
Штаб отырысында Денисов, Жангелдин, Ұзынкөл аудандарының әкімдері өз өңірлеріндегі эпидемиялық жағдай туралы баяндады. Ал мониторингтік топ өкілдерінің сөзінше, облыстағы көптеген бизнес нысаны әлі де болса тәртіпке бағынбай отырғанын мәлімдеді. Мысалы, мониторингтік топтар 1 маусым мен 16 шілде аралығында 3 666 тексеру жүргізіп, 178 нысанның карантин талаптарын бұзғанын анықтаған.
Жиын барысында жедел штаб мүшелеріне карантин талаптарының сақталуын бақылауды қатайтуды қадап тапсырған аймақ басшысы індетке қарсы екпе жасатқандардың күн санап еселеніп келе жатқанын айтты.
– Соңғы мәлімет бойынша 222 мыңнан аса адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Бүгінде облыс халқының 44%-ы екпе жасатты. Ал 114 мыңға жуық адам, яғни облыс тұрғындарының 22,4%-ы вакцинаның екінші компонентін қабылдады. Бүгінде облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 259 500 дозасы, екінші компоненттің 183 250 дозасы жеткізілді. Қазір инфекциялық ауруханада 586 адам емделіп жатыр, – деген Архимед Мұхамбетов облыс тұрғындарын уақтылы екпе жасатып алуға үндеді.
Облыстың бас санитар дәрігері Ермұханбет Дәулетбаевтың айтуынша, Қостанайдағы инфекциялық аурпуханада емделіп жатқан науқастардың көбі вакцина салдырмаған.
– Соңғы апта ішінде аймақта індетке шалдыққандар саны күрт өсіп, COVID-19 жұқтыру көрсеткіші күніне 53-тен 141-ге дейін жетті. Бүгінде облыста орналасқан 22 стационардағы орындардың 44%-ы толды. Қазір жансақтау бөліміндегі 100 төсектің 34-інде науқастар жатыр. 22 науқастың жағдайы ауыр. Науқастардың көбі – 60-70 жас аралығындағы адамдар. Ауыр науқастардың ешқайсысы вакцина қабылдамаған. Алайда екпе салдырған адамдар да ауырып қалуы мүмкін. Мұндай науқастар шамамен 0,7% болады, – деді Е.Дәулетбаев.
Қостанай облысында 3 сәуірден бері 18 547 адам індет жұқтырып, 17 014 науқас емделіп шыққан.
Қостанай облысы