Оқиға • 15 Қыркүйек, 2022

Тоғыз бала мектеп асханасында уланып қалды

390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысында 9 оқушы тамақтан уланды. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің барлығы мектеп асханасынан тамақтанған соң өздерін жайсыз сезінгендерін айтқан, деп жазады Egemen.kz.

Тоғыз бала мектеп асханасында уланып қалды

Оқиға 8 қыркүйек күні Шарбақты ауданындағы №2 орта мектебінде орын алыпты. Балалар келесі күні  жергілікті емдеу мекемесіне құсу, іштің құрысуы мен өтуі бойынша шағымданып, кейбірінде дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының болжамынша, оқушылар мектеп асханасында улануы мүмкін.

Оқушылардың төртеуі облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Барлық балалардың ішінде үш қыздың екеуі 2-сыныпта, біреуі 9-сыныпта, бір ұл 4-сыныпта оқиды, өзгесі 6-сыныпта білім алуда.

Мектеп асханасында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, санитарлық дәрігерлер бірқатар кемшілікті анықтады. Айтуларынша, тоңазытқыш жабдықтары термометрмен қамтамасыз етілмеген, тамақтардың тәуліктік сынамалары дұрыс сақталмайды, тағам тасуға арналған табақшалары жарылған, ал тамақ ішуге арналған ыдыстары ескі әрі мүжілген. Тіпті аспаздарда жұмысқа кірісуге дәрігерлік рұқсаты қағазы болмай шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы бүгін шығарылып, үйлеріне жіберілді. Жағдайлары қалыпты деп танылған.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, мектептегі асхана қызметін «Абуев» жеке кәсіпкерлігі ұйымдастырады. Тексеру нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға шара қолданылатын болады.