
Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жоғары оқу орындарының жанынан құрылған он шақты эндаумент бар. Эндаумент ұйымның тұрақты дамуы мен болашаққа ұзақ мерзімді инвестициялау құралдарының біріне жатады.
Университеттер жанынан құрылған эндаументтер өкілдері І Қазақстанның Эндаументтері форумында жүздесті. Еуразия ұлттық университеті мұрындық болуымен өткізілген форум мақсатты капиталды қалыптастыру мен дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, эндаументтерді басқару бойынша озық тәжірибе алмасу үшін бірыңғай алаң құру мақсатында ұйымдастырылды.
Форум жұмысын ашқан Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев эндаумент қорларының мүмкіндіктеріне тоқталды. «Мұндай форумды өткізу өте уақтылы және өзекті. Эндаумент қорын құру – білім беру үрдісіне инновацияларды енгізудің маңызды құралдарының бірі. Бұл жоғары оқу орындарының дамуына, студенттерді қолдауға, зерттеу қызметін ілгерілетуге ықпал етеді. Мен бұл бастаманы қолдаймын», деді ол.
Іс-шара барысында ММХҚИ, ҚазҰУ, Ұлттық кардиохирургия орталығының «Жүрек орталығы», КАЗГЮУ, Назарбаев Университетінің «Әлеуметтік даму қоры», т.б. өкілдері сөз сөйледі.
Форумда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлектері құрған ENU Endowment Fund таныстырылды. Таныстырылымда сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов университет түлектерінің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.
«Біздің түлектер ENU Endowment Fund құруға бастамашы болды. Университетімізде эндаумент тәжірибесі жүзжылдықтармен өлшенетін үздік әлемдік жоғары оқу орындарының үлгісі бойынша мақсатты капитал қорының құрылуы – бұрын-соңды болмаған оқиға. Жақын арада қордың табысы дарынды студенттерге және олардың инновациялық жобаларына қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осылайша, түлектер өздерінің білім алған ЖОО-ның өміріне белсене араласып, адам әлеуетін дамытуға ғана емес, бүкіл елдің болашағына да үлес қосады», деді ректор.
ENU Endowment Fund директоры Динара Мұсабалина қорды және веб-сайтты https://endowmentenu.kz/ таныстыру барысында мақсатты капиталға қол сұғылмайтынын және жинақтау сипаты бар екенін атап өтті. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланған. ЕҰУ-дың құрылтайшы-түлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен стипендиялар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді көздеп отыр.
Қорға алғашқы жарнаны 10 млн теңге көлемінде ENU Endowment Fund құрылтайшыларының бірі әрі ЖОО түлегі Дмитрий Инютин құйды. Ол болашақ ұрпақ ғылыммен айналысады деп үміттенеді. «Осы университетте алған білім мен дағдылар көптеген өмірлік қиындықты жеңуге көмектесті. Бүгінгі жетістіктерімде білімнің үлесі бар. Өзімнің университетіме, оның ішінде жаңа технологиялар дәуірінде білімге құштар студенттерге көмектесу тәрізді жауапты іс-әрекеттердің уақыты келді. Эндаумент – қиын-қыстау кезеңдерде университеттердің тұрақтылығын сақтау мен нығайтудың тиімді тетігі. Осы қордың қолдауымен біздің болашақ ұрпақтарымыз ғылыммен айналысады», деп атап өтті Д.Инютин.