Зерде • Бүгін, 08:40

Шығанақ тарысы: Тарих пен тағылым

14 мин
оқу үшін

Биыл 1943 жылы ақ тарының гектарынан 201 центнерден өнім жинап әлемдік рекорд орнатқан Шығанақ Берсиевтің (1881–1944) туғанына 145 жыл толады. 1936 жылдан бастап Ойыл ауданы Қаратал ауылында тары өсірушілер звеносын ұйымдастырып, табысты суармалы шаруашылық жүргізген диқан 1944 жылы жазда 63 жасында ауыр науқастан дүние салды. Соғыс басталған жылы звеношылар үш ауысыммен жұмыс істеді. Қыркүйекке таяу қауызынан ұшырылып, тазартылған дән атарбалармен жақын жердегі теміржол бекетіне жеткізіліп, вагондарға тиеліп, майданға бағыт алатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағында алдыңғы шепте қар кешіп, мұз жастанған кеңес жауынгерлері Шығанақ тарысынан жасалған ботқамен қоректенді. Диқан өмірден өткен соң, кетпенін соғысқа кеткен ұлы Айттың келіншегі Ажархан ұстады.

Шығанақ тарысы: Тарих пен тағылым

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақжібек апаның айтқаны

 Шығанақ қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң сәулетші Төлеу Бәсенов  Қараталда кесене тұрғызды. 1944 жылы  майлы бояумен салынған түлкі құлақшын киген Шығанақ суреті газет беттерінде жарияланып, Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы  жарық көрді.  Алайда романда қарапайым еңбек адамының шаруашылықты ұйымдастыру тәсілі барынша жазылғанымен,  көп нәрсе қамтылмай қалды. Соның ішінде төрт ұлының бір жылда соғысқа жіберілуі көп жерде қағазға түспеді. Бір үйдің ержетіп отырған бар баласын сыпырып  әкету  қаншалықты дұрыс еді? Олар­­­­дың үшеуі 1943 жылы опат болған. Диқан тірісінде ұлдарының хабарын біліп кетті ме, ол жағы белгісіз. Шығанақ атамыздың бәйбішесі Зәру 16 құрсақ көтерген. Бүгінде диқанның немере-шөберелері Ақтөбе, Маңғыстау облыс­тарында тұрады.  Нағашы атасы туралы  біраз деректі Мұханбетқали Ешмұхан анасы Ақжібектен естіген. 

«Анам 1927 жылы дүниеге келген. Ойыл ауданында ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеді, 2003 жылы өмірден өтті. Шығанақ атам мен Зәру әжемнің    Махмұд (1911–1989), Жақып (1913–1943), Айт (1916–1943), Жүсіп (1920 –1943)  есімді балалары соғысқа алынып, Махмұд қана тірі келген. Үйде ер баладан  Шайқы  ғана қалды. Ол 1942 жылы 10 жаста болған. Айт Брест қамалы қорғанысында болды. Соғысқа дейін Ростов қаласынан теміржолшылар институтын бітірген Махмұд нағашым 90-атқыштар бригадасы 286-атқыштар полкінің теміржолдарды қалпына келтіру  батальонында қызмет етті. Жау талқандаған рельстерді қалпына келтіру кезінде талай ажалдан аман қалған. Махмұд нағашымды герман соғысы аяқталған соң, 1945 жылдың тамызында жапон соғысына жіберген. Осы жақта бір шабуылда оқ тиіп, есінен  танып қалғанда, өлген жауынгерлермен  бірге шұңқырға көміп тастайды. Есін жиғанда, көмілгендердің беткі жағында жатқанын сезіп, бөренелер арасынан   саңылау тауып  қазып  сыртқа шығып, орман ішінен бөлімін тауып барған», дейді  Шығанақтың жиені.

 Ғабиден Мұстафин романында әке звеносында еңбек еткен Ақбала мен Ақжібек туралы жазылған. Мұханбетқали Ешмұханның айтуынша, Ақбала –  Шығанақтың інісі Тұңғатардың қызы. Тұңғатар ертерек  қайтыс болғанда,  ол  әмеңгерлік салтпен  келіні Елеусінмен бас қосып, Ақбаланы да қолына алған.  «Ақбала менің анамнан үлкен болған соң, Шығанақтың бірінші қызы деп саналған. Ол «Құрман» кеңшарында тұратын тарышы Қашқын Соқыровтың Бақытжан есімді ұлына тұрмысқа шықты. Бақытжан жездеміз жастай қайтыс болып, апамыз төрт баламен қалды.  Балалары ержетіп  қалғанда ол да өмірден өтті. Шығанақ звеносында келіні Ажархан, 1923 жылы туған Ақбаян есімді қызы да еңбек еткен. Махмұд нағашым соғыстан кейін Шиелі  депосын басқарып, кейін Шұбарқұдыққа көшіп келді. Оның 1951 жылы туған Рахым есімді жалғыз ұлы өмірден ерте өтіп, одан төрт бала  қалды. Махмұд нағашым әкесі туралы жазған бірнеше қолжазба дәптерін журналист Идош Асқарға тапсырды. Идош ағай соның негізінде Шығанақ туралы деректі кітап жазды және атамыздың 125 жылдығын атап өтуге ықпал етті. Қазір Ақжібек шешемнің екі баласынан  төрт ұл, бір қыз немерелері бар», дейді Мұханбетқали Ешмұхан.

