30 Наурыз, 2010

СУВОРОВ, НАХИМОВ... НЕВСКИЙ

558 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
атындағы наградалар бар екені белгілі. Ал Момышұлы ордені неге жоқ?Біз барлық кезде Момышұлы лекциясын қызығу­шы­лық­пен күтетінбіз. Ол қандай бір материал болмасын, көбіне қағазға қарамай, схемаға, әскери тәжірибеге сүйене түсін­ді­ріп, әр тезисін өнегелі мысалдармен бек­і­тетін. Тактиканың күрделі мәселелерін твор­честволықпен ойлап, творчестволықпен шеше білуге баулитын. Ол шенге бас имес қарапайымдылығымен және тыңдау­ш­ы­лар­дың бәріне қатаң талап қоя білетін әділдігімен біздің сүйіспеншілігімізге бө­ленген еді. (И.М.Голушко, генерал-полковник, әскери ғылымдардың докторы, профессор, КСРО Қорғаныс министр­лігін­дегі тыл штабының бастығы). Бойы ортадан биік, аздап толалау, етті-жеңді келген, жоталы қыр мұрынды, сымбатты жігіт ағасымен Алматы әскери госпиталында кездестім. Ол кісі өзін: – Полковник Бергенғали Оразғалиұлы Сейітқалиев, – деп таныстырды. Біраз сөйлесе келе: – Сізді мұнда шақырған себебім, Бауыржан Момышұлы туралы көңілімде жүрген ойлар бар еді, соны айтқым келді, – деді. – Айтыңыз, құлағым сізде. Екеуміз ашық алаңның шығыс бөлігіндегі ұзынша, жайпақ орын­дық­қа қатар жайғастық. Күз күні төбе­міз­ден нұрын аямай төгіп тұр. – 1983 жыл. Алматыдағы Орта Азия әскери округі шта­бында жұмыс істеп жүр­ген­мін. Мені Саратов облы­сындағы Вольский әскери училищесін бі­тірушілерден емтихан қа­былдауға жіберді. Онда бір ай болдым. Емтихан қабылдау сарапшы тобының төрағасы, КСРО Қор­ғаныс министрінің орынбасары, генерал-полковник Н.Рожков училище басшыларымен менің қабылдап отырған емтиханыма қатынасты. – Біз кедергі жасамайық, жұмы­сыңызды жалғастыра беріңіз, – деп 15-20 минуттан кейін ол кісі аудиториядан шығып кетті. – Емтихан тапсырушылар саны қанша еді? – Мың. Сол мыңның ішінде жалғыз қазақ жігіті Қажығали Мұқатов болды. Ол кейін генерал атанып, ұзақ жыл Қорғаныс министрлігі тыл басқармасын басқарды. Қазір де жауапты қызметте. Әңгімеме қайта оралайын, түске жақын училище басты­ғының орынбасары келіп: – Сіз сағат екіде генерал-полковник Н. Рожковтың алдында болуыңыз керек, – деді. Айтқан мезгілде барып, қабылдауына кірдім. Орнынан тұрып, күлімсірей сәлемімді алып: – Сен қазақсың ба? – деді. – Иә, қазақпын. – Дайындығың жақсы екен. Бауыржан Момышұлын білесің бе? – Білем. Ол кісі ел, халық батыры ғой. Өз басым дидарласып, сөйлескен жан емеспін. Сыртынан мақтаныш етіп, өзіме ұстаз санаймын. Тек қиыны, былтыр марқұм болды. – Естідім. Өте өкінішті, – деп қинала қабақ шытты генерал. – Әскери академияда мен ол кісінің дәрісін тыңдап едім. Керемет педагог бо­латын. Сабағынан қалмауға тыры­са­тынбыз. Әр лекциясы, жинаған тәжірибесі бізге ұмытылмас әсер қалдыратын. Сол әсері менің осындай дәрежеге жетуіме себін тигізді деп ойлаймын. Ол кісі сенің ұлтыңның ғана емес, бүкіл совет халқының да көкірегінде сақталады деп білем. Бейнесі әр кез жадымда. Шәкірттеріне сондай сыйлы, қадірлі, өте бір әділетті адам еді. Ол кісіден білім алғанымды өзіме