
– Күрестің үш түрі бойынша Қазақстанның балуандары 5 алтын, 8 күміс және 8 қола медаль олжалады. Барлығы – 21 жүлде. Осы көрсеткішке көңіліңіз толған шығар?
– Былтырғы желтоқсан айында Республикалық күрес федерациясында біраз өзгерістердің болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Басшылық құрамынан бастап, ұлттық, жастар және жасөспірімдер командаларының бапкерлері ауысты. Қысқа ғана мерзімде олар ауқымды істер атқарып, соның нәтижесінде Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеттік. Аталған жарысқа Қытай құрамасы ғана келмеді. Қалған мықты командалардың барлығы да Ұланбатырда өнер көрсетті. Бозкілемге шыққандар арасында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да болды. Ең бастысы, жауапты жарыста жерлестеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Грек-рим күресі шеберлері жалпы есепте көш бастады. Негізі сол межеден көріне алмағанымызға біраз уақыт болған еді. Бұл жолы жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асты. Ал еркін күрес пен әйелдер күресі сайысында отандастарымыз үшінші орынды иеленді. Әрине бұл – өте жақсы көрсеткіш! Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Қазақстанда күрес өнерінің деңгейін көтеру үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.
– Иә, грек-рим күресі шеберлерінің табысы қомақты болғаны сөзсіз. Бір кереметі, бозкілемге шыққан 10 балуанның тоғызы жеңіс тұғырына көтерілді. Олжаға кенелген сол өрендеріміздің барлығы өз деңгейінде өнер көрсетті деп ойлайсыз ба?
– Күрестің әр түрі бойынша әлем және құрлық чемпионаттарында 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынғанымен, Олимпия ойындарында белдесулер алты салмақ дәрежесі бойынша ғана өтетіні өздеріңізге мәлім. Бір айта кетерлігі, бас жүлдені олжалаған Мейіржан Шермаханбет (67 кило) пен Әлімхан Сыздықов (130 кило) дәл сол олимпиадалық салмақтарда өнер көрсетті. Соған қуанып отырмыз. Моңғолияда олар өте жақсы күресті. Шешуші тұста біздің өрендер азулы қарсыластарымен айқасқандарына қарамастан, өздерінің қайсарлығы мен табандылығының арқасында алтын тұғырға көтерілді. Осындай жеңістер спортшылардың өз-өзіне деген сенімін нығайтады. Сонымен қатар жауапкершіліктері де артады. Алдағы уақытта Мейіржан мен Әлімхан бұдан да зор табысқа қол жеткізу үшін барынша күш салады деген ойдамын.
Иә, «әттеген-ай!» деген тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, талай дүбірлі додада дараланған Мейрамбек Айнағұловтың (63 кило) өнеріне көңілім толмады. Финалға дейін өте жақсы күрескен ол шешуші тұста шабысынан жаңылды. Аманғали Бекболатов та (55 кило) дәл сондай жағдайды басынан кешірді. Екеуі де күміс жүлдені қанағат тұтты. Жастар буыны өкілдері арасынан Ернұр Фидахметовтен (60 кило) бұдан да зор нәтиже күткен едік. Бірақ ол қола медальмен шектелді. Енді сол олқылықтарды түзеу үшін біздер бар, бапкерлер мен балуандар бар, барлығымыз бірігіп, көп жұмыс істеуіміз керек.
– Қазақстан құрамасын биыл екі бірдей аса жауапты жарыс күтіп тұр. Біріншісі – Азия ойындары, екіншісі – әлем чемпионаты. Еліміздің ең үздік балуандары сол бәсекелердің қайсысына қатысады?
– Біз үшін Азия ойындары маңыздырақ. Сол себепті де еліміздің бірінші нөмірлі балуандары төрт жылда бір рет алауы тұтанатын сары құрлықтың басты додасында өнер көрсетеді. Бұл жарыс – 10-25 қыркүйек аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Сол жерде мықтылығымызды түбегейлі мойындатуға тиіспіз. Ал қосалқы құрамдағы балуандар Сербияның астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатында күш сынасады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»