
«Әріптестермен жиналыста жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша кейбір мәселелерді талқыладық. Жиында докторанттарға Қазақстан тарихы, Қазақ философиясы, Қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гуманитарлық бейіндегі бірқатар бағыттың ерекшелігін ескере отырып, қолданыстағы талаптарға (WоS және Scopus тізбесіне кіретін басылымдарда мақалалар жариялау) бірнеше балама нұсқаларды қосу ұсынылды. Балама нұсқаларға тоқталсақ, а) Білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің (БҒССҚК) тізіміне енгізілген журналдарда 5 мақала және ғылыми конференциялардан 2 материал; б) сенімді баспаларда (Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, Springer Nature және басқалары), сондай-ақ US News Best Global Universities Rankings, Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University рейтингінің топ-100 құрамына кіретін университеттерде монография шығару», деді министр А.Аймағамбетов.
Министрдің мәлімдеуінше, былтыр БҒССҚК тізіміне енгізілген ғылыми журналдарға қойылатын талаптар едәуір күшейтілді және тізімнен әлсіз журналдарды алып тастап, ескі тізім толығымен жаңартылды. Сол себепті ведомство басшысы бұл шешімді жұмыстың қисынды жалғасы деп санайтынын жеткізді. Әрине, толыққанды дәйексөз жүйесі бойынша жұмыс созылып кетті, бірақ соған қарамастан оның қорытындысы шығарылады.
«WoS және Scopus тізіміне енгізілген және санкцияға байланысты деректер қорынан жойылған ғылыми журналдарда гранттық қаржыландыру аясында жарияланған қазақстандық ғалымдардың мақалаларын, егер бұл мақалалар бұған дейін жариялануға қабылданса, оларды тану мүмкіндігі талқыланды. Бұдан бөлек, докторантураға түсу кезінде үміткерлерге өздерінің болашақ диссертациясының ғылыми негіздемесін (research proposal) ұсыну ұсынылды. Докторанттардың зерттеу құзыреттілігі бойынша ұсыныс бар. Бұған дейін біз докторанттардың «Академиялық хат», «Ғылыми зерттеу әдістері» пәндерін міндетті түрде оқуын енгіздік. Бұл құзыреттер кез келген докторантқа ғылыми зерттеулерді өз бетінше орындау үшін қажет. Осы пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылады», деді ведомство басшысы.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, бір ғылыми жетекшіге 15 докторант, кейін біріншісі қорғаудан өте алмаған жағдайда тағы бесеуін бекіту тәжірибесі дұрыс емес. Бүгінде ғылыми жетекшілер көп жағдайда докторанттармен жұмыс істеуге жеткілікті көңіл мен уақыт бөлмейді. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Осы ұсыныстарды қосымша сараптама мен талқылаудан өткізгеннен кейін нақты шешім қабылданады.