үлкен мәртебе санаймын. Бауыржан Момышұлы менің ұлы ұстаздарымның бірі, – деді. – Жақсы сөздер айттыңыз. Ілти­па­ты­ңызға жалғыз мен емес, бүкіл қазақ халқы риза болатыны сөзсіз, – деп едім: – Мәселе онда емес, айтайын дегенім Ба­уыржан Момышұлының нағыз педагог екен­дігі. Менің шамалауымша, ол кісінің шә­кірттерінен үлкен-үлкен 20-ға жуық генерал шықты. Өзің ойлап, таразылашы, Отанымызға бір қазақ 20 генерал дайындап берсе, ол аз ба? Сені шақырғандағы мақ­сатым – Бауыржан Момышұлының шәкірті екенімді айту еді. Жақсы, жұмысыңды жалғастыра бер, – деп қоштасты. Мына сөздерді естігенде төбем көкке жеткендей болды. Осылай деген Бекең сәл үнсіз отырды да: – Сіз белгілі кинорежиссер Алмас Хасенұлы Байзақовты білуші ме едіңіз? – деп екінші бір әңгіме желісіне көшті. – Аздап білем. – Ол текті жердің баласы. Әкесі кезінде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болған кісі. Сол Алмас маған бірде: – Сіз генерал-полковник Иван Мака­рович Голушконы білесіз бе? – деп сұрады. – Хабарым бар, – дедім мен. – Көмекші операторым екеуміз 1985 жылы Мәскеуге барып, Иван Макарович Голушкомен жолықтық. Алдында ол кісінің “Тыл солдаттары” деген кітабынан Ба­уыр­жан Момышұлының қандай ұстаз, өзінің қандай шәкірт болғаны, Баукеңнің үлкен тұлға екені жөнінде бір жарым бет жазған жүрек терберлік жазуын оқып, телефон соғып: – Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм түсірсек деген ойдамыз. Бізге көмектесе аласыз ба? – дегенімде, генерал: – Келіңіздер, Қорғаныс министрлігінің өз киностудиясы бар. Сөз жоқ көмектесеміз, – деген болатын. Барсақ, бәрін дайындап, бізге қолқабыс көрсетуге бір подполковникті бөліп қойыпты. Апта жүріп, жұмысымызды бітіріп, Алматыға кешкі ұшақпен қайтатын болдық. Қоштасқалы Иван Макарович Голушконың кабинетіне ендік. – Қалай, келген шаруаларыңыз бітті ме? – Бітті. Көмегіңізге рақмет! Бүгін кешкі ұшақпен Алматыға ұшпақпыз. – Өтінішім, ертең қайтыңыздар. Қай мезгілде ұшқандарыңыз қолайлы? – Таңертеңгі сағат 9 дұрыс-ау. Түймені басты. Ішке подполковник енді. – Мына кісілердің билетін ертеңгі сағат 9-дағы рейске ауыстырып әкеліп бер, – деді де, бізді ары-бері алып жүрген под­пол­ков­никке бұрылып: – Бүгін бұл кісілерді қыдыртып, Мос­к­ва­ны аралат. Кешкі сағат 6-да менің үйіме қонаққа алып кел, – деді. Өзі керемет көпшіл, кішіпейіл кісі екен. – Асыл ұстазым ту­ра­лы жылы лебізімді білдіру шәкірттік парызым, – деп даст­ар­­қа­н ба­­­с­ын­да бізге Бау­кеңнің ұстаздық өмірінен тебірене сыр шертті. Біз сол сәтті кинолентаға түсіріп алдық. – Ой, жарайсың, жігітім, – дедім мен қуанып. Осы арада енді сөзге мен араластым. – Беке, өзіңіз қайда, қандай әскери оқу орнында оқыдыңыз? – Саратов облысындағы Вольский әскери училищесінде, одан кейін Ленинградтағы әс­кери академияда білім алдым. Бізге Баукеңнің шәкірттері – әскери ғылым докторлары, профессор-генералдар, әскери ғылым кан­дидат­тары – доценттер дәріс оқыды. Кейбірі декан, кафедра меңгерушісі болып істейтін. Олардың біразы әлі де бар. Академия бастығы генерал-полковник Ермаков бала