02 Сәуір, 2010

ИКҰ-НЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛДІГІ АШЫЛДЫ

704 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
30 наурызда Қазақстан Респуб­ликасының Ислам Конференциясы Ұйымындағы (ИКҰ) Тұрақты өкілдігі өз жұмысын бастады. Бұл қадам құрамына Еуропа, Азия, Африка және Американың 57 мем­лекеті кіретін беделді ха­лық­аралық ұйыммен біздің елдің қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған. Өкілдіктің ашылуы келер жылғы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы аясында ерекше мәнге ие. Сонымен қатар, бұл шешім Астананың мұсылман әлемі мемлекеттерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге нақты бел буғандығын аңғартады. Аталған елдер Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап, біздің ел аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай қолғабыс етуде. Қазақстанның ИКҰ-дағы өкілдігінің басшысы болып Бақыт Батыршаев тағайындалды. Сол күні Тұрақты өкілдіктің басшысы ИКҰ Бас хатшысы, про­фессор Экмелледин Ихсан­оғ­лумен кездесу өткізді. Кездесу барысында қазақстандық дипломат әріптесіне ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың жолдауын табыстады. Әңгіме барысында Экмелледин Ихсаноғлу Астананың халықаралық аренадағы зор беделін атай отырып, Қазақстанның аталған ұйымдағы атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымға жаңа серпіліс беретіндігіне сенімін білдірді. Сонымен қоса, ИКҰ Бас хатшысы Қазақстан мен Түркия сыртқы сая­си ведомстволары басшы­ларының 2010 жылдың 7-9 маусымында Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 3-ші саммитіне шақыруын қуана қабылдады. Қазақстандық Тұрақты өкіл­діктің ашылуы Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласындағы ИКҰ штаб-пәтерінде 29-31 наурызда өткен экономикалық, мәдениет және әлеуметтік мә­се­лелер жөніндегі Ислам ко­мис­сиясының 33-ші сессиясына тұс­па-тұс келді. ИКҰ Бас хатшысы сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде ұйымның дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелеріне тоқ­тала келе, Қазақстан дипло­матиясының арқасында ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы жақсарып келе жатқан ынтымақтастықты қош­тады. Атап айтқанда, ИКҰ Бас хатшысы 29-30 маусымда Астана қаласында өтетін ұстанымдылық пен кемсітпеу туралы ЕҚЫҰ конференциясының маңызын атап өтті. Осы конференция шеңберінде екі ұйымның исламофобияға қарсы іс-шаралар жөніндегі бірлескен семинарын өткізу жоспарлануда. Қатысушы мемлекеттер ынты­мақтастығы жөнінде кең ауқымды мәселелер талқыланған комитет сессиясының жұмысына қазақ­стандық делегация белсенді қа­тыс­ты. Сессияның қабылдаған құжаттарында ИКҰ-ның Қазақ­станның мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуы жө­нінде, 7-ші Әлемдік исламдық экономикалық форумды 2011 жылы Астана қаласында өткізу жөнінде, Семей ядролық поли­гонынан және Арал теңізінің апатты кебуінің салдарынан жапа шеккен аймақтарды экологиялық және әлеуметтік оңалтуға халық­аралық қоғамдастықтың назарын аударту жөніндегі және т.б. бастамалары қолдау тапты. “Егемен-ақпарат”.