Аймақтар • 22 Шілде, 2021

Коронавирустан өзін-өзі емдеу ауруды асқындырады

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада ковидтік стационарлардың реанимациясында қазір 230 пациент ем алып жатыр, оның ішінде аса ауыр дәрежеде – 70 адам, ӨЖЖ-де 47 пациент бар. Бұл туралы онлайн-брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Коронавирустан өзін-өзі емдеу ауруды асқындырады

Тимур Мұратовтың айтуынша, елорданың көптеген тұрғыны дәрігерге қаралудың орнына өзін-өзі емдеймін деп қателік жасайды.

«Өзін-өзі емдеймін деп стационарларға түсетін науқастардың қатары көбейіп жатыр. Медициналық көмекке уақытылы жүгінбеу, антикоагулянттар пайдаланып емделудің салдары ауыр күйде реанимацияға жеткізіп жатыр», деп атап өтті Тимур Мұратов.

Қазір жедел медициналық жәрдем бригадалары, сондай-ақ БМСК ұйымдары жанындағы мобильді бригадаларға үлкен жүк түсіп отыр.

Мәселен, өткен тәулікте елорданың жедел жәрдем қызметіне 4 мың өтініш түсті, қоңырау саны – 2 300, КВИ бойынша қоңырау – 310.

«Мобильді бригадалар күніне 2 мыңға жуық үйге шығады. БМСК ұйымдарында 10 600-ден астам пациент емделіп жатыр. Айта кету керек, ауыр күйдегі науқастардың бәрінде қосымша 1-2 ауруы бар», деді спикер.

Ол сондай-ақ 30 және одан жоғары жастағы адамдар жиі түсе бастағанын айтты.

Тимур Мұратов халықты жаппай вакцинациялау ғана коронавирус ауруының өсуін тоқтататынын еске салды. Бұл үшін қалада барлық жағдай жасалған – БМСК мекемелерінде, қаланың ірі СОО-ларында демалыс және мереке күндері жұмыс істейтін 100-ден астам егу пункті бар.