
Ислам Байрамуковтың халықаралық аренада атой салған кезі күні кешегідей көз алдымызда. Бала кезінен зерек болып өскен ол әуелі спорттың сан алуан түрін серік етті. Бос уақытында ақын-жазушылардың кітаптарын көп оқып, ой-өрісін кеңейтті. Жануарларды жақсы көрді, ат спортына қызықты. Алтыншы сыныпта балуандық өнерге мықтап ден қойып, еркін күрестің қыр-сырына қанықты. Тырнақалды табыстарына қол жеткізгеннен соң Алматыдағы республикалық Олимпиадалық резервтер училищесіне ауысты. Қазақ спортының қара шаңырағында шеберлігін шыңдаған Байрамуков уақыт оза еліміздің маңдайалды балуандарының біріне айналды.
Исламның бұл салада жеткен жетістіктері зор. Атап айтсақ, Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальды олжалады. Азия ойындарында қола медальды иеленді. Орталық Азия және Шығыс Азия ойындарында бас жүлдені қанжығасына байлады. Бақандай 10 жылдан аса уақыт бойы 90 және 97 кило салмақ дәрежелері бойынша елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмей, көптеген халықаралық турнирлерде атой салды. Қарашай жігітінің спорттық мансабындағы ең зор табысы – Олимпия ойындарының күміс медалі. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған дүбірлі додада небір апайтөстерді жолынан ығыстырған Байрамуков финалда Ресейдің даңқты балуаны, әлем және Еуропа чемпионы Сағит Мұртазалиевке есе жіберді. Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланған әйгілі балуан «Парасат» орденімен марапатталды.
Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Байрамуков бапкерліктің қамытын киді. Жастарға бар білгенін үйретіп, бозкілемде жиған мол тәжірибесімен бөлісті. Бірер жыл ұлттық командамыздың бапкерлер құрамында да болды. Бірақ Ислам Ілиясұлы тек спортпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Бір ғана мысал, дәл осы азаматтың тікелей ықпалының арқасында Алматыдағы ипподром ысырылып, қиратылудан аман қалып, күні бүгінге дейін ел игілігі үшін қызмет етуде. Кейіпкеріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Қарашай-Балқарлардың «Бірлік» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бұл ретте атақты спортшының кең-байтақ қазақ даласын мекен еткен көптеген ұлт пен ұлыстың бірлігі мен берекесі артып, татулығы мен ынтымағының нығаюына қосқан үлесі бар.
Ислам Байрамуковтың ат спортына бір бүйрегі бұрып тұрады. Бозкілеммен қош айтысқаннан соң ол атбегі ретінде де танылды. Олимпиада жүлдегері баптаған сәйгүліктер Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде өткен дүбірлі додаларда дараланды.
Сүйікті ісінен қол үзгеніне біраз жыл өтсе де, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда Исламды жиі кезіктіріп жүрміз. Өзінің ізбасарларын үнемі қолдап, қолпаштап жүреді. Еркін күрестің жай-күйі жайында әңгіме қозғалса, ойын бүкпесіз айтып, ақтарыла сөйлейді. Шыншылдық пен ақиқатқа жаны жақын азамат ел спортындағы шешімін таппай жатқан мәселелер жайында биік мінберлерден сан мәрте ашына сөйлегенін де көрдік. БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында осы саланың басы-қасында жүрген дөкейлерді талай рет сын садағына алды. Ешкімнің лауазымы мен шен-шекпеніне қарап жатқан Байрамуков жоқ. Шырылдап шындықты айтып, әр кез әділдікті арқау етуде. Өйткені ол өзінің өмірлік серігіне айналған спорт түрінің құрдымға кеткенін қаламайды. Ислам Қазақ елінің өр мінезді ұлдарын тек биік белестерден ғана көргісі келеді.
Ислам Ілиясұлын «сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп айтсақ, ешкім дауласа қоймас. Ол қазақ тілін жетік меңгерген. Сөзге шешен. Тілі өткір, ойы жинақы, өресі биік. Мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде, тамсанбай тыңдау мүмкін емес. Оның осы қасиеттерін біз теледидар арқылы Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерден тікелей репортаж жүргізу барысында анық байқадық. Әдетте студияға құрметті қонақ немесе салиқалы сарапшы ретінде шақырылатын Байрамуков бірден өзінің кәсіпқойлығы мен білімділігі, шешендігі мен тапқырлығы және керемет сөз орамдарымен көрермендерді баурап алады. Міне, осыдан кейін «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөзге сенбей көріңіз...