
Сәрсенбіде тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Боз кілемде белдескен өрендеріміздің арасындағы ең танымалы Мейіржан Шермаханбет екені сөзсіз. 67 кило салмақта сынға түсіп жүрген ол осыдан төрт жыл бұрын өрелі өнерімен көпшілік назарын өзіне аударған еді. Атап айтсақ, 2018 жылы Мажарстанның бас шаһары – Будапештте жалауы желбіреген әлем чемпионатында 20 жасар жас дарын қола медальді мойнында жарқыратты. Одан кейін де Шермаханбет талай байрақты бәсекеде ұлттық командамыздың намысын қорғады.
Моңғолияның астанасында Мейіржан өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Тұсаукесер кездесуінде үндістандық Сахин Сахраватты қамырша илеп, таза жеңіске қол жеткізді – 8:0. Жартылай финалда Азия біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, өзбекстандық Махмуд Бахшиллоевтан басым түсті – 6:3. Финалда әлем чемпионаты мен Азия ойындарында қатарынан екі мәрте теңдессіз деп танылып, құрлық чемпионатында үш рет топ жарған Рю Хан Сумен күш сынасты. Осыдан тура үш жыл бұрын Азия біріншілігінің ақтық сайысында дәл осы саңлақ біздің Шермаханбетті сан соқтырған еді. Ал бұл жолы қазақтың ұлы Оңтүстік Кореядан келген даңқты балуанның тас-талқанын шығарып, Сианьда жіберген есесін еселеп қайырды – 11:3.
72 кило салмақтағы Абылайхан Әмзеев пен 82 кило салмақ-
тағы Диас Қален ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Алғашында жапониялық Шого Такахаши мен кореялық Ли Жиюнды жеңген Абылайханның алтын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Шешуші тұста қандасымыз Мохаммад Реза Мохтариге қарсы бәсекеде кесек әдіс қолданып, бірден төрт ұпай еншіледі. Бірақ «ереже бұзды» деген желеумен төрешілер Әмзеевтің қолданған әдісін есепке алмады. Одан кейін Парсы елінің өкілі қателікке бой алдырған жоқ. Қажетті ұпайды қоржынға салған ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бастапқы бәсекелерін өте қарқынды бастаған Диас Қален өзбекстандық Мухаммадқадыр Расуловты 9:1 және жапониялық Юя Окаджиманы 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Финалда қазақ жігітінің жолы Расул Садег Гармсиримен қиысты. Бұл тартыс бір ғана ұпай айырмашылығымен Иран өкілінің пайдасына шешілді – 3:4. Жалпы күміс медальді мойындарына ілген бұл жігіттерге еш өкпе жоқ. Екеуінің де ұлттық командамыздың жейдесін кигені кеше ғана. Соған қарамастан, Абылайхан мен Диас көрермендердің көңілінен шығатындай өнер көрсетті.
60 кило салмақтағы Ернұр Фидахметов қола медальді иеленді. Жартылай финалда ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, қырғызстандық Жоламан Шершенбековке есе жіберсе, үшінші орын үшін тартыста моңғолиялық Балжинниям Цевеенравдан айласын асырды. 97 кило салмақтағы Санжар Серікқанның да қола медаль алуға мүмкіндігі болды. Бірақ шешуші тұста ол Күншығыс елінің өкілі Такакиро Цурудаға жол берді.
Осылайша, Ұланбатырда белдескен 10 жерлесіміздің тоғызы жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 2 алтын, 5 күміс және 2 қоланы еншіледік. Күрес түрлерінде командалық есептің қорытындысын шығару жүйесі өзгеше екені өздеріңізге мәлім. Бұл ретте барлық балуанның нәтижесі есепке алынып, жалпы ұпай саны шығарылады. Бұл ретте Қазақстан құрамасы барлық қарсыластарынан қара үзіп, командалық сайыста алдына жан салмады. Осы орайда жарысты басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалап, біздің балуандарға барынша демеп, қолдау көрсеткен республикалық Күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың ерен еңбегін атап өткен жөн. Сондай-ақ осы Алаштың мақтан тұтар азаматы біраз жылдан бері Азия күрес федерациясын да басқарып отырғанын да айта кеткен абзал.
Ұланбатырдағы Азия чемпионатында небәрі жеті мемлекеттің грек-рим күресі шеберлері ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Олар – Иран (4 алтын+1 күміс+2 қола), Қырғызстан (3+0+3), Жапония (1+0+5), Өзбекстан (0+2+3), Оңтүстік Корея (0+2+1) және Үндістан (0+0+4) құрамалары.