Медицина • 09 Тамыз, 2022

Мобильді бригадалардың жұмысы ширай түсті

1456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тамыз айы туғалы коронавирусқа шалдыққандар қатары тағы көбейе түсті. Өңірде ақ желеңділер өткен апталарда күніне 80-90 адам COVID-19-ды жұқтырып, аурушаңдық 6,6 есе өскенін байқаған. Дей тұрғанмен, дене қызуы көтеріл­ген­дердің дені амбулаторлық ем алуда. Облыста эпидемиялық ахуал тұрақты сақталып отыр.

Мобильді бригадалардың жұмысы ширай түсті

Облыстың бас дәрігері Айдар Сейітқазинов қазір коронавирус анықталған науқастарда ауру маусымдық тұмау тәрізді өтіп жатқанын жеткізді. Яғни ПТР нәтижелері адам бойында инфекцияның бар екенін көрсеткенімен, зардабы ағзада жеңіл өтуде.

– Дертке шалдыққан тұр­ғындар саны күніне 80-90 адам­­дай тіркеліп жатыр. Олар­дың басым бөлігі жер­гі­лікті тіркелген емханалары арқылы амбулаторлық ем қа­былдауда. Былай қарағанда маусымдық тұмауға ұқса­туға болады. Эпи­де­миялық ахуал бұдан әрі күрделенбейді әрі ста­цио­­нарларға түсетін жүк­теме көбеймейді деген үмі­тіміз зор. Коронавирус жұқ­тыр­­ғандар санының соңғы күн­дері көбеюіне жазғы уа­қытта адамдардың жиі жол жүріп, курорттық аймақтарға саяхаттайтыны себеп болды деп ойлаймыз. Қазір көп азамат жазғы демалыста жүр. Өзге қалаларға, мемлекеттерге жол жүргенде абайсызда ауру адамдармен байланысып, дертке шалдығады, – дейді А.Сейітқазинов.

Өңірдегі стационарларда қазіргі күні шамамен 39 адам емделіп жатыр. Олардың барлығында созылмалы немесе жанама аурулары бар. Ал инфекциялық төсектік орын­­дардың 30 пайызы ғана толған. Емханалар бастапқы көмек көрсету қызметін кү­шейтіп, мобильді топтар тәу­лігіне орташа есеппен 70 ша­қыртуға дейін барады екен. Соңғы аптада 500-ден астам тұрғынға амбулаторлық ем-дом көрсетілген. Алғашқы ме­дициналық санитарлық көмек көрсету бойынша облыстағы емханалар жанында жалпы саны 140-тай мобильді бригада жұмыс істейді.

«Әр емханада 1-2 мобильдік бригада бар. Оттегі баллондары, өзге де қажетті медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Стационарлар кемі 45 күнге жететін препараттар қорымен қамтылған. Полимеразды тіз­бекті реакция (ПТР) әдісімен тәулігіне 4 484 зерттеу жүргізе алатын 9 вирусологиялық зертхана қызмет етіп тұр. Стацио­нар­лық емдеудегі әйел­дер­дің саны – 9 адам, жағдайы ауыр науқастар жоқ», дейді өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мекемелерінің стратегиялық дамыту және инновациялық технологиялар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерғалы Асылбек.

Бүгінде аймақта вакцинаның үш түрі бар. Тұрғындар QazVac, Vero cell және «Комирнати» вакциналарын салдыра алады. Халықты жаппай иммундау шарасы бойын­ша өңірдегі көрсеткіштер жаман емес. Вакцинаның I ком­понентін өңір халқының 77,3 пайызы, II компонентін 75,5 пайызы салдырған. Ал 42 па­йызы қайта вакциналаудан өтті.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Павлодар облысы