Аймақтар • Бүгін, 07:55

Жетісуда жел электр стансасы салынады

3 мин
оқу үшін

Жетісу облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі жүзеге асырылмақ. Өңір әкімі Бейбіт Исабаев Қытай Халық Республикасының «Envision Energy» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қаратал ауданында қуаты 250 мегаватт болатын жел электр стансасын салу жобасын талқылады.

Жетісуда жел электр стансасы салынады

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Жобаның жалпы құны 215 млн долларды құ­райды. Инвес­тициялық бас­тама аясын­да заманауи жоғары технологиялық жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелері орнатылған электр стансасын салу көзделіп отыр. Бұл нысан өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің «жасыл экономикаға» көшу саясатына да өз үлесін қоспақ.

Кездесу барысында «Envision Energy» компаниясының аға вице-президенті Вэй Вэй ком­панияның жаңартылатын энергетика саласындағы тәжірибесі туралы айтып өтті. Оның сөзін­ше, компания әлемдік нарықта «ақылды» жел турбиналары мен энергия сақтау жүйелерін өнді­румен аты шыққан.

«Жобаның жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 3200 сағаттан асады деп болжап отырмыз. Бұл өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заманауи энергия жинақтау жүйелері желдің тұрақсыздығына байланысты туындайтын тәуекелдерді азайтады», деді Вэй Вэй.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалардың маңызы жылдан-жылға артып келеді. Біріншіден, жел энергетикасы атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Екіншіден, өңірдің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етуге көмектеседі. Үшіншіден, құрылыс және пайдалану кезең­де­рінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ инфра­құ­рылымның дамуына және жергілікті бюджетке түсетін түсім­дердің артуына оң әсер етеді.

Жетісу облысы жаңарты­ла­тын энергия көздерін дамытуда тәжірибесі бар өңірлердің қатарына кіреді. Бұған дейін өңір аумағында бірқатар су және күн электр стансалары іске қосылған. Әсіресе облыс аумағындағы табиғи-климаттық жағдайлар – тұрақты жел ағындары, күн радиациясының жоғары деңгейі мен су ресурстарының болуы жаңартылатын энергия жобаларын дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа жел электр стансасының салынуы өңірдегі баламалы энергетиканың үлесін арттыруға бағытталған кезекті маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі жобаның өңір үшін өзекті екеніне ерекше тоқталды.

«Энергетика – облысымызды дамытудың негізгі бағыт­та­рының бірі. Сондықтан жаңар­ты­латын энергия көздерін да­мы­туға бағытталған жобалар, оның ішінде жел электр стансаларын салу жобасы біз үшін аса маңызды. Осыған байланысты жобаға қолданыстағы заң­нама аясында қажетті қолдау көр­се­ті­ле­ді», деді облыс әкімі.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Дерек пен дәйек

Спорт • Бүгін, 09:20