
Мазмұнды іс-шараның ашылуында Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин аталған жобаның маңызына тоқтала келіп: «Әрбір қазақ баласы ата-баба тарихына құрметпен қарап, өз ұлтының әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін жетік білуі керек. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие алған ұрпақ – еңбекқор, өнерлі, білімді, ақылды, болып өседі. Біздің «Менің Қазақстаным» атты жобаны ашудағы мақсатымыз – өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына ерекше көңіл бөлу» деді ол.
Жобадағы экспозиция құрылымы 10 бөлімнен тұрады, барлық бөлім еліміздің терең тарихы мен табиғатын балаларға қолжетімді құралдармен толық таныстырады. Ақпарат аймағы − Қазақстанның интерактивті географиялық картасымен, Ұлы Жібек жолының картасымен және электронды дүңгіршекпен жабдықталған. Экспозиция «Қазақстан географиясы», «Қазақстан табиғаты», «Қазақстанның археологиялық ескерткіштері» және «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстанның мәдениеті мен этнографиясы» секілді тақырыптарды қамтиды.
Іс-шара барысында балалар ойын арқылы ел тарихы, мәдениеті, табиғаты туралы мол мағлұмат алып, өздері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді, киіз үйде болып, халқымыздың салт-дәстүріне қатысты бейнематериалдарды тамашалап, ұлттық киіммен суретке түсті.