Ауыл • 05 Ақпан, 2021

Ауыл әкімін сайлармыз-ау... Тек кімді және қалай сайлаймыз?

859 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан алты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты Қаратал ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездескенімде, олар бір келеңсіздік жайлы қынжыла айтқан еді. Көптің көкейіндегі сөзді бір ақсақал: «Ауылдың шетіндегі су толтыратын мұнараны көзіңіз шалған шығар? Оған алты шақырымдағы аудан орталығынан су құбыры тартылған. Бес-алты жылдан бері босқа тұр. Оған қазынаның миллиондаған теңгесі текке шығын болды. Неге дейсіз бе? Ауылымыздың бірде-бір тұрғыны оған келіп тұрған ауыз суды қалтасынан ақша шығарып, сатып алғысы келмейді. Себебі бәрі өз үйінің жанынан құдық қазып алған. Бізден осы су құбыры керек пе, онымен келетін ауыз суды сатып алуға қарсы емессіздер ме деп сұраған не ауылдың, не ауданның әкімі болған жоқ. Енді, міне, ол босқа шіріп тұр. Мемлекет қаржысын бұлай далаға шашуға бола ма?» деп күйіне жеткізген еді.

Ауыл әкімін сайлармыз-ау... Тек кімді және қалай сайлаймыз?

Сол жолы «Егер ауыл мен аудан әкімдерін тұрғындардың өздері сайлап, оған талап қоя алатын болса, мұндай келеңсіздікке жол берілмес еді-ау...» деген ой санамды шабақтап өткен.

«Таң атайын демейді – күн қоймайды» демекші, ол да алға басқан заман еншісіндегі өзгеріс екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауына сәйкес биыл елімізде ауыл әкімдерін сайлау енгізілмекші. Одан кейін кезек аудан әкімдеріне келмекші. Мұның өзі демократиялық даму жолына түскен қазақстандық қоғам үшін маңызды қадам болмақ. Атап айтқанда, ауыл әкімдерінің сайланбалылығы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін түбегейлі жетілдіріп, ауылдық елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуде жариялылық пен әділдік қағидаттарының үстемдік құруына жол ашары анық. Енді жұрт келекелеп «жеңдер» деп атап кеткен тендерді орынды-орынсыз өткізіп, тойымсыз құлқынының қамы үшін ғана миллиондаған теңгені желге шашып жүрген әкімқаралардың айылдарын жимасқа амалы қалмайды. Бұл – «медальдың» бір жағы.

Бірақ оның екінші жағы да бар. Бұған мысалды да тым әріге бармай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы реформалар тұсында орын алған кейбір олқылықтардан келтіруге болады. Нақты айтқанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бұрынғы Кеңес Одағының күйреуі себепті, шаруашылық байланыстардың үзілуінен болған экономикалық дағдарыс кезеңінде таратылған кеңшарлардың негізінде жер-жерде өндірістік кооперативтер (ӨК) құрылып, олардың басшылары көпшіліктің қалауымен сайланып қойылған болатын. Сонда Қызылжар өңірінің бір ауылындағы ағайындар өзара ақылдаса келе, ӨК төрағалығына орта білімі ғана болғанымен, өз шаруасына өте пысық, ауқатты жігітті сайлапты. Алайда ол шүу дегенде ауылдастарының өзіне артқан сенімін ақтап, ӨК жұмысын өрге бастыруға тырысқанымен, кейін ниеті нілдей бұзылып, «тәбет тамақ ішкенде келеді» дегендей, жұрт есебінен «жеуге» дәнігіп қана қоймай, әбден құнығып кетіпті. Ақыры ауылдастары өзіне сеніп тапсырған шаруашылықты тақырға отырғызып тынған. Бәлкім, оның өз үйінің шағын шаруасын дөңгелетуге жеткен шектеулі білімі мен іскерлік қабілеті үлкен шаруашылықты меңгеріп, нарықтың жаңа талаптарына сай дамытуға аздық еткен де болар.

Ал тағы бір ауылдағы ағайындар ӨК төрағасын сайлағанда ата-атаға бөлініп, ақыры дауысқа салғанда саны көп аталастар өз туыс­­та­рын орынтаққа отырғызыпты. Кейін ол атқарылған жұмыстан түскен табысты бөлу кезінде ауылдастарын алалап, өз аталастарына бүйрегі бұрып тұратынды шығарыпты. Мұның аяғы еңбек ұжымы ішінде дау-дамай туғызып, соның салдарынан ӨК-нің ұсақ шаруа қожалықтарына бөлініп кетуіне әкелген. Одан ұтқан ешкім жоқ. Ауыл адамдары айғай-шу шығара жүріп, өзара бөлісіп алған, әбден тозығы жеткен тракторлары мен комбайндарын жаңа техникаға ауыстыруға ешқайсысының қаржысы жетпей, жұмыстары мандымапты.

Еліміздің жаңа тарихындағы осындай жағымсыз жағдайлар ауыл әкімдерін сайлау кезінде жан-жақты ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Жергілікті билік басына кездейсоқ біреулердің емес, білімді де білікті, халық мүддесін қара басының қамынан жоғары қоятын, парасат-пайымы биік, адамгершілігі мол, абырой-беделі зор азаматтардың келу те­ті­гін мұқият қарастырған жөн болар. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ел ішінде ру­ға, атаға бөлінушілік барын да жоққа шы­ғар­май, жете ескеріп, жаңадан енгізілетін әкім сайлау үдерісі ауылдағы ағайынның ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмеуін де осы бастан ойластырған абзал.