
Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, тест тапсырушылардың 57 187-сі немесе 39,4%-ы шекті балл ала алмаған. Ең жоғары 140 балды Павлодар қаласының талапкері жинады. 1923 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. ҰБТ-ны 109 693 немесе 75,5% түлек қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3% орыс тілінде тапсырды. ҰБТ-ның орташа балы 69,08 балды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5 балға жоғары.
Аталған ведомство жанындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев:
– Елімізде ҰБТ тұңғыш рет «1 компьютер – 1 камера – 1 тест тапсырушы» қағидаты бойынша 51 пунктте электронды форматта өтті. Биылғы тест тапсырушының маңызды артықшылығы – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тест тапсырушының ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алатынында. Сонымен қатар тестілеуді тапсырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Біз нұсқалар мен дұрыс жауаптар кодтарының бірегейлігін ойластырдық. Яғни әр нұсқа кездейсоқ таңдау арқылы өтініш беруші қосымшада рұқсат алған кезде жасалады. Бұл тест нұсқалары қайталануының алдын алып, дұрыс жауаптар кодтарының сәйкес келу ықтималдығын да жойды. Және түлектер ҰБТ-ны бұрынғыдай бір аптаның көлемінде емес, екі айдан аса уақыттың ішінде тапсыра алады, – деді.
Ведомство өкілінің айтуынша, жалпы екі жылдық апробация барысында (алдымен педагогтерді, содан соң магистратураға түсушілерді және содан кейін ғана мектеп оқушыларын электронды тестілеуге ауыстырды) электронды тестілеу жетілдірілген. Бұл форматтың қағаз түріндегі тестілеуден мынадай артықшылықтары бар: талапкер тестілеу күні мен орнын өзі таңдайды; тестілеу уақытын (жауап парағын бояуға уақыт құртпай) үнемдеу; алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды қайта өзгерту мүмкіндігі; тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б; тестіленуші қате толтырылған деректерін өзгертуге, сондай-ақ тапсыру тілін, пәндерін ауыстыруға мүмкіндігі бар; тестілеу нәтижелері аяқталғаннан кейін бірден сол жерде, сонымен қатар Жеке кабинетте көрсетіледі; тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беруге болады; бейнабақылау камералары арқылы бәрі бақылауда; калькулятор, мерзімді кестелер және тұздардың ерігіштігі компьютерде орнатылған. Бұдан бөлек компьютерден көз алмайтын және мүмкіндігі шектеулі талапкерлерге жағдай жасау да қарастырылған.
– Компьютердегі тестілеу ерекше назар аударуды қажет ететінін түсініп және көру қабілетіне әсер етуі мүмкін 4 сағаттық жүктемені ескеріп, біз үш үзілісті қарастырдық: біріншісі 2 минут – тестілеу басталғаннан 1 сағат өткен соң (көзге арналған жаттығулар мен денешынықтыру жаттығуларын орындау үшін), екіншісі 2 сағаттан кейін – 15 минут және үшіншісі 3 сағаттан кейін – 2 минут. Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалды. ҰБТ-ға мүмкіндігі шектеулі 90 бала қатысты. Оларға аудиториялар мен жеке көмекшілер ұйымдастырылды, – деді Ә.Тойбаев.
Министрліктің мәлімдеуінше, соңғы нәтижелер тамыз айында дайын болады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық бейнежазбалар осы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, тапсырушы балымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады. Былтыр бейнежазбалар бойынша талдау жүргізіліп, 152 талапкердің, оның ішінде 100 грант иегерінің нәтижесі жойылған еді. ҰБТ талаптарына қатысты Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова:
– Биылғы тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 1 305 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға талдау жасаймыз. Бұл үшін тағы екі ай бар. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Былтыр бұл норманы алғаш рет енгіздік, сонда 100-ден аса түлек гранттан айырылды. ҰБТ-ға дайындық және тапсыру барысында біз талапкерлерді бірнеше рет академиялық адалдыққа шақырдық. Әлемдік тәжірибеде, ереже бұзушыларға қатысты одан да қатаң шаралар қолданылады. Өйткені болашақта мұндай мамандар халықты емдеп, балаларымызға білім береді, – деді.