
Оқулықтарды басуға қатысты баяндама жасаған А.Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында:
«Оқулық – сапалы білім алудың маңызды құралы. Осы ретте оқулықтарды шығару тәртібі өзгертіліп, бұл туралы нормативтік-құқықтық актілер Әділет министрлігінде тіркеліп, өзгерістер күшіне енді. Бұдан былайғы оқулықтардың сапасы мүлдем бөлек болады. Айталық, оқулықтардың форматына қатысты ортақ талап енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, оқулықтардың біреуі – үлкен, біреуі – кішкентай. 1-сыныптың оқушыларына арналған қазіргі оқулықтар тым көлемді болғандықтан, мұғалімдер екі баланың бір партаға кітаптарын сыйғыза алмай қиналатынын жеткізді. Оқулықтар тек шрифт, дизайн, жалпы безендіру мәселесіне ғана емес, білім алушылардың жас ерекшелігіне сай әзірленуі тиіс. Содан кейін кейбір оқулықтардағы тапсырмаларда интернетке сілтемелер беріледі. Бірақ оқушылардың бәрінде бірдей интернет жоқ екені ескерілмеген. Жоғарыда енгізілген өзгерістерде оқулықтардың мазмұнында осындай шала тапсырмалардың болмауын қарастырып отырмыз», деді.
Ал республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығының директоры Ғани Бектайұлы соңғы бірнеше жылдан бері биыл бірінші рет 3 млн-нан аса оқушының оқулықтармен 10 пайыз қамтамасыз етілгенін айтты.
«Бұл пандемия жағдайында оқушыларға жасалған мемлекеттің қолдауы деп білген жөн. Оқулықтарды әзірлеудің жаңа тәртібіне келсек, кітаптарды сараптамадан өткізуге психо-лингвистикалық және көркем әдебиет тұрғысынан тексерісті қостық. Бұл біздің мәдениетімізге, қалыптасқан дәстүрімізге, дінімізге қайшы келетін ақпараттарды баспау үшін керек. Көркем әдебиет тұрғысынан тексеріс авторлық құқықты бұзудың алдын алу мақсатында енгізілді», деді Ғ.Бектайұлы.
Орталық басшысының баяндауынша, оқулық авторлары бұдан былай оқулықтарды әзірлеу курстарынан өтіп, сертификат алады. Оқулықтарды шығару ісімен тек осындай сертификаты бар авторлар ғана айналыса алады. Бұл талап пен курс оқулық сарапшыларына да қатысты болып отыр. Сонымен қатар авторлар мен сарапшылар құрамында тек ғалымдар емес, әдіскерлер мен білікті мұғалімдер де болуы тиіс. Бұдан бөлек сарапшыларға тексерістен өткізілетін оқулықтардың авторы мен баспасы көрсетілмей беріледі. Бұл өз кезегінде ашықтық пен әділдіктің болуын қамтамасыз етеді. Баспаларға да қатысты бірқатар өзгерістер бар. №91 бұйрыққа сәйкес, енді үлкен қателіктер кеткен жағдайда баспа оқулықтарды толығымен өз қаржысына қайта басып шығарады. Сондай-ақ баспалар өздері басатын оқулықтарға баспаішілік сараптама жүргізуге міндетті.