Шығанақтың кенжесі Шайқы 1953 жылдары Қызылорда ауыл шаруа­шы­­лығы техникумын бітіріп, ауы­лы  Қараталға оралды. Бұл кезде Айттың келіншегі Ажархан атасының шаңы­ра­ғында Зәру мен Елеусін енелерін  бағып, тары звеносын басқарып жүрді.   Соғыс әлдеқашан бітті, күйеуі Айттың келмейтіні анық еді. Үлкендер  Шайқыға  Ажархан жеңгеңе қосыл деп айтқанда,  қарсы шықпаған. Шайқы кеңшардың машина-трактор бекетінде инженер-механик болып жұмыс істеген. Сабырлы, бір сөзді, қайырымды Шайхы ауылында өте сыйлы болған. Ажархан екеуінен  екі ұл, екі қыз тарады. Ауыл ақсақалдары 1958 жылы туған Ерболыс Шайқыұлының зеректігі мен  естілігін, құймақұлақтығы мен әңгімешілдігін Шығанақ атасына ұқсатқан. 

Үш ноқатты дән

 Махмұд күнделігінде әр жылдары гектарына 160–180 тоннаға дейін өнім алған ақ тары тұқымының ерекшеліктері туралы жақсы сипаттайды. Шығанақ  өзі өсірген дақылға «Ақ бикеш» деп ат қойған. Әр жылы ірі шыққан дәндерді іріктеп жинап, көктемде еккен.  Егістікке малдың  қиын салып,  күл сепкен. Махмұд әкесінің үш ноқатты ақ тары тұқымын төңкеріс алдында  Қобдадағы бір  байдың малын бағып жүріп, тары егі­­­­сін­­де жұмыс істегенде  жинап алғанын жазады. Шаруа жайын жақсы білетін Шығанақ ақ пен қызылдың шабысынан елге дүрбелең келіп, қуаңшылық болатынын  алдын ала  біліп, күзде тары орғанда екі қапшыққа құрғатып салған тарыны далалыққа көміп кетеді. 1919 жылдың күзінде Шығанақ ет-жақындарымен   қарақалпақтың Хожелісіне көшіп кетіп, 1922 жылы қайтып оралған. Келген бойы көмбесін іздегенде, бір қабын ғана табады. Хожеліден шығыр тартып, суармалы егіс жайын үйреніп келген диқан Қараталда тары салды. Аштық кезінде сол жаққа тағы көшіп, қайтып оралады. 1937 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1-хатшысы болып бекітілген Яков Иночкин Ойыл өзені  бойында мал терісінен жасалған местер мен қауға-шелекті байлап, шығыр айналдырып жатқан Шығанаққа кезігеді. Диқан шығырды қанша айналдырса да, істің өнбей жатқанын айтып, су айдайтын құрылғы болса, артель құру жос­парым бар дейді. Иночкин су айдайтын қондырғы тауып беруге уәде етті. Шығанақ та уәдесін орындады. Соғыстан кейінгі жылдары ақ тары да ұмытыла бастап, жүгері мен бұршақ егу жарысы қызды. Ауылдарда суды көп қажет ететін ақ тары емес, ­­­­­­құрғақшылыққа төзімді қызыл тары егіле бастады.  1970–1980 жылдары Ойыл ауданында бас агроном болып жұмыс істеген Қуаныш Нұршиннің айтуын­ша, сол жылдары Ақтөбе облысының Байғанин, Қарабұтақ, Ырғыз аудандарында қызыл тары көп егілді. Тек  Ойыл ауданының жеті кеңшарында ақ, қызыл тары егіліп, мол өнім алып жүрді. «Бірте-бірте осы құнарлы дақыл егістігі қысқара берді. Меніңше, тары өсірудің бейнеті көп болған соң, шаруалар қаша бастады. Тарыны көктей оруға болмайды. Комбайнға түспес бұрын құлатылып,  кептіріледі. Өйткені пісіп тұрса да,  ылғал күйінде шалғыға кірмейді. Қырманға түскен соң, қайта-қайта аударып тұрмаса,   қызып кетеді. Қырлыққа өсетін қызыл тары жерді жыртып, сеуіп тастаса шыға береді, көп суды қажет етпейді. Ақтөбе облысында қызыл тарының «Саратов-853» деген сорты танымал болатын.   1976–1977  жылдары Ақтөбе облысын басқаруға келген А.Ливенцов Ойыл ауданындағы  Ш.Берсиев атындағы кеңшарда ақ тары өсіруді тапсырады. Ел диқанның ақ тарысын әлдеқашан ұмытқан. Жұрт жабылып, ақ тары тұқымын іздегенде, Ақжібек апайдың үйінде сақталған аз-маз тұқым шыққан. «Қараталда қайта егілген тарыдан сол жылы әр гектарынан 70 центнерден өнім алдық. Алайда бұл шаруа жалғаспады. Өйткені ақ тары дәнді дақыл түрінде реестрге  енгізілмегендіктен, мал азығы түрінде қабылданды. Былайша айтқанда, мал мен құстың жеміне кетті. Пайда болмаған соң, шаруашылықтар екпеді. Ол жетім тары еді. Сол кезде үкімет тіркемеді.