кезінде қазіргі Тараз қаласында тұрған екен. Бізге бүйрегі бұратын. – Баукеңнің шәкірттері – әскери ғылым докторлары, профессор-генералдар, әскери ғылым кандидаттары – доценттер лекция оқыды дедіңіз. Сол кісілердің аты-жөндерін айта аласыз ба? – Ұзақ жыл кафедра басқарған әскери ғылым кандидаты, доцент, генерал-майор Марченко, КСРО Қорғаныс министрлігіндегі басқарма бастығы, генерал-полковник Исаенко, әскери ғылым кандидаты, доцент Ра­китянский (бұл кісі менің курстық, дипломдық жұмысыма жетекшілік еткен, өте ірі маман, керемет ұстамды, білімді кісі еді). Е, есіме түсті, полковник Семенов сияқты оқы­ту­шы­ларымыз болды. Ол кісілердің бәрі Баукеңнің шәкірттері. Өкінетінім, сізге ұқсап мен де ол кісілерден Бауыржан Момышұлының ұстаздық ерекшеліктерін сұрамаппын. Сұрағанымда, сөз жоқ айтар еді. – Баукең Калинин қаласындағы әскери академияда сабақ берді емес пе? Ол кісінің Ле­нин­град әскери академиясына қандай қатысы бар? – Сұрағыңыз орынды. Б.Момышұлы ұстаздық еткен Калинин қаласындағы әскери академияны Н.С.Хрущев кезінде Ленин­градтағы осындай академияға қосқан болатын. – Е, енді түсінікті. – 2001 жылы Баукеңнің 90 жылдық мерейтойында мен Жамбыл облысының әкімдігіндегі азаматтарға: – Бір-екі адамды Ленинград академиясына іссапармен жіберіңіздер. Батыр ағамыздың шәкірттері – профессор-гене­рал­дармен сөйлесіп, академия мен Подольск әскери мұрағаттарында болсын. Менің шамалауымша, Баукең тәрбиелеген генералдар саны 40-тан асады. Өйткені, ол кісі әскери академияда бес жыл бойы ең кемі екі мыңдай офицерге дәріс оқыды. Мұны да мұрағат құжаты арқылы анықтап, Бауыржан Момыш­ұлының ұстаздық қыр-сырын ашуға болады, – деген өтініш білдіріп едім. Олар: “Өтінішіңіз орын­ды, өйтеміз, бүйтеміз” деп қолдау көрсеткен соң, академияда бірге оқыған, сонда ұстаздық етіп жүрген орыс профессор-генерал достарыма телефон шалып, “бізден адам барса, көмектесіңіздер” дегенімде, бәрі “келсін, қолдан келген көмегімізді аямаймыз” дескен еді. Ол кезде жағдай қиын, қаржы тапшы болып, ойлаған ойымыз іске аспай қалды. Енді батырдың 100 жылдығында сол идеямен Мәскеуге, Петербургке бір-екі адам жіберсек деген өтінішті жоғары лауазымды басшыларға айтқым келеді. Тағы бір тілегім, Құрлық әскери институтына, әскери бригадаға Баукеңнің атын берсе, артық болмас еді. Сонымен бірге Бауыржан Момышұлы атындағы екі дәрежелі орден тағайындалса, Бірінші дәрежелі орденмен полк командирінен жоғары командирлер, екінші дәрежелі орденмен полк командиріне дейінгі командирлер марапатталса, дұрыс болар еді. Мұны да мен әскери адам ретінде сарбаздардың рухын көтеріп, ерлікке, отансүйгіштікке баулуға себі тиетін шара деп білем. Біздің кейде Баукеңнің әскери профессор атағына жай, үйреншікті нәрсе деп үстірт, жеңіл-желпі қарайтынымыз бар. Тереңірек ойлансақ, академия есігін ашқанға ондай атақты оп-оңай бере салмайды. Оған қанша талпынсаң да жете алмауың мүмкін. Бағаласақ, Баукеңнің әскери профессор атанып, әскери академияда сабақ беруі халқымызға үлкен абырой, үлкен олжа. – Сұрағаным үшін айып