02 Сәуір, 2010

ЖАМПОЗДАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

537 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласында еліміз кикбок­сингінің 20 жылдық мерекесіне орайластырылып ұйымдастырылған ел Кубогы өз мәресіне жетті. 25-28 нау­рыз аралығында өтіп, Қазақстан­ның 13 облысы мен Астана, Алматы қалаларының 200-ден астам үздік кикбоксшылары қатысқан бұл сында ел жарыстарының бірнеше дүркін чемпиондары, әлем чемпионатта­рының, Азия ойындарының жүл­дегерлері мен жеңімпаздары болды. Ақтық кезеңдер фулл-контакт бөлімінде ерлер арасында 11, әйелдер арасында 5 салмақ дәрежесінде өтсе, лоу-кик бөліміндегі жеңімпаздар 12 салмақта анықталды. Әйелдер арасындағы жарыстарда Қарағанды және Ақмола облыста­ры­ның спортшыларына тең келген кик­боксшылар табылмады. Өткен жылғы ел чемпионы, Вьетнамда өткен жабық ғимараттардағы Азия ойындарының қола жүлдегері ақмолалық Сәния Сү­лей­менова 48 кило салмақта атағын бұл жолы да сақтап қалды. Оның жер­лесі Маржан Әлімова ақтық ке­зең­де 52 кило салмақ дәрежесінде шығысқазақстандық спортшы, Тай елінде өткен Азия Ойындарының жүлдегері Жадыра Қуанышеваны жеңіп шықты. 56 килода Ирина Зенина жеңімпаз атанса, 65-те Аялита Сахова жеңімпаз атанды. Екеуі де Қарағанды облысының өкілі. 65 килодан аса салмақ дәреже­сін­де ақтық кезеңнің жеңімпазы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Әлия Қамбарова танылды. Ерлер арасындағы фулл-контакт бөліміндегі ақтық кезеңнің сайыстары алғашқы салмақ дәрежесінен бастап аса тартысты өтті. Мәселен, 54 ки­ло­да финалда 2007 жылғы әлем чем­пио­ны, қостанайлық Дидар Күнбатыров пен 2009 жылғы Қазақстан Кубогы­ның жеңімпазы, Ақтөбе облысының спортшысы Еркебұлан Омаров кез­десті. Бұл жекпе-жекте бір дауыс ерек­шелігімен жеңіске Дидар жетті. 57 килода шығысқазақстандық Әлем­жан Құдайбергенов СҚО өкілі 2007 жылғы әлем чемпионы Әмір Тінәлинді жеңді. Лоу-кик бөлімінде 57 кило салмақ дә­режесінде Әлемжанның ағасы, Азия Ойындарының екі дүркін же­ңімпазы (Макао-2007, Тайланд-2009) Бауыржан Құдайбергенов те аса тартысты жекпе-жекте 2008 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Ерзат Сетербаевтан басым түсті. 67 кило салмақтағы сайысты елорда жанкүйерлері асыға күткен еді. Аста­налық Әсет Тайғанов павло­дар­лық Ерсайын Қасамбаевпен кездесті. Өткен жылғы ел чемпионатының ақ­тық ке­зеңінде кездескенде де жеңіс Ерсай­ынның үлесіне тиген-ді. Бұл жолы да Ерсайынның асығы алшысынан түсті. 71 кило салмақта да бас жүлде Павлодар облысының үлесіне тиді. Саян Жақыпов финалда қостанайлық спортшы Ерік Бержановтан айласын асырды. Бұл жылғы жарысқа қатысу­шы­лар­д­ың бәрі алдын-ала жарналарды жи­нады. Жиналған 500 000 теңге қа­ра­жат – Алматы облысының Қызыл­ағаш ауылындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету үшін аударылмақ ниетте екен. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.