
Фестиваль осымен оныншы рет өткізіліп отыр. Пандемияға байланысты іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылды.
Айтулы іс-шара Беларусь, Грузия, Италия, Қазақстан, Латвия, Ресей және Жапония елдерінен келген хореографиялық ұжымдардың 350-ден аса қатысушысының басын қосты. Барлық қатысушы дипломдармен, ал жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара барысында Қазақ ұлттық хореография академиясының проректоры Бибігүл Нүсіпжанова «Встречи на берегах Невы» фестивалінің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына өзінің құттықтауын жолдады.
«Осы мерейлі сәтті пайдаланып, фестивальдың алғаш құрылуы мен қалыптасуына атсалысқан барлық қатысушыға ризашылығымды білдіремін. Жыл сайын жобаның ауқымы мен аясы кеңейіп, қатысушылардың хореографиялық шеберлігі жаңа биікке көтеріліп келеді. Жастар жаңа белестерді бағындырып қана қоймай, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып жатқандай. Баршаңызға ұзақ өмір, табыс және амандық тілейміз» деді Б.Нүсіпжанова.
Айта кетейік, былтыр «Встречи на берегах Невы» фестивалінде Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері «Үздіктер» атағына ие болған болатын. Сол кеште Алмат Шәмшиевтің жетекшілігімен Аққанат Смағұлова мен Жания Қанат халық музыкасына қойылған «Әшекей» хореографиялық миниатюрасын ұсынды. Сондай-ақ Анвара Садықованың қойылымындағы Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына «Аққулар» биін билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болған еді