
Еліміздің ең үздік ойыншысы Александр Бублик тұсаукесер кездесуінде Стэн Вавринкамен күш сынасты. 37 жастағы швейцариялық теннисшінің атағы алысқа жайылғаны барша жанкүйерге мәлім. Кезінде ол АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктері мен Ролан Гарроста бас жүлдені олжалап, жұптық сайыста Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы атанды. 16 мәрте АТР турнирлерінде топ жарып, әлемнің үшінші ракеткасы атанды. Десек те азулы қарсыласынан Бублик еш қаймыққан жоқ. Алғашқы сетте 3:6 есебімен есе жіберген жерлесіміз қалған екеуін өз пайдасына шешті – 7:5, 6:2. Екінші кезеңде ол АТР тізімінде 19-орында тұрған Испанияның өкілі Пабло Карреньо Буустамен шеберлік байқасады.