Концерт бағдарламасы көрерменді әр дәуірдің эстетикалық әлеміне жетелеп, қимыл мен ырғақ арқылы тарихтың тынысын сезіндіруге бағытталды. Сахнада павана, менуэт, полонез, вальс, танго, латино және қазақ вальсі қатар өріліп, әрбір би өз дәуірінің рухын, мінезін һәм көркемдік болмысын айқындады. Еуропалық сарай мәдениетінен бастау алған классикалық үлгілер мен ХХ ғасырдың ырғақты пластикасы ұлттық хореографияның төл бояуымен астасып, тұтас көркем желі түзді.
Жобаның басты ерекшелігі – би өнерінің тарихын сахна арқылы баяндап қана қоймай, оны танымдық кеңістікке айналдыруында. Әр композиция тек қимыл тілі емес, мәдени жадының көрінісі ретінде ұсынылып, көрерменді дәуірлер арасындағы нәзік байланыстарды сезінуге жетеледі.
Кештің авторлары – «Gulder» ансамблінің бас балетмейстері, халықаралық байқаулардың лауреаты Анвара Садықова мен педагог-хореограф Дана Қуанышбекова. Жобаға ансамбль әртістері, өнер майталмандары, халықаралық байқаулар жеңімпаздары, Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері мен «Samga» квартеті қатысып, сахналық кеңістікті көпқырлы өнер алаңына айналдырды.
Дәуірлер үні диалог құрған айтулы би кешінде ерекше көркемдік екпін қазақ вальсіне берілді. Бұл бөлім ұлттық пластиканың нәзік лиризмін айқындап, көрерменге қазақ би өнерінің заманауи сахнадағы жаңғыруын әйгіледі. Концерт соңында дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысы би тілі арқылы үйлесім тауып, өнердің уақыттан биік табиғатын тағы бір мәрте дәлелдеді.