Аймақтар • 11 Тамыз, 2022

Айналма жолдың азабы

748 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертіс ауданындағы Амангелді ауылы ойда жоқта сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Толассыз жауған нөсер жаңбыр ауылды аудан орталығымен байланыстыратын автожолға нұқсан келтірген. Халық елді мекеннен шыға алмай қиналды. Жуықта бұл жерден өтетін республикалық жолды жөндеу жұмыстарына байланысты айналма жол салынған еді. Жаңбыр суы аталған жерді шайып кеткен.

Айналма жолдың азабы

Тұрғындардың жанайқайын ең әуелі әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуден байқадық. Онда Амангелді ауылының халқы облыстың жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасынан көмек сұраған. Елді мекен Қазақстан мен Ресейдің дәл шекара түбінде орналасқан. Ауылдан «үлкен трассаға» шығатын жол біреу ғана, Ол «Ленин – Ертіс – Русская  поляна» республикалық жолына барып түйіседі. Ал ол магистралдың 4 шақырымға жуық бөлігі Ресейдің Омбы облысына кіріп тұр. 1 тамыздан бастап Ресей жағы жолдың аталған учаскесін жауып, автокөліктердің кез келген түріне жүруге тыйым салыпты. Ал «Ленин – Ертіс – Русская  полянаға» қызмет көрсету құзыры «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға жүктелген.

Ертіс ауданының әкімдігі жуықта Ленин ауылы арқылы РФ учаскесіне дейін өтетін ұзындығы 17 шақырым жолдың Амангелді ауылына кіреберісін реконструкциялау, әрі топырақ жамылғысын асфальт-бетонға ауыстыру жобасын әзірлеген екен. Одан соң айналма жол дайындалған. Алайда мердігерлер төсеген айналма жол жауынға шыдас бермей, ми батпаққа айналып кеткен. Салдарынан ауыл халқы іргеде тұрған Ленин елді мекеніне жете алмай азапқа түсіп отыр.

Ауыл тұрғыны Қадиша Рахметованың айтуынша, Амангелдіде 300-ге жуық адам тұрады. Көбі – зейнеткер мен бала.

«Бұл – бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз жол. Ауылға автобус кіре алмай қалды. Жеңіл көліктер айналма жолда батып жатыр. Жол машақаты биыл ғана емес, 8 жылдан бері жалғасып келе жа­тыр. Жаңбыр жауса, келесі күні жолдың дег­ді­генін күтіп отырамыз. Көрші ауылдан азық-түлік әкелуге, аудан орталығындағы ауруха­наға көріну үшін осы жолмен жүре­міз. Құдай бе­тін аулақ қылсын, ауылда адам қатты ауыра қалса, ауруханаға жете алмайтыны анық. Біздің елді мекенде, тіпті наубай­хана­да жоқ», деген шағымын жеткізді тұрғын.

Амангелді ауылдық округінің әкімі Алмагүл Шарманова мәселені жақсы біледі. Апта басында жаңбыр бір тәуліктен аса жауғандықтан ауылдастарын келесі күні 18 шақырым жерде тұрған Ленин ауылына ұзақ жүріп әрең жеткізгенін айтады. Ауылда азық-түлік дүкені жоқ болуына байланысты халық аудан орталығына барып сауда жасайды. Әкімнің өзі бұл ауылда 38 жыл бойы тұратынын, республикалық жолдың шырғалаңы көптен бері жалғасып отырғанын қынжыла айтты.

Облыстың жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы өз кезегінде бүгінде аталған айналма жолдың беткі қабаты инертті материалдармен нығай­тылып жатқанын хабарлады. 10 тамыз күні басқарма мен «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтодор» мекемелерінің өкілдері аталған учаскеге барып, мәселе туындап тұрған тұстың барлығын қағазға түртіп алыпты. Айтуларынша, алдағы уақытта бұл жерде арнайы техникалар саны көбейтіледі.

Дей тұрғанмен, амангелділік жұрт мәсе­ленің бірден шешіле салатынына күмәнмен қарап отыр. Қазір күн ысып, жаңбыр басыл­ғанымен күзде айналма жол тағы ми батпаққа айнала ма деген қауіп бар. Қоңыз күзде бұл жолмен қысқа қажет мал азығы мен отын-суын тасымалдайтын ағайын жол азабын тағы тартары анық.

 

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы