
Әйелдер күресінен жарыс айналма жүйе бойынша өткендіктен, 68 кило салмақтағы Мәдина Бақбергеноваға Токио Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері, былтырғы әлем және құрлық чемпионы Меирим Жуманазаровамен екі рет күш сынасуға тура келді. Алғашқы айналымда қырғыз қызы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін екі бәсекеде айқын басымдық танытқан қос мықты ақтық айқаста қайта жолықты. Бұл жолы Бақбергенова табандылық танытып, жеңісті әйгілі қарсыласының уысынан соңғы секундтарда жұлып әкетті – 3:2. Сөйтіп, Азия чемпионаттарында осыған дейінгі екі рет жүлдегерлер санатынан көрінген Мәдина бұл жолы алтыннан алқа тақты.
Финалдық сайыс аяқталған бетте: «Екі апта бойы біз Моңғолияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бапкерлермен бірге осы жерде әр қарсыласымызды әбден зерттеп, оларға қандай әдіс-тәсіл қолданатынымызды жақсылап тұрып пысықтадық. Нәтижесінде, ұстанған тактикамыз өз жемісін беріп, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Бірақ бұл табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алда бізді көптеген байрақты бәсеке күтіп тұр. Соның барлығына дұрыстап даярланумыз керек», деді М.Бақбергенова.
Қазақстан құрамасының қоржынындағы Азия чемпионатының екінші алтыны да Бақбергеновтер әулетінің еншісінде. Мәдинаның сыңары Жәмиланың есімі де жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол – 2019 жылы Нью-Делиде Азия чемпионы атанып, 2021 жылы Ослодағы әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілген еліміздегі ең белді балуандардың бірі. Десек те оған Ұланбатырда жеңіс тұғырына көтерілу оңай болмады. Қазақ қызы үндістандық Никки Никки және өзбекстандық Светлана Окназарованы ойсырата ұтқанымен, моңғолиялық Дааванасан Енх Амар мен үндістандық Сумире Ниикураға қарсы біраз тер төгуіне тура келді. Бұл белдесулердің екеуінде де тең есеп тіркелді. Десек те бірде кесек әдіс жасап, енді бірде соңғы ұпайды еншілеген Мәдинаның мысы басым болып, ол да алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарақастек ауылының тұрғындары Науқаннұр мен Гүлмираның қыздары Азия чемпионы атанып, күллі Алаш жұртын қуантты.
Ең ауыр салмақта күрескен Гүлмарал Еркебаева моңғол және өзбек спортшыларын еш қиналмай ұтқанымен, Азия чемпионы, жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігі мен жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Юка Кагамиге әлі жетпеді. Үшінші орын үшін сайыста Гүлмарал моңғолиялық Аюнжаргал Ганбаттан айласын асырды. 53 кило салмақ дәрежесіндегі Жұлдыз Ешімова да дәл сондай жолмен өтіп, қола медаль үшін бәсекеде өзбекстандық Ақтеңге Кеунимжаеваны қапы қалдырды. Бір ғажабы, сонау 2007 жылы отандасымыздың алғаш рет сары құрлықтың теңдессізі атанғаны есімізде. Ол кезде Жұлдыз небәрі 19 жаста еді. Міне, енді арада 15 жыл өткен соң Ешімова қайта сол белестен көрінді. Сол аралықта Жұлдыз құрлық біріншілігінде алты рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, әлем чемпионаты мен Азия ойындарында күміс пен қола медальдарды еншілегенін де айта кетуге тиіспіз.
Өкінішке қарай, Айгүл Нұрәлім (50 кило), Алтын Шағаева (55 кило), Нулифар Раимова (57 кило), Диана Қаюмова (59 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Дария Әбен (65 кило) бұл жарыста білгендерінен жаңылып, үздіктер санатына қосыла алмады.
Осылайша, әйелдер күресінен өткен жарыста 10 бас жүлдесінің жетеуін жапон балуандары олжалады. Әрине, оған таңдануға болмайды. Өйткені Күншығыс елінің қыздары тек Азияда ғана емес, күллі әлемде ең үздік командалар санатында. Екі алтынды қазақ қыздары иеленсе, қырғыз қызы бір мәрте топ жарды. Ал өзге мемлекеттің өкілдері тек күміс пен қола медальдарды қанағат тұтты.
Сенбі күні еркін күрес шеберлері жарыс жолына шықты. 57 кило салмақтағы Рахат Қалжан сириялық Эканаяка Мудиянселаге Гаян Катуранганы (10:0), өзбекстандық Гуломжон Абдуллаевты (6:1) және қырғызстандық Алмас Сманбековті (6:5) сан соқтырып, финалда Токио Олимпиадасының күміс және Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Кумар Равимен күш сынасты. Рахаттың әйгілі қарсыласына әлі жетпеді – 2:12. Қалжан күміс медальды иеленсе, Кумар қатарынан үшінші рет Азияның теңдессізі деп танылды.
70 кило салмақта күрескен Сырбаз Талғат былтыр Алматыда өткен сары құрлықтың басты додасында қарсылас шыдатпай, бас жүлдені олжалаған еді. Ұланбатырда да біз жас жолбарыстан дәл сондай ерлік күттік. Бірақ Сырбаз жапониялық Тайши Нарикунидің осал тұсын таба алмады. Десек те үшінші орын үшін тартыста намысқа тырысқан қазақ балуаны Парсы елінің өкілі Мухаммадменди Ягененжафариді жеңді – 4:0. 97 кило салмақтағы Мамед Ибрагимов та қола медальды еншіледі. Шешуші тұста ол өзбекстандық Магомедрасул Рахимовтан басым түсті.
65 кило салмақтағы Санжар Досжанов тұсаукесер кездесуінде Цогбабрах Цевенсуреннен ойсырай ұтылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Сол секілді 79 килодағы Жігер Зәкіровтің де жолы болмады. Ол жапониялық Юдай Такахашиге жол берді. Осылайша, еркін күрес шеберлері алғашқы жарыс күнін 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылады.