
Дәстүрлі түрде өтетін егіншілер жиыны биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы Жетісу аймағы ғана емес, Қазақстанның бірқатар облысынан да жүгері өндірісіне қызығатын азаматтар шекара шебіндегі ауданда бас қосты. Жаркент өңіріне жиналған даңғайыр кәсіпкерлер «Пионер» буданын өсіру технологиясы» тақырыбында аймақтық семинар-кеңес өткізді. Негізінен жүгері өндірісімен шұғылданатын Панфилов, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле және Ескелді аудандарының жүгерішілері мен ауылшаруашылық мамандары, ғалымдар бас қосқан алқалы жиын аудандағы элиталық жүгері тұқымын өсіретін «Ернар» ЖШҚ базасында ұйымдастырылды.
Семинарға жиналған қауым алдымен Alem Agro, «Джон Дир», BNK Group, Eurasia Group сынды дүние жүзі мен Қазақстанда белгілі, егіншілікке қажетті техникаларды, тыңайтқыштарды, басқа да химикаттарды тарататын компаниялардың көрмеге қойған өнімдерін тамашалап, «Ернар» ЖШҚ жаңа технологиямен өсіріп, сынақтан өткізіліп, енді жаңа тұқым түрінде өндіріске ұсынылатын Американың «Кортева Агрисаенс Қазақстан» компаниясының «Пионер» жүгері сұрыптарының алқабымен танысты.
«Жалпы АҚШ-та «Кортева» компаниясы 230 жылдан бері басқа дақылдармен бірге жүгері тұқымын өндіріп, әлем елдеріне таратып келеді. Ал компания шығарған жүгерінің «Пионер» сұрыбының өндіріске енгеніне 95 жыл болды. Біздің елде бұл сұрыптың будан бренді 2006 жылдан бері өсіріледі. Осы жолы Жаркентке оның өндіріліп жүрген 6 бренді мен 5 жаңа будан тұқымын диқандарға көрсетуге әкелдік», деді осы компанияның Қазақстандағы агрономиялық қолдау бойынша маманы Нұрлан Құлмұратов.
Жүгерішілердің алқалы жиыны да алқап басында ұйымдастырылды. Семинар жұмысын Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек жүгерінің отаны саналатын Панфилов ауданында өндірісті барынша өркендетіп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға қолдау көрсетіп жүрген, элиталық тұқым тарататын, озық технологиялар мен техникалар, тыңайтқыштар, гербицидтер ұсынып отырған кәсіпорындардың өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Кеңесте Аграрлық несие серіктестігінің Жетісу облыстық филиалының директоры Ізбасар Жүсіпбеков егіншілерге 6-7 пайыздық жеңілдікпен қаржылай қолдау көрсетуге қауқары барын жеткізді. Ал АҚШ-тың «Кортева Агрисианс Қазақстан» компаниясының Қазақстандағы өкілі Татьяна Кудрина осы кеңесте жүгерішілерге таныстырылатын «Пионер» жүгері тұқымдарының жерсінуі мен өнімділігі жөнінде әңгімеледі.
Кеңестің қорытынды сөзі «Ернар» ЖШҚ жетекшісі Тасқын Жапарқұлға ұсынылып, ол қожалықтың сұрыпты сынау телімінде сынақтан өткен «жүгерінің» жаңа тұқымдарына сипаттама жасады. Сонымен қатар қожалық жетекшісі жүгері дақылын өсірудің жаңа технологияларына да кеңінен тоқталды.
Жетісу облысы