те, бірқатар құрылыс материал­да­ры әлі де сырттан сатып алынады. Әріп­тестік тығыз қарым-қатынас орнат­қан елдердің бірі — Ресей. Жыл өткен сай­­ын оның Омбы, Түмен секілді шека­ралс аймақтарымен іскерлік байланы­сы­мыз нығайып келеді. Кірпіш, цемент се­кілді құрылыс материалдарына деген зәру­лігімізді осылайша өтеп отырмыз. Олардың ұсыныс-сұраныстарын біз де аяқсыз қалдырып көрген емеспіз. Шыны керек, алыс-беріс саласында түйткілді мә­селелер кездеспей қоймайтын. Әсіре­се, кеден бекеттерінде біраз түсінбеу­ші­лік­тер болып жататын. Енді, міне, үштік одақ аясында Ресей, Беларусь және Қа­зақ­станның түпкілікті келісімге келіп, бір арнада бас тоғыстыруы әбден құптарлық дер едім. Қазір Кедендік одаққа қатысты неше түрлі пікірлер айтылып қалып жүр. Көкейге қонатыны да, мәселенің байы­бы­на бармастан ұшқарылау айтылатыны да бар. Ол заңды да. Өйткені, жаңа нәрсе­ні бірден қабылдау қиын. Біз сияқты істің адамдары эко­номикалық тұрғыдан алғанда тиімді екенін жете түсінеді. Ал басқалар ше? Сон­дықтан Кедендік одақтың пайдалы жақтары жайлы түсінік жұмыстарының жүйелі жүргізілуін қалар едік. Уақыт өткен сайын интеграциялық үрдістер қанатын кеңге жайып барады. Оны тоқтату мүмкін емес. Өзге рынок көз­дерін іздестіру, табу – та­биғи құбы­лыс. Оған үрке қарауға болмай­ды. Қайта басқа аумақтарға сапалы, өтімді өнімдер жеткізудің жолдарын қарастырған абзал. Сонда ұтарымыз көп болмақ. Ел Үкіметі отандық кәсіпкерлердің құқын қорғауды бірінші кезекке қойып, қа­зақстандық өнімдердің сапалы өн­дірі­луіне барлық алғы-шарттарды жасары анық. Солтүстік Қазақстан облысы. ҚОСЫМША ШЫҒЫН ҚЫСҚАРЫП, УАҚЫТ ҮНЕМДЕЛЕДІ Құдайберген БЕКЕНОВ, “Желдорфармация” ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Қазақстан, Белоруссия және Ресей Федерациясы бірігіп отырған Кеден одағы туралы әртүрлі пікірлер бар екені жасырын емес. Менің пайымдауымша, үш елдің өзара Кедендік одаққа кіруі қай жағынан алып қарасаң да қайтарымды болмақ. Ең бастысы, өз өнімдерімізді осы елдердің рыногына шығарғымыз келсе, олардың сапасын арт­ты­рып, бәсекелестікке төтеп бере алатындай деңгейде болуына жетуіміз керек. Бұл біздің кәсіпкерлерді озық технологияларды пайда­лануға итермелейді, онсыз әлемдік стандарт­тарға сай өнім шығару қиын. Кеден одағы экономикамыз бен тұрмысымызға елеулі өзгерістер әкеледі, сауда аясының, өткізу рыногының кеңеюіне алғышарт жасайды. Біздің серіктестік облыс халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен айналысады. Көршілес Ресейдің фармацевтика саласын­дағы кәсіпорындарының дәрі-дәрмегін әке­ліп жүрміз. Сондай-ақ, алыс шет елдерде шы­ғатын дәрі-дәрмекті де осы елдің жабдық­таушы фирмаларынан аламыз. Шыны керек, олар анағұрлым сапалы әрі салыстырмалы түрде арзан да. Бірақ, сол дәрі-дәрмектер біздің елдің аумағына өткен соң қым­бат­тап шыға келеді. Оған басты себеп, кеден­дік кедергілер деу орынды. Біріншіден, кеден­дік ресімдеу кезінде, бұл тауарлар уақытша сақтау қоймасына қойылады. Тегін емес, әрине. Одан кейін зертханалық тексеруден өткізіліп, сертификатталады. Бұл да ақылы. Ең бастысы, кеденнен өткенмен бұл дәрі-дәрмектер тұтынушыға жеткенше апталап-айлап кідіріп қалады. Басқа тауарлар да солай. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімсіз. Кедендік одақ талаптары күшіне енгеннен кейін бұлардың бірі де болмайды. Кәсіпкер тауарларды өндіруші кәсіпорыннан немесе жабдықтаушы фирмалардан бірден тұтыну­шыға жеткізеді. Бұл тауардың бағасының арзан болуына, тұтынушыға тез жетуіне мүмкіндік береді. Тез жеткен тауар тез өтетіні және белгілі. Бұл кәсіпкер табысының артуына алғышарт жасайды. Ең аяғы, кедендік толтырулар үшін де алтын уақытың зая кетпейді. Бір сөзбен айқанда, барлық жағынан ұтымды. Алда Кедендік одақтың пайдасын көреміз бе деп үміттеніп отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында болашақта дәрілердің 50 пайызы біздің елде шығарылатынын жеткізді. Әрине, бұл арада тағы да сапа мәселесі алдан шығады. Сол дәрілеріміз сапалы болса, Кедендік одақ игілігінің арқасында көршілес елдің рыногына еркін шыға алар едік. Бұл өз кезегінде отандық фармацевтика кәсіп­орындарын өз жұмысын осы бастан сапалы өнім өндіруге бағыттауға итерме­лей­тіні сөзсіз. Кедендік одақ қай салада болма­сын тиімділік әкелетін табысты тұтқа болып табылады. Оның игілігін көретін кез жақын. Әрине, ол үшін кеден саласында жаңаша жұмыс істеуге қазірден бейімделуіміз керек. Мен өз басым Кедендік одақтың елге де, кәсіпкерге де пайдалы екенін аңғарамын. Бұ­рынғы кедендік кедергілердің қиындықтарын көрдік. Бұл әлемдік қаржы дағдарысынан бірігіп шығудың да сәтті қадамдары болса керек. Олай болса, мұның өзі қоғамдық даму­дың да, уақыттың да талабы деу орынды. Ақтөбе облысы.