етпеңіз, өзіңіз қай жерде туып-өстіңіз? – Мен Орынбор облысы, Первомайский ауданынанмын. Әке-шешем бұрын Орал мен Атыраудың ортасындағы Тайпақтың тұрғыны екен. – Ата-анаңыз қандай кісілер еді? – Мақтанғаным емес, әкем де, шешем де, қазақша айтқанда көргенді жандар-тын. Әкем жетімдіктің салдарынан оқи алмаған. Самара қорғаныс заводында қарапайым жұмысшы болып жүргенінде соғыс басталып, майданға сұранады. Цех бастығы: – Сен жұ­м­ыс­ты жақсы істейсің, өзімізге керексің, жібер­меймін, – деп қарсы болады. – Майданға ағам, құр­дасым бара жатыр. Менің олардан қалғым келмейді, – деп ол кісі екінші рет әскери комиссариатқа өтініш жазады. Бұл жолы цех бастығы амалсыздан рұқсат етеді. Әкем жаумен Ленинград қорғаныс шебінде бетпе-бет келеді. Ол жерде окоп қазу мүмкін емес екен, сәл қазса, су шығады. Бірінші күні ағасы оққа ұшады. Құрдасы: – Кезек енді маған келді-ау, – дейді. Минометтен атылған снаряд жарылады. Түтін, шаң сейілгенде, әкем құрдасының миы кеудесінде шашылып жатқанын көреді. Сөйтіп, бір күнде ағасынан, құрдасынан айырылады. Өзі бірнеше рет жараланып, үйге мүгедек бо­лып оралды. Ол кісіге ерекше риза бола­ты­ным, бізге жақсы тәрбие берді. – Қазір туған-туысқандарыңыз қайда тұрады? – Сол Ресейдегі Орынбор облысында. – Сіз қазақша жақсы сөйлейсіз ғой? – Қазақ емеспін бе? Кішкене кезімізде әке-шешеміз бізге батырлар жырын оқытатын. Кейбір алматылықтардың ана тілін білмейтініне таң қалам, намыстанам. Бұл жөнінде Баукеңнің ашуланатыны да әбден орынды. – Әскери шеніңіз? – Полковник. 40 жылғы әскери өмірімде генерал, бастық болайын деп ойлаған емеспін. Әйтеуір әке-шешеме, еліме ұят келмесе екен деп әскери қызметімді тиянақты атқаруға талпынып бақтым. Кейін Орталық Азия әскери округінің штабында істедім. 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сол жылы Орталық Азия әскери округі тарап, Түркістан әскери округіне қосылғанда, мен Қорғаныс министрінің бұйрығымен тыл басқармасының бөлім бастығы боп Венгрияға кеттім. 1990 жылы Венгриядан ештеңе жоғалтпай, еш­қан­дай апатқа ұшырамай, шығынсыз шыққаным үшін жауынгерлік орденімен, кейінірек “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” мерекелік медалімен марапатталдым. Жауынгерлік орденді Мәскеуде президент М.С.Горбачевтің өзі табыс етті. Сол сәтте әке-шешемнің ойынан шықтым, елімнің үмітін ақтаған сияқтымын деп қуандым. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде істедім. Кейін үш жарым жыл Оңтүстік әскери округі қолбасшысының орынбасары болып, генералдық міндетті атқардым.. – “Шәкіртсіз – ұстаз тұл” деген. Қа­рама­ғыңызда болған әскери кадрлар туралы не айтар едіңіз? – Кезінде менің қарамағымда болған жігіттердің 15-і қазір өнегелі офицер болып әскери қызметін адал атқарып жүр. – Ол азаматтардың бәрі де Бауыржан Момышұлының бүгінгі ізбасарлары ғой? – Дәл солай. Менің жоғарыдағы өтінішімді биліктегі бауырларымыз ескеріп, нәтижелі шешім қабылдайтын шығар деген үміттемен... – Үмітіңіздің ақталуына тілектеспін. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,  жазушы.  Алматы.