
«Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен». Шіркін, Айбергенов «Ана» деген ұғымды бір тармаққа қалай әдемі сыйғызып жіберген десеңізші. Құдды дәл осы картинаға қарап жазғандай. Мынау дулы дүниеге ізгілік тамызған, мейірім сепкен асыл жанға қандай теңеу арнаса да жарасады ғой. Себебі ол – ана!
Міне, тағы да ұлағатты ұстаз әрі танымал суретші Борис Михайлович Неменский шығармасына үңіліп отырмыз. Қылқалам шебері 1922 жылы Мәскеуде дүниеге келген. 1942 жылы мектепті бітіре салысымен майданға аттанады. Десе де, өнер иесі қан майданның ішінде жүріп бірнеше картина жазып үлгеріпті. Сол шығармалардың бірі – «Ана». Тіпті, оның сюжеті бойынша соғыс туралы орыс ақыны Людмила Ведерникова өлең де жазған екен.
«Идёт война.
Мелькают годы, даты...
В избе сидит, тоскуя
в горе, Мать.
К ней на ночлег
поставлены солдаты
И до утра здесь будут
отдыхать».
Картинаға назар аударсақ, иығына жұқа орамал жапқан әйел айналасында ұйықтап жатқан сарбаздарды бақылап отыр. Балаларының ұйқысын күзеткен ана кейпінде. Ал өлеңге сүйенсек қалжыраған сарбаздар түнде әйелдің есігін қағады. Оның да осындай ұлдары «туған жерімізді жаудан қорғаймыз» деп алыста арып-ашып жүргендіктен, әйел оларды бірден бауырына басады. Әбден шаршаған сарбаздарды ішке кіргізіп, үйдегі барын беріп, тамақтандырады. Ағаш еденге жатқызғанымен соңғы жылы киімдерін көрпе ретінде астына төсейді. Сарбаздар ұйқыға батқанда, әйел Құдайға табынып, олардың үйлеріне аман-есен оралуын сұрайды.
Соғыс кезінде адамдар бір-біріне қолынан келгенше көмектескені анық. Ол уақытта «біреудің баласы» деген ұғым болған жоқ. Сондықтан мұндай оқиға Неменскийдің өз басынан да өтуі мүмкін. Неге десеңіз, суретші картинадағы кейіпкерлердің сезімі мен эмоцияларын толық жеткізе алған. Әйел-ана шаршаған жауынгерлерді нәзіктікпен бақылап, балаларын еске алады.
Картина сол азапты жылдардың үміті мен үрейінен туған туынды. Арғы жағында мейірім музыкасы ойнап тұрғандай, жүректі елжіретеді.