Әдебиет • 05 Маусым, 2020

Алматыда ақын көп...

646 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бала кезде Алматыда ақын көп деп еститінбіз. Адамзаттың ең сұлуы солар­ деп ойлаушы едік. Жүзінен нұры төгіліп, асқақтай басқан ақынды көру бір­ арман болды. Көне кітабындағы өлеңдерін еліге оқып, өзін өлеңінен артық жақ­сы көрдік. Ол жыласа, жыладық. Жымиса, жымидық. Сонда біреу: «Осы ақындар неге жылайды? Ақынға не жетпейді?» десе, ақын жанын түсінбейсің деп шырылдаймыз. Қайран, кіршіксіз бала көңіл... Қазір ойласам, ақындарға деген құрметіміз бала шақта ғана пәк һәм шынайы болғандай.

Алматыда ақын көп...

Қу уақыт орнында тұра ма: кейін ақыны көп Алматыны да көрдік. Әлгі ақтап алған жылауық ақынды да көрдік. Бәрін-бәрін сезіп, білдік. Тіпті, бетпе-бет келіп, ашық-жарқын сөйлестік. Әсіресе Жазушылар одағында ақын-жазушылар көп жү­реді. Жасы бар, жасамысы бар – бәрі. Өздері «қасиетті» дорбасын арқа­лап, ара-тұра қолын сермеп әңгіме айтқанды өте-мөте жақсы көре­ді. Діңкең құрып тұрса да тың­дай­сың. Өйткені ол ақын ғой.

– Сен мені танисың ба?

– Шырамытып тұрмын, аға (та­нымасаң да осылай сәл өтірік айта­сың).

– Менің мынадай кітаптарым бар.

– А-а-а, жөн екен.

– Сен өзің жазасың ба?

– Иә.

– Мені оқып па едің?

– Жоқ, оқымаппын (бұ жолы шы­ныңды айтасың).

– Мен туралы жазсаң, үлкен жаңа­лық ашасың.

– Көреміз ғой енді…

– Үйіме келіп, қалай жазатынымды көрсең, тіпті таңғаласың.

– А-а-а.

– Міне, мынау менің өлең кітабым. Өте қызық.

– Жақсы, оқырмын.

– Мені теледидардан көп көрсетеді. Ұмытып тұрған боларсың.

– Бәлкім…

– Сен менің телефонымды жазып ал. 272 ….

– Жаздың ба?

– Иә, иә, жаздым.

– Менің тарихым қызықтырса, хабарлас.

– Мақұл. Сау болыңыз! Асығып тұр едім…

– Менің ашылмаған сырларым көп. Өкінбейсің.

– Жақсы, аға...

 

P.S.: Бұл біршама жыл бұрын болған оқиға-тын. Жаны өлеңге емес, мақтанға толып қалған әлгі ақын ағаларымыз қазір тіпті күшейіп алған. Баяғы кітабын құшақтап, әркімге бір ұстататын жайдары мінез жоқ. Өйткені ол үлкен адамға айналған.