Ақ тарыны өсірудің ерекшелігі бар.  Егер қызыл тары бір рет піссе, ақ тары үш рет піседі. Әуелі басындағы қауыздары сарғайғанда, дәндерін түсірмей, бастарын қиып алу керек. Содан кейін ортасы, қыркүйекте ең төменгі сабақ сарғаяды.  Қызыл  тарыдан гектарына  20–30 центнер дән жиналса, ерекше күтіммен өсірілген  ақ тарыдан 120–130  центнер алуға болатынын айтады. Шығанақ ақ тарының сабағын жерге түсірмей жинаған. Піскендерін қайшымен қырқып алып дестелеген», дейді Қуаныш Нұршин.

Сол жылдары  Ш.Берсиев атындағы кеңшар директоры болған Дәулетжан Доспамбетов қайта егілген Шығанақ тарысының дәндерін сақтап қояды. Бұл туралы Балзия Бисенғалиқызы былай деп есіне алады: «Күйеуім Дәулетжан  Берсиев кеңшарына 1976 жылы директор болып тағайындалды. Екі жылдан кейін  ақ тары егіп көріп еді, онысы бітік шығып, қолдан шауып, қырманға төкті.  Сол жылы жиналған өнімнен екі қасық дәнді ақ қағазға орап, сыртын ақ матамен байлап сақтап қояды. Дәулетжан 2006 жылы 67 жасында Ақтөбеде өмірден озды. Зейнеткерлікке шыққан соң, Шығанақтың ақ тарысын көбейткісі келген еді», дейді Балзия Бисенғалиқызы.  Содан немересі Ринат әжесі Балзия берген дәндерді шарбағындағы шие ағашының түбіне сеуіп тастайды. «Мен 2023 жылы мамырдың соңында әжемнен алған 24 түйір дәнді үйдің ауласындағы шие ағашының түбіне ектім. 35 күннен кейін екі жапырағы шығып, артынан барлық  дән өнді. Көлеңке болмасын деп ағашты шауып тастадым. Күніне бір шелек су құйдым.  25 күнде биіктігі  1 метрге жақындады. Басы шықты. Жан-жаққа шашырап құлай бастағағанда, жіппен буып байладым. Сарғайды. Қауызы ашылып, тарысы көрінгенде, бас жағын қиып алдым. Бір айдан соң екінші сабағы пісті.  Дәндерді кептіріп, 3 литрлік банкіге жинай бердім. Қыркүйектің соңында түбіндегі жапырақ арасынан қауыз шықты. Мұның ерекшелгі, піскен бойы бастарын қайшымен қиып алу керек.   Шығанақ тарысының тұқымын ектім деп әлеуметтік желіге салып едім, жұрттың назарын аудардым. Мұханбетқали Ешмұхан Ойыл аудандық музейінен хабарласып, дәнінде  үш қара ноқат кездессе,  Шығанақ ақ тарысының тұқымы деп айтты», дейді Ринат Доспамбетов.

Расында да, Ринаттың жинаған өнімінде осы белгі айнымай  кездеседі. Ол қалада емес, далалықта, өзеннің жылы, тұщы суымен суарып өсірсе, бітік өнім алуға болар еді дейді. Ол Шығанақ ауылында атасының ісін жалғастырмақшы.   «Атам Дәулетжан 1991 жылы Ш.Берсиев атындағы кеңшарда қой  терісін илеп, тон шығаратын цех ашты. Сол жылы ауылға француздар келгенде, атам оларға тары сатып, орнына тері илейтін жабдықтар  алдырды. Қараталда цех ашып, әкелген жабдықтарды құратын маманды күтіп отырғанда жұмысын ауыстырып жіберді.  Сонымен бәрі қалды. Ол  өңірімізде тері илеуді бастаған бірінші басшы еді», дейді Ринат.

Ринат былтыр да Шығанақтың ақ тарысын ауласына екті. Ол енді осы дақылға патент алғысы келеді. Айта кетсек, Ақтөбеде жыл сайын тары өнімін насихаттауға арналған фестиваль өтеді. Ол жерде тарыдан жасалған түрлі тағам ұсынылады, тары сұрыптары таныстырылады. Алайда бірде-бір жерден Шығанақ тарысының тұқымдарын кездестіре алмай жүрміз. Ақтөбеде тарыны насихаттау Шығанақ еңбегін насихаттаудан  бастау алу керек емес пе?

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда заңсыз салынған дүкен сүрілді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 18:50