Өнер • 21 Қазан, 2022

Сезімді тербеген Секен күйлері

486 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» атты шығармашылық кеші өтті.

Сезімді тербеген Секен күйлері

Қазір қазақ даласында Секеннің «Көңіл толқыны» күйі ойнамайтын күн кемде-кем шығар. Атақты туындысын күйші 24 жасында жазыпты. Одан кейін «Ақ жауын», «Аруана», «Өкініш» сынды бірнеше күй топтамасы жа­рық көрді. Осы жолғы кешін «Ұлы дала» атты туындысымен ашқан күйші «Ақ­жайлау», «Ерке құсым», «Жазғы қар», «Асыл ана» күйлері мен басқа да шығармаларын күмбірлетті. Автор шығармаларын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық фи­лармониясының Қазақ оркестрімен бірге орындады. Қазақ оркестрінің бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Парасат» ордені­нің иегері, профессор Айтқали Жайымов.

«Бұл кешімді Республика күніне арнаймын» деген автордың «Күлтегін», «Көк бөрі», «Дарабоз» атты күйлері бір төбе. Сонымен қатар кеш қонақтары үшін «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жү­сіпова «Төлегетай баба» күйін тартса, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Қиылымхан «Асыл ана» әнін салды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Берді­байдың орындауында Абайдың өлеңіне жазылған «Мен бір жұмбақ адаммын», Гүлмира Саринаның орындауында «Қо­ңыр жел» және өзге де туындылар шыр­қалды.

Секен Тұрысбектің күйлері кезінде Жапония мен Қытайда, Франция мен Ита­лияда халықтың ерекше ықы­ласына бөленгені белгілі. Күйшінің бірнеше шығар­масын қазақ көркем фильм­дерінен тыңдауға болады, соның ішінде «Батыр баян» фильмінің музыкасы Секен күйлерімен сүйемелденген.