
Аталған жоба – Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясының бастамасы. 2016 жылдан бері өткізіліп келген байқауда бақ сынауға биыл 300-ге жуық өтінім түскен. Конкурстық комиссия ең үздік идеялар авторларына жобаларын жүзеге асыруына грант берді. Жеңімпаздардың жобаларына тоқталсақ: Жансүгір Серіков «Гидропондық әдіспен қияр өсіру» жобасына 1,5 млн теңге; Аян Мұхтасипов «Аймақтарда қазақ тілінде заманауи биден онлайн курстар өткізу» жобасына 1,5 млн теңге; Жанарыс Түбекбаев «Қаржылық сауаттылықты дамыту платформасы» жобасы үшін 1 млн теңге; Сәния Аринова «Қыздар мен әйелдерге арналған көп рет қолданылатын матадан жасалған экологиялық таза төсемелер шығару» жобасына 1 млн теңге иеленді.
Байқауды ұйымдастырушы компанияның өкілі Алима Исембаева: «Біз әуелде жастардың дамуына үлес қосуды көздедік. Сөйтіп сарапшыларды, тәлімгерлер мен жаттықтырушыларды тартып, жастарға түрлі тренинг ұйымдастыра бастадық. Сол семинарларда жастар өздерінің өміріне қажетті дағдыларды меңгере алады. Дегенмен уақыт өте келе жобамыздың бұдан да көп нәтиже бере алатынын біліп, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған үздік идеяға жыл сайын байқау өткізуді ұйғардық. Осылайша, үздік идеялардың авторлары өз жобаларын жүзеге асыру мақсатында компаниямыздан ақшалай грант алу үшін бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болды», деді.
Байқауға қатысушылар қаржылық қолдауға қоса оқу бағдарламасынан өтіп, тәжірибелі мамандардан сабақ алады.