
Facebook әлеуметтік желісінде «Ғылым – күш» дейтін ғылыми топ бар. Оған 9 мың 300-ден аса адам жазылған. Аталған топта ғылыми жаңалықтар мен зерттеулердің қысқаша мазмұны жазба ретінде беріліп отырады. Жоба жетекшісі, химия ғылымдарының PhD докторы Жексен Тоқтарбай әлеуметтік желідегі танымдық материалдарды қоғамға кеңінен тарату мақсатында сайт ашқанын айтты.
– Сайт табыс табу үшін емес, бар болғаны ғылыми жаңалықтарды, ғылымды, ғалымдардың еңбегін кеңінен насихаттау мақсатында ашылды. Коммерциялық мақсатта болмағандықтан, арзан атақ үшін ардан безіп көрілім жинамаймыз. Әзірге мұны өзім негізгі жұмысымнан бөлек жүргізіп жүрмін. Сондықтан күн сайын сайт жаңарып тұрады деп айта алмаймын. Дегенмен ғалымдардан қызықты материалдар көптеп келеді, соны іріктеп, пайдалысын халыққа ұсынамын. Бұл – мен үшін жай ғана азаматтық іс. Әйтпесе бұған ешқандай жалақы алмаймын. Негізі осыған дейін ғылыми жаңалықтарды «Ғылым – күш» тобында жариялап келген едім. Бірақ әлеуметтік желідегі материалдар гуглден іздегенде оңай табылмайды екен. Және керек кезде желіден бұрынғы жазбаларды табу қиын. Сол себепті бәрін бір жерге жинақтап, іздеген адамға оңай табылатын қор ретінде сайт ашуды жөн көрдік, – дейді Ж.Тоқтарбай.
Жоба жетекшісінің айтуынша, gylym.kz сайтында тек қана қазақ тілінде ғылыми жаңалықтар жарияланады. Саясатқа, саяси өзгерістерге, рейтинг қуған жеңіл өнімдерге, шоуға, жарнамаларға жол берілмейді. Дегенмен барлық сайт қолданушыдан, ғылымға ынтасы бар азаматтардан, ғылыми қауымдастықтан пайдалы, ғылыми ақпараттар қабылдауға ашық.
– Сайттың жұмысына ғылымға жауапты мемлекеттік ұйымдардан әзірге қолдау-көмек берілген жоқ. Жалғыз өзім қосымша жұмыс ретінде атқарып отырғандықтан, көп материалға үлгермеуім мүмкін. Сол себепті қазақша ғылыми жаңалықтар болса, jeksen.toqtarbay@gmail.com электронды поштасына жолдап, сайтты пайдалы ақпаратпен қамтуға қолдау білдіруді сұраймын. Халыққа ең әуелі білім керек. Білім алу үшін алдымен ғылым-білімге деген дұрыс түсінік пен ғылымның маңызын түсіндіретін құрал қажет болып тұр. Сол жоқтың орнын толтыруға ниеттеніп отырмыз, – деді gylym.kz сайтының жетекшісі.