Экономика • 11 Тамыз, 2022

Көмір бағасын ырықтандыру қолдан келмей тұр

773 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоңыр күз жақындай түскен мезгілде Керекуде көмір дүрбелеңі басталады. Биыл өңірлік энергетика саласына жауапты мекемелер тұрғындарды қысқа ертерек қамданып, отынды осы бастан сатып алуға шақыруда.

Көмір бағасын ырықтандыру қолдан келмей тұр

Себебі күзде көмір кеніштері ойларына келгенін істеп, бағаны көтеруге түрлі сылтау ойлап табады. Өңір басшылығы қатты отынның бағасы былтырғы деңгейде, яғни тоннасына 9-16 мың теңге аралығында сақ­талады дегенімен, қазір­дің өзінде жеткізуші ұйым­дарда оның бағасы 18 мың теңгеден асып кеткен. Осы апта басында жергілікті билік өкілдері облыстық мәсли­хаттың депутаттарына «компания­лар­мен арнайы келісім жасас­қанбыз, отынның бағасы былтырғы деңгейде сақталады» деп есеп берді. Осылай­ша, жауапты мекеме депутаттарға жалған есеп беріп құтылып кетті. Ал мәселені одан әрі қазбалаған депутат көрмедік.

Алдағы қыста өңірдің қажет­тілігі үшін 639 мың тонна қатты отын керек.

Оның 132 мың тоннасы бюд­жет­тік ұйымдарға, тағы 428 мың тонна­сы жеке тұрғындар қажеттілігіне ар­налған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­­уашылық басқармасы басшы­сы­­ның міндетін атқарушы Асхат Жақыповтың сөзіне сүйен­сек, өңі­рі­мізде алдағы жылыту кезе­ңі­не дайындық кестеге сәйкес жүр­гі­зілу­де. Мекеме көмір жеткізу бойынша шарттар жасасып, кеніштермен келі­сім­ге келген. Көмір негізінен жүк көліктерімен тасымалданады.

– Тұрғын үй қорындағы көп­пә­тер­лі 2 416 баспананың тең жартысы қазірдің өзінде әзірліктерін жүз па­йызға қамдап алды. Павлодар қа­ла­сында 500, Екібастұзда 180 тұр­ғын үй қысқа дайын. 337 қазан­дық­­тың 70 пайызында жөндеу жұ­мыс­тары аяқталды. Көмір өнді­ре­тін кеніштермен келісім бар, көмір сатумен айналысатын темір жол тұйықтарымен мәмілеге келдік: отын­ның бағасы өткен жылдың дең­гейінде қалады. Яғни тоннасы сапасы мен қызуына қарай 9 мың теңгеден басталып, 16 мың теңгеге дейін жетеді. Көмір жеткізуші компанияларда қор бар. Сондықтан суық түспей тұрып, тұрғындар қат­ты отынды қазірден қамдап алған­дары абзал, – дейді ол.

Тамыз айының ортасында өңірде көмірді жаппай тасу басталады. Осы кезде кеніштерде кезек қалыптасып, күз бойы дүрбелеңге ұласады. Сол аласапыранды пайдаланып, кеніш­тер бағаны көтеріп жібереді. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып келе жатыр. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң ойларына келген бағасын қоймағанда не істейді?..

Айтпақшы былтыр аудандарға көмір жеткізу кестесі бұзылып, сал­да­рынан Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылындағы мектептің жылу жүйесі қақаған аязда қатып қала жаздаған. Оқушылар біраз уа­қыт қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл келеңсіздіктен соң білім басқармасы жеткізушіні сотқа берді. Ал жауапты жұмысына салғырт қараған бірнеше шенеунікке сөгіс жарияланды. Осы жайсыз жағдайды еске алған облыстық мәслихат де­­путаттары өңірлік энергетика бас­­қармасынан жеткізушілермен меморандумға отыруды талап етуде. Меморандум жасалса, бағаны ырықтандыруға мүмкіндік мол деп санайды мәслихат депутаттары.

Тағы бір мәселе, көмір жеткізу­ші­лерге қатысты. Өңір нарығында 8 жеткізуші бар. Олар отынды қоймаларына жеткілікті көлемде жет­кізбесе, алғашқы салқын түскен­де көмірді жаппай сатып ала бас­тайтын тұрғындардың барлығына жетпей қалуы мүмкін. Бұған дейінгі жылдарда сондай мәселелер кездес­кен.

