Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Жаңарған жағалау, заманауи жүйе
Көл жағасында толқынмен арпалысқан жағалауды қорғайтын арнайы бекіту бөгеттері тұрғызылды. Кейінгі жылдары қыс мезгіліндегі ірі мұз массалары мен қатты желден көтерілген толқындар жағалауды шайып, демалыс орындарына қауіп төндірген. Осыған байланысты облыс әкімдігі Алакөл жағалауының 13 км аумағын қамтитын ауқымды қорғаныс жобасын қолға алды. Көктұма ауылында 960 метр, Ақши ауылында 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.
– Жағалауды нығайту бөгетінің құрылысы былтыр басталды, биыл жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір қосымша адам күші мен техника жұмылдырылды. Жұмысшылар санын 150-ге, техника санын 300-ге жеткіздік. Бұл – желді күндері көл толқыны екпінінің жағалауды шайып кетуін болдырмау тұрғысында қолға алынған жоба, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Арман Жүнісқалиев.
Алакөлдің басты мәселелерінің бірі болған кәріз, ағын су жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ақши ауылында 69 км кәріз желісінің құрылысы толық аяқталды. Ақши мен Көктұма ауылдарынан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи тазарту қондырғылары салынып жатыр. Қуаты тәулігіне 6500 текше метр болатын нысан биыл қазан айына дейін толық инженерлік желілерге қосылады.
– Құрылыс жұмыстары 2025 жылы мамыр айында басталды. Қазір жұмыстың 30 пайызы аяқталды. Осы жерде Ақши мен Көктұма ауылдарынан шыққан кәріз қалдықтары тазартылады. Жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Самат Ыбырай.
Шомылу маусымы қарсаңында көл жағалауына қосымша 100 қоқыс контейнері, 40 киім ауыстыратын орын, 40 биодәретхана, 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырым буй желілері, 8 пирс орнатылды.
– Былтыр Алакөлдің жағалауындағы Бескөл мен Ақши ауылдары арасында 57 км электр желісі мен 2 қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақши ауылында кәріз жүйесін салу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы бірінші кезеңі жасалып, кәріз құбырлары толық салынып бітті. Қазірде көл жағалауын бекіту бөгеті құрылысының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, екінші кезеңі жөніндегі жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жүзу құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста Жалпы су пайдаланудың қағидалары бекітілді, – деді өңір басшысы Б.Исабаев.

Айналаның ажары – тазалығы
Бүгінде Алакөл жағалауында коммуналдық инфрақұрылым жаңарып, тазалық жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, жағалауды тұрақты күтіп ұстау мақсатында арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, оның материалдық-техникалық базасы 21 бірлік арнайы техникамен толықтырылған. Енді көл жағалауындағы қоқысты шығару, қоғамдық аумақтарды тазалау, жағажайларды күтіп ұстау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлының айтуынша, көл жағалауының келбеті жылдан-жылға жаңарып келеді.
– Алакөлге келетін туристердің саны артып отырғандықтан, жағалаудағы қызмет көрсету сапасын да үнемі жақсартып келеміз. Биыл «Алакөл Тазалық» мекемесі құрылып, тазалық жұмыстары бір жүйеге түсті. Ең бастысы, көл жағалауы жыл сайын жаңарып, демалушыларға қолайлы әрі қауіпсіз аймаққа айналып келеді, – дейді аудан әкімі.
Айта кетерлігі, Алакөлге жету де бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Жалпы ұзындығы 488 км болатын «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» автомобиль жолдары қайта жаңғыртылып, көлік қатынасы едәуір жақсарды. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жөнделіп, ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалды. Қазір әуежайды қайта жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. Өткен жылы әуежайдан 18 мың адам ұшқан. Сонымен қатар Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Павлодар, Қызылорда қалаларынан Алакөл бағытына 12 пойыз қатынайды. 2023 жылдан бері «Астана – Достық» бағытында «Тальго» пойызы жүреді.
– Теміржол қатынасы да кеңейіп келеді. Биыл Алакөл бағытында 12 теміржол маршруты жүзеге асырылады. Ақши стансасы арқылы 6 бағытта тұрақты пойыздар қатынайды. Былтыр тәулігіне 500-800 жолаушыны қабылдадық. Биыл меймандар саны артса да, вагон жеткілікті. Қажет болса жаңа бағыт ашуға мүмкіндік бар, – дейді Ақши вокзалының директоры Жанар Ыбырайханова.
Бүгінде Алакөл жағасында 277 туристік нысан жұмыс істейді. Тек 2025 жылдың өзінде 17 жаңа туристік нысан пайдалануға берілген. Бұл – өңір туризмінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
Қауіпсіздік – басты назарда
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған емес. Ақши ауылындағы құтқару бөлімшесінде 13 құтқарушы мен 11 моторлы қайық тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жаздың аптап күнінде көлге ағылатын жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару мұнаралары көбейтілді.
Көл жағалауындағы қоғамдық тәртіпті сақтау тұрғысында биыл жазғы маусымда жалпы 50 полиция қызметкері жұмылдырылып, тәулік бойы патрульдік қызмет атқарады. Оның ішінде Ақши ауылында 40 полиция қызметкері жұмыс істесе, Көктұма ауылында 2 маман жаяу патруль, автопатруль, дрон арқылы бақылау жүргізеді. Ақши ауылдық учаскелік полиция пунктінде қосымша 8 қызметкер резервте болады. Сонымен қатар жағалау бойына орнатылған 39 бейнебақылау камерасы арқылы қауіпсіздік бақылауы күшейтілген. Камералардан түсетін бейнежазбалар облыстық полиция департаментінің мобильді байланыс кешеніне, қажет жағдайда Жедел басқару орталығына тікелей жолданады. Бұл демалушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
– Денсаулық сақтау саласында да дайындық күшейтілген. Ақши, Көктұма ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар жазғы маусымда тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бұл – туристер көп шоғырланатын аймақта жедел медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам, – дейді аудан әкімі.
Жетісу облысы құрылғалы бері туризм саласына ерекше басымдық беріліп келеді. Кейінгі жылдары туризмді дамытуға бөлінген қаржы облыстың даму бюджетінің шамамен 30 пайызын құрады. Қаржы инфрақұрылымдық жол, электр желісі, т.б. маңызды жобаларға бағытталды. Былтырғы жыл қорытындысында туристік нысандардың саны 18 пайызға өсті. Туристер саны 11 пайызға көбейіп, Жетісуға келушілер қатары 2 млн-ға жетті. Алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың саны 60 пайызға артты.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022–2025 жылдары өңірде жалпы 60 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 2026–2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, тағы 21 инвестициялық жоба қолға алынады. Бұл бастамалар Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі заманауи туристік орталыққа айналдыра түспек.
Жетісу облысы