Коронавирус • 08 Шілде, 2021

Ресейге баратын қазақстандықтар үшін жаңа ереже енгізілді

632 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 шілдеден бастап Ресейге баратын қазақстандықтар «Covid-19-сыз саяхаттаймын» қосымшасы арқылы ПТР-анықтамасын ұсынуы тиіс. Бұл туралы Қазақстандағы Ресей Федерациясы Елшілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ресейге баратын қазақстандықтар үшін жаңа ереже енгізілді

«Ресей Федерациясының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысындағы өзгерістерге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары 10 шілдеден бастап Ресейдің Мемлекеттік шекарасынан өткен кезде «Covid-19-сыз саяхаттаймын» мобильді қосымшасын қолдана отырып, ПТР тестінің теріс нәтижесін көрсету керек», делінген хабарламада.

Ведомствода қазақстандықтар «Covid-19-сыз саяхаттаймын» қосымшасын пайдалана алатын алгоритм сипатталған:

  1. Қосымшаны жүктеу.
  2. Бағдарлама ұсынған тізімнен ең жақын зертхананы таңдау.
  3. ПТР-сынағын тапсырғаннан кейін нәтижені QR-кодты сканерлеу көмегімен «тесттер» бөліміне жүктеу керек (оны зертхана береді).
  4. Жүктелген QR-кодты Шекара қызметінің қызметкерлеріне көрсету.

«Covid-19-сыз саяхаттаймын» қосымшасы қазақстандықтар үшін 7 маусымнан бастап қолжетімді болды. Ол ЕАЭО елдеріне кіруді жеңілдетуге арналған. Платформаның көмегімен коронавирусқа талдау жасау үшін ең жақын зертханаларды табуға болады. Сынақ нәтижесі QR-код түрінде келеді, ол азаматтардың жүйеден тіркелген елдерге кіруіне мүмкіндік беретін интеграцияланған ақпараттық жүйеге енгізіледі.