Қостанайда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан халықаралық “Алтын микрафон” балалар ән байқауы биыл өте тартысты өтті.
Болгариядан, Ресейден, Өзбекстаннан, Белоруссиядан, Қырғызстаннан және Қазақстанның барлық облыстарынан келген 60 бала байқаудың бас жүлдесі үшін өнер додасына түсті. Төрт мемлекеттің өнер қайраткерлерінен, танымал музыка мамандарынан құралған қазылар алқасына екі күн бойы байқаудың жүлдесін бөлу оңайға түскен жоқ. – Балаларды олардың орындау қабілетіне ғана емес, орындау мәнеріне қарап та түрлі деңгейге бөлуге болады. Осы жолы азиялық және еуропалық ән айту мектебі тоқайласты. Біздің кішкентай әншілердің талантына еш күмән жоқ, таңдай қақтырды, –дейді қазылар алқасының мүшесі, халықаралық “Бозторғай” халықаралық балалар ән байқауының директоры Қарлығаш Әбдікәрімова. Балалардың таланты сырттан келген музыка мамандарын да, көрермендерді де тамсантты. Ал өткен жылы халықаралық ән конкурстарының бас жүлделерін иемденген қостанайлық үш әнші де осы “Алтын микрофон” байқауының “шапанынан шыққандар” екен. Бұл жолы байқаудың соңғы күнгі гала-концертін облыс әкімі Сергей Кулагин де келіп тамашалады, жеңімпаздарға жүлде тапсырды. Бірінші орынды кіші топтың арасында Болгариядан келген тоғыз жасар Мартин Йорданов, орта топта алматылық Азиз Настоков, ересек топта қостанайлық Айдана Жақыпова иеленді.Байқаудың бас жүлдесін Белоруссиядан келген жас әнші Дарья Михайлова қанжығасына байлады. Продюсер Вячеслав Авдеевтің айтуынша, халықаралық “Алтын микрафон” байқауы өткен сегіз жылдың ішінде бас жүлде бірінші рет Қазақстаннан сыртқа кетті. – Кезінде кішкентай әншілердің байқауының Қостанайда өтуін қолдағанымызға қазір ерекше қуанып тұрмын. Осы жылдар ішінде қаншама таланттардың жұлдызы жарқырады, қаншама бұлақтың көзін аштық. Келесі жылы “Алтын микрафонның” тағы да Қостанайда өтуі үшін оған бөлінетін қаржыны үш есе көбейтеміз,–деді облыс әкімі Сергей Витальевич. Ал бұлақтар өзенге құяды... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.