Биыл күзде көмірдің бағасы өсетіні анық дейді жергілікті эко­но­мистер. Сырттан келетін тех­никаның қосалқы бөлшектері мен түрлі қызмет түрлерінің қымбаттауына орай, кеніштер нағыз науқан қызғанда бағаны көтеруге әрекеттенетіні айқын. Былтыр кө­мір­дің әр тоннасын «Майкөбен-Вест» ЖШС – 6 500, «Гамма Сарыкөл» – 5 500, «Богатырь Көмір» кеніші 2 783 теңгеден босатқан еді. Алайда бұл баға қазірдің өзінде өсе бастаған. Мәселен, Майкөбе ке­нішінен шығатын, күлділігі тө­мен көмір бағасы 13 пайызға өсіп үл­гер­генін айтады жеткізушілер. Облыс орталығындағы «А-Вест Павлодар» ЖШС-інде бұған дейін май­к­өбелік қара көмірдің тоннасы 10 500 теңгеден сатылса, енді 12 мың теңгеден босатылуда. Оған көмірді жеткізу құнын қосыңыз, кемі 5-6 мың теңгенің айналасында. Ал Шұбаркөл көмірі үшін жергілікті жеткізушілер қазірдің өзін­де тоннасына 18 500 теңге сұ­райды. Көктемде 15 мың теңгеден сатылған отынның бірден 3 500 теңгеге қымбаттап шыға келгенін жекеменшік компаниялардың өкіл­дері түсіндіруден бас тартты.

Бір қызығы, көмірді ашық әдіс­пен өндіретін «Богатыр Көмір» кені­ші де қулыққа басып, қатты отынның бағасын кезең-кезеңімен өсіретін арнайы тарифті Энергетика министрлігінде бекітіп алыпты. Яғни ай сайын бағаға 100 теңгеден қосылып отырады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша депар­таменті бұл жағдай бойынша тексеру шараларына кіріскен. Дей тұрған­мен алып кеніштің жаңа тарифін заңсыз деп тану үшін әлі біраз уақыт қажет.

Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентінде бүгінде 10 мыңнан аса халық тұрады. Елді мекендегі жеке үйлердің барлығы қыста пеш жағып, жылынады. Кент тұрғыны Әсет Хазыров жыл сайын жылыту кезеңінде кемі 10-15 тонна көмір жұм­сайтынын айтады.

«Үйім ескі, боранды күндері аңырап кететіндіктен пеш жағуды үзбейміз, күніне 15-20 шелек көмірді жағып жібереміз», дейді отағасы.

Қызуды жақсы беретіндігі үшін майкөбелік көмірді құп көреді. Биыл күзде көмір сатып алуға 150 мың теңгесін дайындап қойыпты. Темір жол тұйықтарында көмір қымбаттап кеткенін естіген тұрғын ертерек қимылдамағанына қынжылып отыр. Алда­ғы уақытта қымбат көмірді алмас­қа амалы жоқ. Енді сәл күтсе, баға одан әрі өсіп кетуі ғажап емес.

«Отын бағасының жыл сайын қымбаттауы жағымсыз үрдіске айналып барады. Бұған жергілікті билік кінәлі деп санаймын. Бензин мен газдың шекті бағасын белгілегендей, көмірдің босатылу құнын да ырық­тан­дырудың тетігі жасалуы керек қой. Алып жатқан еңбекақымыз түкке жетпейді. Азық-түлік пен киім-кешектің бағасы аспандап кетті. Енді келіп көмір қымбаттап жатыр. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес», дейді кент тұрғыны.

Бұған дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасынан хабар­ланғандай, биыл жүк вагондарының басқа өңір­лердегі құрылыс жұмыстарына тар­тылуына байланысты маршруттар 18-ге дейін қысқарады деп күтілуде. Осыған байланысты тұты­ну­шыларды көмірмен уақтылы қам­тамасыз ете алмау қаупі де бар. Сон­дық­тан отын қорын ертерек қамдап алуға асығыңыз.

 

Павлодар облысы