– Қателеспесем, бұл сіздің елімізге алғашқы сапарыңыз емес. Бұл жолғы сапар сізге қандай әсер қалдырды?
– Иә, бұл менің сіздердің елге алғашқы сапарым емес. Мен Қазақстанға соңғы рет шамамен 22 жыл бұрын келдім. Ол кезде Алматыда екі жыл тұрдым, АҚШ-тың USAID қоры ұйымдастырған білім беру жобасында жұмыс істедім. Сондай-ақ Астанаға келіп, білім беру конференциясын өткізгенбіз. Қазақстанға шын мәнінде ғашықпын десем артық емес. Өзім армянмын, қазір АҚШ-та тұрамын. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдер ретінде ортақ тұстарымыз көп. Ал мені ерекше әсерлендіргені – Қазақстанның көпұлтты, ашық қоғамы. Әртүрлі мәдениеттерді қабылдай білу елдің ұлттық мәдениетін байытады, ал Қазақстан мәдениеті онсыз да өте терең.
– Бүгінгі қоғамдағы басты тақырыптардың бірі – жасанды интеллект. Ол медиа саласын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
– Бұл өте ауқымды сұрақ. Мен KazMedia холдингінің кеңес алқасындамын мүшесімін және FIPP ұйымының төрайымымын. FIPP – әлемдегі ең көне әрі ірі медиа қауымдастықтардың бірі. Оның құрамында New York Times, The Economist, Vogue, Condé Nast сияқты ірі брендтер де, шағын цифрлық платформалар да бар. ЖИ-ге қатысты медиадағы ең үлкен мәселе – ірі жасанды интеллект компаниялары контентті авторын көрсетпей әрі ақы төлемей пайдаланып отыр. Ал ол контентке баспагерлер мен журналистер инвестиция салады, интеллектуалдық меншік қалыптастырады. Әрине, ЖИ-дің пайдалы жақтары көп. Бірақ авторлық құқық пен әділ үлес мәселесі шешілмейінше, бұл үлкен тәуекел болып қала береді.
– ЖИ-ді газет саласында тиімді пайдалануға бола ма?
– Әрине. Мысалы, зерттеу жұмыстарында, архивтермен жұмыс істеуде өте пайдалы. Көптеген басылымдардың бай архивтері бар, ЖИ сол материалдарды қайта айналымға енгізуге көмектеседі, жаңа форматта ұсынады. Бұл контенттің мазмұны арттырады. Бірақ ең маңыздысы – «адам бақылауы» болуы тиіс. Дереккөздердің дұрыстығын, фактінің нақтылығын міндетті түрде редактор тексеруі керек. Қазіргі қолданылып жүрген ЖИ – ең әлсіз нұсқасы ғана, ол күн сайын дамып келеді.
– АҚШ медиасы ЖИ әсеріне ұшырады ма?
– Иә, ықпалы зор десек болады. Қазір адамдардың көбі газеттің сайтына тікелей кірмейді, баспа нұсқасын да сирек сатып алады. Ақпаратты ЖИ платформалары арқылы іздейді. Кейде дерек сенімді болса да, авторы көрсетілмейді, контент иесіне ақы төленбейді. Бұл АҚШ медиасына үлкен соққы болды. Себебі ірі ЖИ компаниялары контент жасаушылармен табысты бөліспей отыр.
– Естуімше, New York Times-тың шағын ақпараттарын жасанды интеллект жазады екен, бұл рас па?
– Мұны нақты айта алмаймын, себебі біз New York Times-тың ресми өкілі емеспіз. Бірақ ашық дереккөздерге сүйенсек, New York Times OpenAI компаниясын сотқа берді. Себебі олардың контенті рұқсатсыз пайдаланылып, авторы көрсетілмей, ақы төленбей қолданылған. New York Times – әлемдегі ең сенімді медиа брендтердің бірі. Сондықтан біз Қазақстанда олармен лицензиялық келісім арқылы екі тілде шығатын басылымды ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл Қазақстан медиасы үшін де маңызды кезең.
– Turning Points журналы Орталық Азияда алғаш рет шығып отыр ма?
– Иә, бұл журнал Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда және бұрынғы Кеңес Одағы аумағында алғаш рет жарық көріп отыр. Turning Points әлемде шамамен 10 тілде шығады. Қазақ және орыс тілдеріндегі біріккен нұсқа – тоғызыншы немесе оныншы тіл деуге болады.
– Қазақстан медиасы өте белсенді, амбициясы жоғары және инновацияға ашық. Өзім жақсы білетін әрі бәсекеге қабілетті компаниялардың бірі – KazMedia Holding. Мен олардың кеңес алқамүшесімін, бірақ оларды 10 жылдан бері танимын.Олар Қазақстанда алғаш болып National Geographic-ті қазақ тілінде шығарды, кейін New York Times лицензиясымен Turning Points жобасын іске қосты. Алда Harvard Management сияқты басқа да әлемдік брендтерге қатысты жаңалықтары бар. Жалпы мұнда динамикалы, көшбасшылар қалыптасып келеді. KazMedia Holding-ті сол көшбасшылардың бірі деп есептеймін. Әсіресе олардың қазақ тілінде сапалы контент ұсыну миссиясы – ұлттық болмыс пен тілді сақтауда аса маңызды.
Әңгімелескен,
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»